(Сирек суреттің сыры)
1999 жылы Куба боксының майталмандары қазақ жеріне келіп, бірлескен командалық жаттығу өткізді. Солардың ортасында бокстың бәйтерегі, үш дүркін Олимпиада чемпионы, атақты Теофило Стивенсон жүрді. Осы сапарында төбесі көк тіреген тегеурінді Теофило журналистермен де жүздесті. Жан-жақтан сұрақты жаудыра жөнелдік.
"Жалпы, бұл өмірде неден қорқасыз?" - деп әзілдеп сұрақ қойған әріптесімізге "Әйелімнен қорқам. Ол - біздің қаланың прокуроры" - деп қарымта қалжыңмен жауап берді. Сол жолы тісқаққан Теофилоның жойқын соққыны ғана емес, тілі мен жағына сүйенген тілшілердің шабуылын да тойтарып тастай алатынына көз жеткізгенбіз. Айтпақшы, Алатаудың етегінде аяғын сылтып басып жүрген Стивенсонды спортшылар дәрігері Жеңіс Аязбеков ағамыз көріп қалып, бас-аяғы жиырма күн ішінде із қалдырмай емдеп жіберген көрінеді. Сол күндерде түскен сурет...
Алпамсадай Әбдісалан ағам, әйгілі бапкер Тұрсынғали Еділов, белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбековтің Куба боксының арыстанын ортаға алып тұра қалған сәті. Бұрынғы бір сәт - бүгінгі тұтас тарих!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ