Қарағанды облысында өрт жағдайының тіркелуі азайды  

1938
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» тілшісі Қарағанды облысы ТЖД-ның өңірді дамыту үшін алға қойған мақсат-жоспарларынан халықты хабардар ету мақсатында департамент бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжановпен әңгімелесті.

 - Қарағанды ТЖД-ға тиесілі техникалардың саны қанша?

- Құтқару бөлімшелерін арнайы техникамен және жабдықтармен материалдық-техникалық жарақтандыру жедел әрекет етуді арттырады және тиісінше халықты қорғау деңгейін жоғарылатады. Құтқару қызметтері облыс халқын барлық ықтимал төтенше жағдайлардан сенімді қорғауды қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысы ТЖД қарамағында 487 техника бар, оның ішінде негізгі, арнайы мақсаттағы, инженерлік және қосалқы автокөліктер. Соңғы 5 жылда автотехника посты 100 бірліктен астам техникамен толықты. 2021-2023 жылдарға төтенше жағдайларды азайту мақсатында жаңа жабдықтар мен техникалар алу жоспарланған.

 - Ал күнделікті неше қызметкер жауынгерлік кезекшілігін атқарады?

- Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті ТЖМ ең ірі аумақтық бөлімшесі ретінде облыс аумағындағы халықтың қауіпсіздігін толық көлемде атқарып келеді.

Бүгінде Қарағанды облысында Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 36 өрт сөндіру бөлімі, Жедел-құтқару жасағының 7 құтқару бөлімшесі, Апаттар медицинасы орталығының 7 трассалық-медициналық құтқару пункті, «Өрт сөндіруші» АҚ 19 бөлімшесі тәулік бойы жауынгерлік дайындықта  тұр. Департаментте  штат бойынша 2326 қызметкер бар.

Қарағанды облысы бойынша күнделікті 300-ден астам жауынгер кезекшілік етеді.

- Биыл облыста өрт жағдайының тіркелуі азайды ма?

- Жыл басынан бері Қарағанды облысының аумағында 637 өрт тіркелді, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрттердің  23,4% - ға төмендегені байқалады (2020 жылы-832 өрт).

Өрт кезінде 33 адам қаза тапты, өткен жылмен салыстырғанда 83%-ға көбейді (2020 ж. - 18 адам). Қаза болғандардың арасында 2 бала бар (2020ж. - 0). 26 адам жарақат алды, өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе өсті (2020 ж. - 11 адам), оның ішінде балалардың жарақаттануы болған жоқ.

2021 жылдың өрт қауіпті кезеңі басынан Қарағанды облысының аумағында жалпы ауданы 75,745 га 27 орман өрті (2020 жылы жалпы ауданы 75,6047 га 18 факт), жалпы ауданы 61534,5 га 303 дала өрттері мен жанулары тіркелді (2020 жылы жалпы ауданы 16697,27 га 231 факт).

- Пандемия Қарағанды ТЖД құтқарушыларының жұмысына қалай әсер етті?

 - Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері пандемияның басынан бастап коронавируспен күресте алдыңғы қатарда болды, тәулік бойы қызмет етті. Карантин жағдайындағы басты міндет ТЖ қызметі бөлімшелерінің жауынгерлік дайындығын сақтау болып табылады, оның негізгі талаптары-тәртіп, төтенше жағдай кезінде санитарлық нормаларды қатаң сақтау және Қазақстан халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезіну.

Карантин кезінде қарағандылық құтқарушылар да коронавирустық инфекция қаупін азайтуға үлесін қосты. Өрт сөндіру бөлімшелерінің техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қарағанды қаласының көшелері бүрку әдісімен дезинфекциялық ерітінділермен өңделді.

Сонымен бірге, Департамент бөлімшелерінің жеке құрамы арасында санитарлық бақылау күшейтіліп, инфекцияның таралуын алдын алу бойынша және карантин шараларының сақталуы бойынша іс-шаралар өткізіліп жатыр. Айта кету керек, жеке құрам жеке қорғану және дезинфекция құралдарымен қамтамасыз етілді.

- Құтқарушы болу үшін қандай қасиеттерді бойға сіңіру қажет? Бұл мамандыққа сұраныс қаншалықты көп?

 - Қауіпті жағдайлар туындаған сәттерде ерлік көрсетіп, қатерден адам жанын арашалап қана қоймай, одан әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құтқарушы мамандары қашан да құрметке лайық. Осы мамандық иегерлері өзгелерді құтқару жолында өз басын қатерге тігіп, құрбан болуға дайын жандар. Сондықтан ең мықты, қайсар да батыл жандар ғана өмірлік қызметі ретінде құтқарушы болуды таңдайды.

Нағыз ер азаматтарға ғана тән құтқарушы қызметі жүректілік пен батылдықты талап етеді. Олардың бойында жеделділік, тәртіптілік, темірдей қажырлылық болуы керек.

Құтқарушы қызметі психиологиялық тұрғыдан өте қиын жұмыс. Себебі құтқару кезінде олар әр түрлі адамдардың қайғылы жағдайларына куә болады. Мұндай күйді күн сайын басынан кешетін құтқарушыларға оңай емес. Алайда құтқарушылардың сөзінше, адамды өлімнен сақтап қалған кез қызметіміздің ең жағымды сәті дейді.

Жастар арасында құтқарушы мамандығына деген қызығушылық артуда. Бүгінде 347 үміткер жұмысқа тұруға ниет білдірген.

- Сұқбатыңызға рақмет!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер