Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жастар тарихи орындарға жаяу жорық жасады

2659
Adyrna.kz Telegram

30 шілде күні Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Форт-Шевченко қаласының жастары тарихи орындарға жаяу жорық жасады.

Жорықтың мақсаты - қаланың мәдени-тарихи орындарын, олардың құндылығын жастарға таныстыру болып табылады.  Жастардан құралған жаяу жорық жасағы сәулет құрылысының сирек кездесетін ескерткішіне жататын, ұста Ідіріс Серікбаевтың үйіне, қазақ, түрікмен, орыс, украин халықтарының бірлесе отырғызған орталық саябағына, Новопетровск қамалының қирандылары сақталған орын мен готикалық стильде салынған тарихи «Көк мектеп» ғимаратына барды. Бұдан бөлек, жаяу жорық жасағы жүріп өткен жерлер тізімінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының мемориалы да, 1909-1911 жылдары салынған Ақмешіт ғимараты да бар.

«Маңғыстау тарихының қарашаңырағы саналатын Түпқараған ауданы тарихи орындарға бай екені белгілі. Мұндай орындар Форт-Шевченко қаласының аумағында да көп. Біздің мақсатымыз – осы орындарды қастерлей білуді, тарихын жадымызға тоқып, өзге замандастарымызға таныстыра жүруді көздеу. Жаяу жорығымызға 30 жасты тарттық. Олардың бүгін санасын сергіп, тарихи мәліметтерге қаныққанына сенімдімін. Меніңше, елді сүю үшін алдымен тарихыңды білуің қажет деп ойлаймын»,- дейді ұйымдастырушы, Түпқараған аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Тәжбенова Гүлғасира.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер