Алаш ұстанымы – ұлт мұраты

4457
Adyrna.kz Telegram

Адамзаттық тарихтың асыл арқауы – азаттық пен жасампаздық жолы. Оның негізін – бірлік пен татулық, достық пен тұтастық құрайды. Арғы-бергі тарихта, өркениет дамуында азаттықты ту еткен, бостандық жолын мұрат еткен, осы бағытты таңдаған ұлт пен ұлыстар көп-ақ. Алайда, азаттық жолына түсу, тәуелсіздік мұраттарына қол жеткізу оңай болмағаны анық. 
Ел тарихы мен дамуында – Алаш жолы, азаттық пен тұтастық мәселесі кең орын алады. Бұл – тәуелсіздік кезеңінде маңызды факторға айналды.
Қазақстан тарихнамасында ұлт зиялыларының азаттық пен бостандық жолындағы ерен еңбектеріне кең орын беріледі. Бұл ретте, әрине ХХ ғасыр басында қазақ оқығандарының қоғамдық өмірге, руханият салаларына еркін еніп, бұл бағыттарда елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етуі үлгі етуге лайық. Біртұтас ұлттық мемлекет құру – Алаш идеясының басты ұстанымы болды.
Алаш жолы – ұлт тарихының айнасы, елдік мұрат-мүдденің асыл арнасы. Ел тарихының арғы-бергі кезеңінің өрнекті өрісі, азаттық арқауы. Ұлт тәуелсіздігі – қоғамның барша саласына соны серпін берді. Өмір мұраты айқындалып, адам еңбегіне көп көңіл бөлінді. Мәдени-рухани арналар айқындалып, жаңа бағыттар белгіленді. Зерттеу мен зерделеу ісіне кең өріс ашылды. Ұлт мұраты мен елдік мүддені, тәуелсіздік тағылымын баянды ету сынды кәделі де сауапты істер, қалың көптің арман-аңсарларына негізделген игілікті де ізгілікті қадамдар алдыңғы кезекке шықты.

Алдымен айтарымыз, ел егемендігі тұсында — «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халықтың тұтастығы мен ұлттық тарих» жылдарының // 1997, 1998 // ғибраттық-тағылымдық қырлары айқындалып, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң күшіне енуі // «Егемен Қазақстан» 1998, 6 қаңтар// арғы-бергі кезеңдердегі халқымыздың тағдыр-талайын, әдеби-мәдени һәм рухани салалардағы танымал тұлғалардың өмірі мен еңбегін, қоғамдық қызметтерін қайта қарап, жаңа қырларын ашу ісінде көп көмегі болды. Бастысы, әрине 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Еліміздің жер-жерінде жазықсыз жазалағандарды еске түсіретін мемориалдық ескерткіштер ашылды. Аза кітаптары жарық көріп, қалың көпке жетті.
Келесі кезекте еске түсіретін жайт­тар­дың бірі – «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мағжан Жұмабаев­тың, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасын зерттеу жөніндегі комиссия­сының қоры­тындысы» да көпке жеткенін айту ләзім.
Онда, әсіресе М. Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың, Ж. Аймауытовтың шығармашылық мұрасы туралы кең көлемдегі мәлімет, дерек көздерімен қатар, атқарылар ауқымды іс-жұмыстарға да жан-жақты орын берілген: «Жазықсыз жазаға ұшырап, республикада отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың, социалистік заңдылықты бұзудың құрбаны болған аса көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың, ірі ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсыновтың, қазақ романының негізін салушылардың бірі, белгілі лингвист, ақын-аудармашы Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасын зерттеген комиссияның жұмыс қорытындыларын қарай келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросы комиссияның М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби қызметі туралы тарихи шындықты толық көлемінде қалпына келтіру, олардың жеке шығармаларын, зерделеу жөніндегі тұжырымдарымен келісті, республикалық газеттердің, журналдардың редакцияларына, Қазақ КСР Телевизия және радио хабары жөніндегі мемлекеттік комитетіне олардың өмірі мен шығармашылық қызметі туралы мақалалар сериясын жариялау, радио мен телевизиядан хабарлар циклын ұйымдастыру ұсынылды. Орталық Комитетінің Бюросы сондай-ақ, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетіне Қазақ КСР Ғылым академия­сының Тіл білімі, Әдебиет және өнер инсти­туттарымен бірлесе отырып, М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың және Ж.Аймауытовтың таңдамалы шығар­малары мен ғылыми еңбектерін әзірлеп, басып шығаруды тапсырды».
ҚК ОК қорытындысынан соң-ақ қазақ әлемінде, тарихы мен руханиятында жаңа бағыттар айқындалды. Соны зерттеулер мен зерделеулерге кең өріс ашылды. Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің // мысалы, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытұлы, Ж.Ақбаев, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, С.Қожанов,Т.Рыс­құлов, Н.Төреқұлов, С. Сәдуақасұлы, Б.Сыртанов, т.б. // қоғамдық қызметі мен кезеңі, өмірі мен шығармашылық мұрасы іргелі ізденістердің, алуан бағыттағы зерттеулердің арқауына айналды. Алдымен, Алаш арыстарының «Шығармалары» жарық көрді //1998-1990 ж.ж.//, көптомдықтары басылып келеді (1995-2017). Зерттеу мен зерделеу ісі- жеке жинақ пен ұжымдық еңбектерден, кітаптар мен библиографиялық көрсеткіштерден орын алды (мысалы, Алаш-Орда. Сб. Документов. Состав: Н. Мартыненко.- А, 1992; Алаш мирас. Құжаттар жинағы.-А, 1993; Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. 1-3 том. -А, 2004-2007 ж.ж; Алаш ақиықтары. Құраст: Т.Жұртбай. -А, 2006; Бес арыс. Естелік, мақалалар. -А, 1992; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия.-А, 1997-2000; 2005; Алаш қайраткерлері. Көрсеткіш. – Астана, 2004; «Алаш» қозғалысы. Анықтамалық.-А, 2008;Город Алаш(Сборник документов).-Семей,2010. 366 стр;Восточное отделение правительства Алашорды (Сборник документов). – Семей, 2010. 420 стр; Алаштану мәселелері (Ғылыми жинақ). – Семей: Таным, 2010. 420 бет; Алаш туы астында.Танымдық басылым. – Астана: Арман Медиа, 2013. 198 бет; ХХ ғасырдағы Алаштың ақ жолы. – Алматы: Экономика, 2013. 248 бет, т.т.).
Алаш арыстарының қоғамдық қызметі мен кезеңі, өмірі мен шығармашылығы – «Қазақстан жазушылары: ΧΧ ғасыр» //анықтамалық// – (Алматы: Ана тілі, 2004. 392 бет), «Әдеби өмір шежіресі» //Құраст: Ә.Нарымбетов. Алматы: Ана тілі, 2005. 448 бет; Әдеби өмір шежіресі (2007-2012). – Алматы: Ан-Арыс,2012. 408 бет)// атты көлемді кітаптардан да кең орын алып,тарих пен таным арналарының сыр-сипаттары ашылады.
Отандық тарих пен білім-ғылым жүйесінде – Алаш тарихы мен тағылымы, Қазақстандағы алапат аштық пен қуғын-сүргін сырлары, ұлт тәуелсіздігін арман-аңсарларына айналдырған танымал тұлғалардың өмірі мен кезеңі, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұралары: Ғ.Ахмедовтың «Алаш «Алаш» болғанда» – 1996, К. Нүрпейісовтың «Алаш һәм Алашорда» – 1995, Т.Кә­кішұлының «Мағжан-Сәкен» – 1999, С.Қи­рабаевтың «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет»-2001, М. Қозыбаевтың, «Ақтаңдақтар ақиқаты» – 1992, М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» – 1995,Ш.Елеукеновтің «Мағжан» – 2008, Д. Досжанның «Абақты» – 1992, Р.Нұрғалидің «Әуезов және Алаш» – 1997, Т.Жұртбайдың «Талқы» – 1997; «Ұраным…Алаш!» – 2008, Т.Қаратаевтың «Алаш және Алашорда» – 1990, Д.Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» – 2002, Р.Тұрысбектің «Жүсіпбек» – 1997, «Ар айнасы» – 2000, А.Ісмақованың «Возвращение Плеяды» – 2002,Х. Оралтайдың «Алаш» – 1971, Т.Омарбековтың «Зобалаң» – 1994, С.Өзбекұлының «Арыстары Алаштың» – 1998 т.б. ізденіс, еңбектерінен жан-жақты көрініс тапты. БАҚ жүйесі мен мұрағат материалдары, естелік-әңгімелер мен хат жазбалары, т.т. кең көлемде қамтылды. Зерттеу мен зерделеуге, тану ісіне кең орын берілді.
Сондай-ақ «Мұстафа Шоқай» (Таңдамалы, 2 том ) 1998; Д.Қыдырәлиевтің «Мұстафа Шоқай» – 2007; Шәкәрім (энциклопедия) 2008; Шәкәрімтану мәселелері (1-6 кітап), – 2006-2008; Ғ.Есімнің «Данышпан Шәкәрім» – 2008; Б.Әбдіғазиұлының «Шәкәрім» (Ғұмырнамалық баян) – 2008; Е.Сыдықовтың «Шәкәрім және Алашорда». – 2008; «Алаш қаласының тарихы». – 2010; Қ.Салғараұлының «Ұлы Қағанат» – 2008; А. Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» – 2008; А. Ісмақованың «Алаш әдебиеттануы» – 2009;Д.Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» – 2002; Р.Тұрысбектің «Жүсіпбек» – 1997; С.Сүтжановтың «Алаш және түркі рухания­ты» – 2008; Т.Жұртбайдың «Біртұтас Алаш идеясы» – 2014, т.б. зерттеу еңбектерінде Алаш мұраты, оның көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылық мұрасы, көркемдік құпиясы мен эстетикалық мұраттар, уақыт пен кеңістік сырлары, тарих пен тағдыр-талайы, т.т. жан-жақты танылады. Қысқасы, еске алған еңбектер – тәуелсіздік кезеңінің оңды қырларымен қатар, Алаш мұратын, мұрасы мен мирасын танып-талдауға, зерттеп-зерделеуге батыл қадамдар жасайды.Тұғырлы тұлғалардың есімі мен еңбектерін еске алады. Оны кең көлемде қарастырып, танып-талдап, зерттеп-зерделеудің жаңа бағыттарын айқындайды. Ал басты еңбектердің қатарында 2004-2008 жылдары жарық көрген – «Қазақ әдебиетінің тарихын» (он томдық) атаған жөн.
Алаштың арман-аңсарын асқақтатып, мақсат-мұраттары мен мұра-мирастарын жинап-жариялауда, зерттеп-зерделеуде әрі қалың көпшілікке жүйелі жеткізу мен насихаттау ісінде – ЖОО-да, атап айтқанда: ҚазҰУ-де «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, ЕҰУ-де «Алаш» институты, Семейдегі «Алаш-Семей» ғылыми-зерттеу орталығы, т.т. айтарлықтай еңбек етуде. Алаш мұратына, мұрасы мен мирасына қатысты құжат-материалдар, әрі алуан тақырыптағы жинақ-кітаптар мен ғылыми-теориялық конференциялардың мақсат-мазмұнынан елдік мүдде, игілікті істер мен ізгілікті қадамдар, жанашырлық пен жауапкершілік сынды сипаттар терең танылады. Асылы, Алаш мұратын, арман-аңсарларын өмір-уақыт шындықтарымен, тарих таразысы тұрғысынан танып-талдауды мақсат етуімен бірге қоғамдық-кезеңдік көріністерді, мәдени-рухани арналарды кешенді сипатта, ұлттық мүдде аясында сабақтастықта көрсету – бүгінгі күннің басты мәселелерінің қатарына жатады. Өйткені осы кезең тұсында: «…Отаршылдыққа қарсы күрес, елдің тәуелсіз даму жолына түсуі, алдыңғы қатарлы елдерге теңелу, оқу-білім үйрену, халық тұрмысының ауыртпашылықтарын ашына сөз ету бүкіл дәуір әдебиетінің ерекшеліктеріне айналды».
Отызыншы жылдар ойраны, нәубет пен зұлмат зардаптары да ел еңсесін түсіріп, алапат аштыққа ұрындырды,қуғын-сүргінге түсірді.
ХХ ғасыр басындағы ақпан және қазан революциясы, Уақытша үкімет, большевиктер әрекеті ұлт зиялыларының бірігіп, азаттық пен бостандық жолына түсуге әсер етті.Бағыттарын айқындап, ұстанымдарын нығайтты. Нәтижесінде, 1917 жылдың 21-26 шілде мен 5-13 желтоқсандағы жалпықазақ сьездері, ондағы мемлекеттік құрылым, жер мәселесі, халық милициясы, оқу, дін, сот т.с.с. мәселелердің қозғалуы – Алаш тарихын, ұлт зиялыла­рының табандылығын, бастысы азат ел, тәуелсіз мемлекет құру жолындағы бағыттарын танытады. Еске түсірсек, биылғы жылдың айшықты, мерейлі тұсы – Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына – 100 жыл (Орынбор, 1917, 5-12 желтоқсан). Бастысы, бұл тұста – Қазақ автономиясын құру, үкіметін қалыптастыру мақсат етілді. Ел-жерге қырағылық таныту, тарих пен дәстүр, руханият ісіне адалдық пен жанашыр­лық басым бағыт алды. Ұлт азаттығы, тә­уелсіз мемлекет құру – басты бағыт, берік ұстанымға айналды. Ақиқатында: «Қоғамдық белсенді әрекетке, негізінен ХХ ғасыр басында шыққан бұл толқын 1905 жылы алғашқы орыс революциясы, 1917 жылғы ақпан, қазан революциялары, өкімет басына большевиктердің келіп, кеңес өкіметінің орнауы секілді аспан жарылып, жер сілкінгендей ғаламат жарылыстар тұсында қайрат көрсетті. Осы ұлы ағыстардың баршасы олардың жеке өміріне, қоғамдық, шығармашылық тағдырына ықпал жасап, терең із тастады».
Анығында, әрине, ХХ ғасыр ба­сындағы алғашқы ширегінде дүбірлі дәуір, революциялар тұсында қоғамдық құбылыстарға үн қатумен бірге біліми-ғылыми арналарға, мәдениет өрісіне Алаш арыстары, қайраткер-қаламгерлері сүбелі үлес қосты. Атап айтқанда, осы тұстағы Алаш қайраткерлері һәм қаламгерлері арасында – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Д.Әділев, А.Байтасов, А.Байдилдін, Х.Болғанбаев, Ғ.Бірімжанов, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Қ.Кемеңгеров, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Т.Рысқұлов, Е.Омаров, М.Тынышбаев, М.Шоқай, т.б. ұлт мұраты жолына, азаттық идеясына, дербес мемлекет құру ісінде ерен еңбек етті. Бастысы, олар «Қарқаралы құзырхатын» дайындады. Алаш қозғалысына, ұлттық партия құруға, Үкімет жасақтауға қатысты. Алаш әскерін құрды.Нәтижесінде, Алашорданың заң, қаулыларында – ел мен жер жайын, азаттық һәм бостандық мәселесін, азық-түлік, оқу-ағарту, милиция, ұлт кеңесі, муфтилік , халық соты, ауыл басқармасы, руханият ісін, баспасөз бен дінді, тарих пен таным тоғысын, салық жүйесін өткір көтеріп, кеңінен қозғады. Осы реттен келгенде, Алаш арқауы – азаттық, бостандық, тәуелсіздік мұраттары болатын-ды. Алаш арыстарының бастауында тұрған Ә.Бөкейханша айтсақ: «…Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деген берік ұстанымы қазіргі кезеңде де ұлтқа адалдықты, жанашырлық пен жауапкершілікті танытса керек.
Асылы, Ә.Бөкейхан – 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған петицияны ұйымдастырушылардың бірі. 1-Мемлекеттік Думаға депутат болса, А.Байтұрсынов әлеуметтік өмірге, мәдени-рухани салаларға үлкен үлес қосты. Ұлт баспасөзіне (« Айқап», «Қазақ») белсене араласты. Біліми-ғылыми бағыттарда ерен еңбек етіп, мол мұра қалдырды. Ж.Ақбаев, Х.Досмұхамедов әртүрлі мамандық иелері болғанмен, Алаш қозғалысына, оның үкіметін құруға араласты. Елдік бағытта еңбектеніп, бірқатар кітаптар жазды. М.Шоқай қайраткерлігі Түркістан мәселесінде кеңінен көрінді. «Жаңа дүние», «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, отаршылдықтың содырлы сиқын сынады. Халық азаттығын қолдады. Ал, Ж.Аймауытұлы 1917-1919 жылдары Алаш партиясына кіріп, Семейде Губревком мүшесі болады. Оқу бөлімін басқарып, «Қазақ тілі» газетіне редактор болады. Алашорда мүшелері қуғындалғанда, «Кіші Октябрь» авторы – Голощекинге қастандық жасады, – деп тұтқынға түседі (1929,20 мамыр). Тағылған айыбы – «1927-28 жылдары Әділев бандасымен астыртын байланыс жасап, қырда қарулы күрес ұйымдастырмақ болды».
Еске түсірсек, бұған дейін Ж.Аймауытұлы «Торғай ісіне» қа­тысты да жауапқа тартылған бола­тын-ды. Бұл тұста А.Байтұрсынов ұсынысымен «Аштарға көмек» комиссиясы құрылады. Торғайдағы ашаршылыққа Семей-Керекуден мал жинап, тегін таратылады.Қолхат алады. Бірақ, мөрі болмаған еді. 1927 жылғы Қызылордадағы сотта сөйлеген сөзінде – қазаққа қатысты Әдет заңын алға тартады. Адамдық борыш пен мұраттар төңірегінде кеңінен сөз етеді. Жауабының соңында: «…Еңбегім салауат! Аштар үшін мен-ақ құрбан болайын! Елімнің заңына көнемін!» дегенді айтады. «Елі үшін күйеді…». Өмір сапары да қысқа болады. Соңында мол мұра, тағылым қалды. Хакім Абай айтқандай: «Өлмейтұғын артына сөз қалдырды». Қасым ақындай: «Өзім туралы» мұңды да назды, мәнді де нәрлі шымыр шумақтар жазды. Мұнда өзі туралы үміт те, ел жайлы тебіреніс-толғам да бар:
Шықпаса жаным денемнен,
Не салса тағдыр көрем мен.
Бір өзім үшін өлмеймін,
Бір ғана соған көнем мен.

Кеудемде әзір жүрек бар,
Тілек бар. Соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар,
Өлсе де денем, мен өлмен…
Осы бағытты бауырлас елдерде, әсіресе Қырғызстанда – Ишанғали Арабаев, Қасым Тыныстанов жүйелі жалғастырып, күрескерлік танытты.
Осы жайттарды еске алғанда, сөз жоқ ХХ ғасыр басындағы дүбірлі дәуір шежіресі, революциялар шындығы – азаттық, бостандық, тәуелсіздік мәсе­лесінің қазіргі кезеңмен байланысы һәм сабақтастығы барын анық аңғартады. Еске түсірсек, 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда жалпықазақ съезі өтіп, Алаш автономиясы құрылып, оның төрағасы Әлихан Бөкейхан болды. Ұлт кеңесі құрамына – Х.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов, М.Шоқай, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, О.Әлжанов, Б.Құлманов, Б.Мамытов, т.б. енді. Автономия орталығы Семей қаласы болып белгіленді.
Осы тұста, яғни 1917 жылы тамызда – Түркістан автономиясы да Алаш арқауын, бағыт-мақсаттарын қолдады. Ал 1920 жылы тамызда Қазақ автономиялы республикасы Ресей федерациясы құрамында құрылды. 1991 жылы Қазақстан Рес­публикасы Кеңес Одағы құрамынан шығып, Тәуелсіздік жариялады. Осы орайда, әрине 1920 жылы құрылған Қазақ АССР-і мен қазіргі Қазақстанның негізі болған Алаш автономиясы, оның бас­ты бағыттарын құраған – азаттық пен бостандық мұраттары бүгінгі уақытта да өзекті болғандықтан, ұлттық мемлекет құру бағытындағы ұстанымдарынан ортақ мақсат, тарихи жалғастық пен сабақтастық бары байқалады. Демек, азаттықты аңсап, бостандық жолын таңдап, тәуелсіздікті жан-жүректерімен қалаған алашшыл һәм халықшыл қайраткерлер негізін қалаған Алаш жалпыхалықтық партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына – 100 жыл, азаттық идеясы мен бостандық жолында өмірін қиған саяси қуғын-сүргінге – 80 жыл толуы ел тарихы мен даму үрдістерінде маңызы зор.
Жинақтап айтқанда, қазақ халқының тарихы, қалыптасу кезеңдері мен даму жолы – Алаш арқауы: азаттық, бостандық, тәуелсіздік мұраттарын құрады. Қазақ мемлекетін құру арман-аңсарларына айналды. Бұл, әсіресе ел-жерге иелік ету, тарих, дәстүр, дін, мәдениет, руханият ісіне адалдық, жанашырлық пен жауапкершілік таныту – 1905 жылы Қар­қаралы құзырхатында, 1917 жылы Алаш бағдарламасында берік орын алды.
Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі, ұлт қайраткерлері хақында шетелде, атап айтқанда қандасымыз М.Шоқай, башқұрт Зәки Уәли Тоған, өзбек Баймырза Хайт т.б. азаттық ақиқатына қатысты еңбектер жазды.
Өз кезегінде Х.Оралтай – «Алаш – Орта Азия түркі қазақтарының ұраны» атты (1973) кітап жазып, азаттық мұрат­тарын кең түрде көрсетті.
Бұдан байқалатыны, ХХ ғ.б. Алаш мұратынан : елдің бүтіндігі, жердің тұтастығы, дәстүр, діннің беріктігі, білім-ғылымның, тарих-танымның тереңдігі, мәдени-рухани һәм ғылыми-шығармашылық құбылыстардың сабақтастығы, азық-түлік мәселесі, милиция, ұлт кеңесі, баспасөз мұраты, мемлекет салығы, халық соты, т.с.с. азаттық атрибуттары анық аңғарылады.
Бұдан басқа, ел тарихының қалыптасуы мен дамуындағы қилы кезеңдер, ұлт-азаттық қозғалыс көріністері, азаттық идеясы – Алаш арқауын құрайды.
Алаш мұраты – ел тарихының жарқын беттерін, қазақ зиялыларының қоғамдық-әлеуметтік һәм мәдени мұраттарын, тарихи жауапкершілігін, ақыл-парасатқа суарылған дәстүрлер жиынтығы мен тәжірибелерін, ұлттық қозғалыс пен жаңа уақыттың даму аспектілерін, ұтымды жүйесін құрайды.
Алаш мәселесі – қоғамдық-саяси һәм мәдени-тарихи тұрғыдан аса мәнді, әрі қазақ мемлекеті туралы арғы-бергі дәуірлердегі ел мұратын, азаттық һәм бостандық жолына негізделген арман-аңсарларын, ұлттық мемлекет құруға қатысты берік ұстанымдарын терең танытады.
Алаш ұстанымы – ұлт мұраты мен мәнін, даму бағыттарын айқындайды.
Алаш мұрасы – ақыл-парасат нұры, білім-ғылымның қайнары, тарих пен танымның тоғысы, дәстүр мен тәжіри­бенің, даму үрдістерінің ұнамды үлгісі.
Алаш мұраты мен ақиқаты, азаттық пен тұтастық негізі де осы.
Асылы, Алаш жолы оның арыстарының өмірі мен тағдыр-талайынан да терең танылады. Әсіресе: «…Олар ақталысымен елінің жүрегіне қазағым, миллетім, ұлтым деген сөздер қайта егілгендей болды. Көп ұзамай ұлттық идея тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ көркем сөзінің басты тақырыбына айналды. Өздерімен бірге Қазақстанына азаттық туын желбіретіп ала келген осы бес арыс па деп те қаламын». Мұның өзі, сайып келгенде ел-жер тарихына, дәстүр мен дін, Отан мен отбасылық құндылықтарға адалдықтан танылады. Бұл – Алаш жолынан, оның қайраткерлері өміріне де тән. Негізі: «Отан деген ұғым осы тілден, содан кейін – жерден, содан кейін –азаматынан басталады».
Ұлт мұратының асыл арқауы, өзекті арнасы – рухани жаңғыру бағыттарынан да азаттық мәні, тәуелсіздік нәрі кеңінен көрінеді.ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ел тарихы мен дәстүрін, ұлттық болмыстың табиғатын кең түрде көрсетті.
Анығында, әрине еліміздің жүріп өткен жолы, жаңа тарихи кезеңдегі саяси реформа мен экономикалық даму үрдістерін, басым бағыттарын құрайды. Бұл бағыттардың қатарына, сөз жоқ «Мәдени мұра» мен «Халық – тарих тол­қы­нында» сынды бағдарламалар жүйесін жатқызар едік. Қазақстан аумағында іргелі ізденістер, ерен еңбектер атқарылды. Алыс-жақын елдердің мұрағаттарынан төл тарихымызға қатысты құжаттар жиынтығы жинақталды.Тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. Ұлттық мұраттар айқын­далды. Озық дәстүрлер ұлықталды. Ұлттық бірегейлікті сақтауға, бәсекелік қабілетті арттыруға кең өріс ашылды. Қазақстанның эволюциялық дамуына маңыз берілді. Рухани жаңғыру – ел дамуының өзегіне айналды. Бастысы, әрине ұлт дамуы, табысты болуы табиғи байлықпен емес, адамдардың бәсекеге қабілеттілігімен айқындалатыны, мәдени ашықтық, жарқын қасиеттерімен бағаланатыны басым бағыт алады. Ұлттық-рухани тамырдан нәр алу қажеттілігі, жаңғырудың негізгі өлшемі – ұлттық кодты сақтау, оған адалдық таныту, ерен еңбек ету керектігі де анық айтылады. Ұлттық сананың кемелденуі мен көкжиегін кеңейту – болмысымыздың басты шарты, дербес даму үрдісі екендігі жүйелі де келісті көрсетіледі. Сананың ашықтығы арқылы зерденің басым бағыттары айқындалып, озық жетістік пен тәжірибелер тағылымы – табысқа жетудің жолы, кең өрісі екендігі дамыған елдер көрсеткішімен, ұнамды үрдістермен сабақтастықта сөз етіледі.
Бұдан байқалатыны, еліміз жүріп өткен жол – азаттық пен татулықтың негізі. Ұлт тәуелсіздігінің алтын арқауы, асыл өзегі де осыған келіп саяды.
Алаш жолының бір қыры, сырлы сипаттарының негізі де осы. Қазақстан тарихнамасының бүтін болмысы, даму үрдісі де осыдан терең танылады.


Рақымжан Тұрысбек,
филология ғылымының 
докторы, профессор

Астана

Пікірлер