Атыраудың академиялық театры халықаралық бәйгеде топ жарды

1179
Adyrna.kz Telegram

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Түркияда өткен ХІ Халықаралық түркі тілдес елдердің театр фестивалінде жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» драмасын сахналап, «Ең үздік спектакль» аталымын жеңіп алды.

Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген қойылымның режиссері Мұқанғали Томанов. Әлемнің шоқтығы биік 24 театрының ішінен үздік атанып, қазақ өнерінің даңқын аспандатты. Түркиялық көрермендер өнерпаздарға тікесінен тұрып, қошемет көрсетіп, алғыстарын айтты.

Тіл білмесек те түсініп көрдік. Тамашалағанымызға қуаныштымыз. Бұл расында да ең үздік спектакль болды. Театр актерлері де өздерінің асқан шеберліктерін танытты. Антальяға келіп қатысқандарыңызға алғысымызды білдіреміз. Келесі фестивальдерде де күтетін боламыз.  Сіздер өте бауырмал командасыздар. Актерлер, режиссер, қоюшы режиссер барлығы дерлік талантты мамандар. Фестивальдегі үздік қойылым сіздердікі болды, көңіліміз босамай қарау мүмкін болмады, – деген көрермендер, жерлестерімізден бір сәтке де ажырамай әрбірімен сұхбаттасып, жүрекжарды пікірлерін білдіріп жатты.

Пікірлер