Қызметі тегін: Атырауда алғашқы маммологиялық орталық ашылды

1134
Adyrna.kz Telegram

Медициналық мекеме жылына 8 мыңға дейін әйелді онкологиялық ауруларға тексеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бүгін, 25 маусымда еліміздің Бас онкологы Диляра Қайдарова мен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың қатысуымен алғашқы маммологиялық орталықтың ашылуы өтті. Медициналық мекемені техникалық жабдықтау толығымен «Olimp Medical Group»ЖШС өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Маммологиялық орталық науқастарға тегін қызмет көрсетеді.

Бүгінде Атырау облысы онкологиямен аурушаңдық бойынша 13-ші орында, жыл сайын өңірде 700-ден астам жаңа онкологиялық науқастар анықталуда. Қазір 4 мыңға жуық пациент облыстық онкологиялық диспансерде есепте тұр. Бірінші стадиядағы сүт безі қатерлі ісігі бар науқастарды анықтау деңгейі өте төмен . Енді жаңа орталықтың арқасында ауруды ерте кезеңде анықтай аламыз, – деді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.

Еліміздің Бас онкологы Диляра Қайдарованың айтуынша, мұндай мамологиялық орталықтарды ашу әйелдер арасында скрининг жүргізу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Атырау облысында бұл қызметтер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көрсетілетін болады. Енді өңірдің әрбір тұрғыны тегін мамографиядан өте алады.

Біздің елімізде осындай 23 маммологиялық орталық ашылды. Атырауда ашылған «Divera» орталығында гормондық және молекулярлық-генетикалық зерттеулер жүргізуге болатын клиникалық-диагностикалық зертхана бар. Томосинтездің процедурасы өлшемі 1 мм дейінгі қатерлі ісікті анықтауға мүмкіндік береді.Барлық суреттер онкология институтына қайта оқу және нәтижелер сапасын бақылау үшін жіберілетін болады, – деді Диляра Қайдарова.

Айта кету керек, жаңа маммологиялық орталықтың жұмысы медициналық қызметтердің қолжетімділігін , онкологиялық ауруларды анықтаудың тиімділігін арттыруға бағытталады, бұл өз кезегінде Атырау облысындағы әйелдердің өмір сүру ұзақтығына оң әсер етеді.

Заманауи жабдықтардың көмегімен мұнда жылына 8 мыңға дейін зерттеу жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл онкологиялық ауруларды диагностикалаудың , әрі қарай емдеудің, сайып келгенде, онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың өмір сүруін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Орталық Нұрсая 1 өткелі мекен-жайындағы «Olimp medical» клиникасының ғимаратында орналасқан.

Пікірлер