А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек қайтыс болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Әлімхан Жүнісбек 1938 жылы 12 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы (қазіргі Отырар ауданы), Қарғалы аулында туған. 1955 жылы Түркістан қаласындағы № 19 қазақ орта мектебін бітірген. 1958 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шыққан.
Ол қазақ фонетикасына, орфография мен орфоэпия мәселелеріне, сингармонизм теориясына еңбек сіңірген ғалым. Жалпы, түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш (просодика слова) мәселесі; қазақ тіліндегі сингармонизм (үндесім түрленім) заңы; қазақ тілінің артикуляциялық базасы (моделі) құрамындағы артикуляциялық үлгілер; қазақ тіліндегі буын және морфеманың дыбыс құрамы мен желісі (линейная величина); латын әліпбиіне көшу мәселелері; қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесі мәселелерімен айналысты.
Сингармониялық бағыт Ә.Жүнісбек еңбектердің арқасында қалыптасып, ғылыми айналымға түсіп, қалың оқырманға танымал болды. Негізгі еңбектері: «Қазақ грамматикасы» (сегментті фонетика бөлімі). Астана, 2002; «Қазақ фонетикасы». Алматы, 2009; Введение в сингармоническую фонетику. Алматы, 2009. Қазақша-орысша фонетикалық сөздік. Орал, 2009), «Қазақ тіл білімінің мәселелері», Алматы, 2018. Түркі тілдерінде сөздік екпіннің жоқ екендігін дәлелдеп шыққан. Қазақ тілі үндесім (сингармониялық) тіл болғандықтан, оның дыбыс құрамына тән ұғымдар мен атаулардың өз ерекшелігін көрсете білді. Мыңнан аса фонетикалық атауларды құрастырып, айналымға ендірді.
2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Нұр Отан» ХДП-ның ІІ дәрежелі Дипломымен (2009) марапатталған.
«Адырна» ұжымы марқұмның туған-туыстарына көңіл айтады.