Еліміздің белгілі профессоры қайтыс болды

6306
Adyrna.kz Telegram

23 шілде күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымының докторы, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Рысбекова Шәмшия Саидғалиқызы бақилық болды.

Рысбекова Шәмшия Саидғалиқызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің түлегі. 1993 жылы Қазақ философиясының тарихы бөлімінде кіші ғылыми қызметкері болып, ғылымдағы еңбек жолын бастады, Философия және саясаттану институтының аспирантурасында оқып, ғылыми зерттеулерін жалғастырды. Аспирантураны аяқтаған соң Басқару және экономика академиясында «Философия және тілдер» кафедрасының «Философия» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Философия ғылымы саласынан «Абай философиясындағы адамның мәні мен мақсаты» тақырыбында кандидаттық, «Қазіргі діни философиядағы антропологиялық дискурс» тақырыбында докторлық диссертация жұмысын табысты қорғады. 2003 жылдан бастап қайтыс болғанға дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және ғылым әдіснамасы кафедрасында (кейіннен дінтану және мәдениеттану кафедрасы) жұмыс істеді.

Рысбекова Шәмшия Саидғалиқызы 100-ден астам ғылыми еңбектің, 3 монография және 15 оқу құралының авторы. Автордың халықаралық рейтингісі жоғары ғылыми журналдарда (Web of Science, Thomson Reuters) 15-ке жуық ғылыми мақаласы жарияланған. Сонымен бірге отандық және шетелдік ғалымдардың назарын өзіне аудартқан «Заманауи Қазақстанның саяси процесі контексіндегі ислам» (Париж, 2012 ж.), «XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында өмір сүрген қазақ ойшылдарының адам болмысын байыптау тұрғысындағы мұрасы мен мирасы» (2016 ж.), «Конфессиялардың қауіпсіздігі мемлекеттік-конфессиялық саясаттың негізгі міндеті» (2016 ж.), «Ою-өрнек этностардың бейвербалды коммуникациясының айрықша белгісі» (2016 ж.), «Ритуал және діни бірегейлікті конструкциялау» (2016 ж.), «Қазақ ағартушыларының патша өкіметінің діни экспаниясына қарсы күресі» (2015 ж.), «Contours of attitude of adolescents towards religion and religions identification in Kazakhstan» (2016 ж.), «Politikal aspects of a missionary aktimty of neoprotestant organizations» (2016 ж.), «Tolerance issue in Kazakh Сulture» (2016 ж.), «Cemiotik Analysis of the Yurt, Clothing, and Food Eating Habits in Kazakh Traditional Cultures» (2016 ж.) тақырыбындағы мазмұнды зерттеулері жарық көрді. Білікті ғалым сондай-ақ іргелі гранттық жобалар аясында бірнеше ғылыми зерттеумен айналысып, отандық гуманитарлық ғылым саласына қомақты үлес қосты.

Шәмшия Саидғалиқызы гуманитарлық ғылым жолындағы тұғырлы ізденістері, болмысы бөлек ұстаздық келбетімен факультет пен кафедраның профессор-оқытушылары мен шәкірттері арасында беделді, сыйлы ғалым-ұстаздардың бірі болды. Адамшылық қасиеті, ғалымдық тұлғасымен, мазмұнды, қызықты дәрістерімен шәкірттерінің жан дүниесін баурап алатын ғалымның жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің ұжымы Рысбекова Шәмшия Саидғалиқызының орны толмас қазасына байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына қайғырып, көңіл айтады.

Пікірлер