Қазақстанда 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысын 561 мың теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға берген жауабында айтты. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру көзделіп, 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақының 2,5 еселенген деңгейіне дейін жеткізу көзделгенін еске салды.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтерді ұсыну тарифтері көтерілді, сәйкесінше дәрігерлердің жалақысы жыл сайын орта есеппен 30% -ға көтеріліп отырылды. Дәрігерлердің жалақысын 246 мың теңгеден (2020 ж.) 561 мың теңгеге (2023) дейін көтеру жоспарланып отыр», – деді Тоғжанов.
Премьер-Министрдің орынбасары 2021 жылға дейін медициналық кадрлардың жетіспеушілігін төмендету үшін жол картасы бекітілгенін айтты.
«Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері үкімет отырысында қаралды және әкімдіктерге медицина қызметкерлерін қаржылай ынталандыру шараларын қабылдау тапсырылды», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
"Адырна" ұлттық порталы