Жазушы, ақын Софы Сматаевтың жары өмірден өтті

6924
Adyrna.kz Telegram

Заманымыздың көрнекті жазушысы, ақын, драматург Софы Сматаевтың жары Шәмшия Сматаева өмірден өтті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл ақпаратты қазақ радиосының сандуғашы атанған диктор Сауық Жақанова растады.

«Жуырда ғана Софы ағамыздың 80 жылдық мерейтойында жеңгемізбен кездесіп, дастарқандас болған едік. Ол кісі сондай ақжарқын, мейірімді, көпшіл адам еді. Мен өз өмірімде ол кісіні екі-ақ рет көрдім. Ол кісінің болмысы өзгеше еді. Софы ағамызды ерекше сыйлайтын, жағдайын жасап, қас-қабағына қарап отыратын. "Көп нәрсе шығармашылық адамының өмірлік жарына байланысты" деген сөз бар, сол сияқты Софы ағамыздың осындай атақ-абыройға жетуіне отбасындағы жарының да үлесі зор деп ойлаймын. Қаралы хабарды естіп, біраз қайғырып қалдық. Алла алдынан жарылқасын", — деді С.Жақанова.

Шәмшия Сматаева жайлы басылым беттерінде көп дерек болмаса да, ол кісі туралы Софы ағамыздың бір сұхбатында айтқаны ел жадында сақталып қалды деп ойлаймыз. Ол:

«Жан жарым – ақ бантигі көз алдымда көбелектей көлбеңдеген, жастайымыздан бір ауылда бірге өсіп, бір үмітке бірге ілескен, бір арманды бірге аңсаған Шәмшия ханым. Қос жүректегі ыстық іңкәрлікті қосып алып, ақ отауымызды көтеріп ақ ордаға айналдырдық десем, артықтау болмас та. Шектен тыс көбейген ыңқыл-сыңқылымның, кесел-дертімнің емшісі – жан жарым, Шәкемнің-Шахминамның бәйек болғыш тірлігі, аялағыш алақаны», — деген болатын.

Сондай-ақ ол зайыбымен өмірде тату-тәтті ғұмыр кешіп, Алмас, Манас, Жанар есімді ұл-қыз өсіргенін айтқан.

Біз жазушы ағамызға, оның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер