Қазақстан әлемдік саясаттың қай бағытта өзгеріп жатқанын көріп, сараптап, бағамдап отыр. Геосаяси жағдай күрделеніп, қырғи-қабақтық артуда. Әлемнің бірде-бір елі өзін толық қауіпсіздікте сезіне алмайды. Оған түрлі факторлер әсер етуде. Терроризм, діни экстремизм, бөліп ал да билей бер принципін ту еткен сепаратизм, соғыс жарияламай өзгенің жерінде әскери қимылдар жүргізетін гибридтік соғыс және басқалар. Бұл қауіптерден ешқандай мемлекетаралық құжаттар, халықаралық келісімдер, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі мен заңдар сақтай да, қорғай да алмайды. Оған жерінен айырылған Украина, лаңкестіктің құрбаны болған Таяу Шығыс елдері дәлел. Бұл қауіпте мемлекеттер жалғыз. Оларды тек қана өздері қорғайды. Мемлекеттегі тыныштық пен бейбітшіліктің кепілі тек қана қуатты, кәсіби, жылдам әскер болмақ. Бұл шындық.
Қазақстан барлық қауіпті ескере отырып, әлем елдерінің қорғаныс саласының тәжірибелерін жинақтап, үнемі ізденіс үстінде келеді. Өйткені қауіптің түрі артқан сайын, әскерді сол қауіпті залалсыздандыруға бейімдеп отыру аса маңызды. 2014 жылы Украинада сепаратизм бас көтеріп, елдің шығысы отқа оранды. Әр аймақта қарулы бүлікшілер елдің тыныштығын бұзып, мемлекеттің тәуелсіздігін шайқалтты. Әрине оған сыртқы күштердің әсері жоғары болды. Отты кім жағып, шоқты кім үрлегенін жақсы білеміз. Міне, сол сәтте Киев қауіпті аймақтарға әскери күш жіберіп, жылдам әрекет етуде кеш қалды. Себебі тұрақты әскер саны аз, ал резервтік әскери жүйе қалыптаспаған еді. Резервтік әскери жүйені Киев тек қана 2017 жылы нақты қалыптастыра алды.
2011 жылы Сирияның әр аймағында көтеріліс бұрқ етті. Артынша наразы халықтың арасына лаңкестік ұйымдар кіріп, елдің берекесін қашырды. Сирияның да қорғаныс жүйесінде жанған отты жылдам сөндіріп, ел тыныштығын сақтап қалатын жылдам әскери жүйе жоқ еді. Оның соңы неге әкелгенін жақсы көріп отырмыз.
Қазақстан аталмыш қауіптерді ескере отырып әскери салада үлкен модернизациялау, реформалар жасауда. Ескі қару түрлерін жаңалау, жаңа қару түрлерін сатып алу, әскери форманы жетілдіру мен заманауи тактикаларды сарбаздарға үйрету, тәжірибе алмасуды арттыру, жаңа технологияларды қорғаныс саласына енгізу іске асуда. Енді міне Қазақстан қорғаныс саласы резервтік әскерді жасақтауға қатысты ұсыныстар жасап, оны заң жүзінде бекіту жұмыстарын бастады. Ол дегеніміз не?
Қазақстанда резервтік әскер болмақ. Бұл тұрақты әскерден бөлек, келісімшарт арқылы қызмет ететін (контрактник) сарбаздардан өзгеше. Ұқсас, алайда айырмашылықтары бар. Резервтік әскерге еліміздегі кез келген азамат шақырту алуы мүмкін. Шақыртуды қабыл алу ерікті түрде болады. Ол дегеніміз азамат шақыртуды қабыл алып, әскери бөлімшемен келісім жасасып, резервтік әскерге қосылады немесе одан бас тартады. Күштеу, мәжбүрлеу жоқ. Отанды қорғау жүрек қалауымен болатын дүние.
Резервтік әскерге шақырылып, оны қабыл алғандар әскери бөлімшемен тура 3 жылға келісім жасасады. Шақырту барысында әскери институт, оқу орнын бітіргендер мен әскери қызметте болғандарға басымдық беріледі. Дәл сол сияқты әскери қызметте болған әйелдер қауымы да қатыса алады. Яғни бұл тұрғыдан демократиялық құндылықтар, теңдік принципі, гендерлік теңдік жүйесі сақталған. Резервтік әскерге кірген жандарға біршама материалдық игіліктер бар. Үш жыл бойы ай сайын ең төменгі жалақы көлемінде қаржы түсіп отырады. Ол қазіргі жағдайда 42500 теңге. Ал дайындық барысында алатын айлығының тең жартысын мемлекет төлейді. Әскери дайындық жылына 2 мәрте 60 күн болады. Бұл дегеніміз әр әскери дайындыққа шақырту ұзақтығы бір айды құрайды деген сөз. Әскери дайындықта болған сәтте, резервисті жұмыс орны жұмысынан шығара алмайды. Оны заң жүзінде қорғайтын механизм қарастырылуда.
Резервтік әскердің мобилизация кезеңіндегі әскерден айырмашылығы жылдамдығы мен кәсібилігінде. Ұрыс жағдайында әскери міндеттілерді майданға шақырту біршама ұзақ уақытты алады. Оларды әскери бөлімшеге шақырту тізімін жасау, шақырту, тіркеу және арнайы дайындықтан өткізу кемі 1-2 айға созылатын процесс. Ал резервтік жүйедегі әскер бірден әскери бөлімшеге келіп, қаруын асынып, отанды қорғауға бір-екі күннің ішінде аттанып кетеді. Өйткені онда жылына екі мәрте қайталайтын әскери дайындық пен тактика, ұрысқа деген сақадай сайлық бар. Резервтік жүйедегі әскер ұрыс даласына жылдам жетеді, сол арқылы маңызы бар позицияларды ұстап қалады.
Резервтік әскерді қашан енгізетіні нақты белгілі емес. Жоспар бойынша парламентте талқыланып, арнайы заң болып бекітілгеннен кейін, алғашқы шақыртулар 2024 жылдың ортасы мен 2025 жылдың басында болмақ деген жоспар бар. Бастапқыда 1000 сарбаз шақыртылмақ. Кейіннен олардың саны артпақ. Резервтегі әскер жаңа тактика, заманауи қару түрлерін, стратегияны меңгеріп шықпақ.
"Адырна" ұлттық порталы