Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы қызына тіл тигізген желі белсенділерін сотқа беретінін мәлімдеді

6642
Adyrna.kz Telegram

ҰБТ-ға байланысты басы дауға қалған белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Мөлдір Мұқанова желіде жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауапсыз қалмайтынын, осы уақытқа дейін қызына, отбасына тіл тигізіп, намысын қорлағандардың заңмен жазаланатынын ескертті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бала дегенде әрбір әке-шешенің шығар жаны бөлек. Дәл қазір біздің отбасымызға жасалып жатқан ақпараттық шабуылға үнсіз қалып отырған жоқпыз. Біз іске көштік. Жақында ақ-қарасын дәлелмен ажыратып, халық алдында есеп береміз. Тек уақыт керек. Өмірде жалған жала арқалағаннан асқан сорақылық жоқ екен. Дәл қазір менің ана ретінде жүрегім қарс айырылып жүр. Өзіміздің қазақ бауырларымыздың бізді "халық жауы" етіп көрсетуге сонша талпынып жатқаны күйіндіреді — деп жазды Мөлдір Мұқанова.

Ол жақын арада ашық тұрған жарамызға тұз сеуіп, бізбен қоса баламызды ащы сөз, жалған ақпаратпен тұншықтырып жатқан әлеуметтік желі белсенділеріне налимын деп отыр.

Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" — деп Абай бабамыз келтірген жолдар қай кезде де өзекті. Қазақты жығып беретін, жығылған кезде жұдырық беретін де өз қазағымыз. Халық алдында ұпай жинау үшін, охват пен лайк санын көтеру үшін теріс ақпарат таратқан, жеке бастың құқығын таптаған, бойжеткенге тіл тигізген әр блогер, жазушы, желі белсендісі заң алдында жауапсыз қалмайды. Өмірге өкпелі адамдар өзгелерді сөккісі келеді де отырады. Алла олардың балаларына жар болсын! Руханиятқа бет бұрып, өмірден “мән” іздегендер өзгенің баласына ауыр сөз айтпас еді — деп мәлімдеді Тұрсынбектің жұбайы.

Айта кетейік, бұған дейін белгілі заңгер, адвокат Абзал Құспан Әдемі Тұрсынбекқызының орнына тестілеуге Еуразия ұлттық университетінің екінші курс студенті, грантта оқып жүрген Сымбат Қанай тест тапсыруға кіргенін өз парақшасында жазған болатын. Көп ұзамай бұған байланысты Тұрсынбек Қабатов өзі бұл ақпаратқа қатысты түсінік беріп, болған жайтты растады. Алайда әзілкеш бұл істен бейхабар екенін және заңбұзушылыққа қызын тестке әзірлеген білім орталығының мамандары кінәлі екенін айтты.  Кейін әзілкештің қызын ҰБТ-ға дайындаған репетитор да бар шындықты ортаға жайып салды. Ол оқиғаның қалай болғанын да жасырмай айтып берген еді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер