Ресми жауап берілді: вакцина салдырмағандардың баласын алып кетеді деген рас па?

4356
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде мектеп автобустарын сатып алу туралы жаңалықты талқылап жатыр. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, көлік ата-аналардың келісімінсіз балаларды эвакуациялау үшін пайдаланылмақ. Бұл ақпараттың жалған екенін stopfake.kz жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Ақпарат бойынша, жеңілдетілген шарттармен 515 мектеп автобусын сатып алу туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов биы маусым айының соңында мәлім еткен болатын. Бірақ бұл хабарды естігенде ата-аналардың бәрі бірдей қуанған жоқ. Instagram-да кейбірі бұл автобустар балаларды сабақтан алып кету үшін қажет, ал ата-анаға баласының қайда екені айтылмайды, бұл оларды COVID-19 қарсы вакцина алуға мәжбүрлеу үшін жасалады деген пікірлерін білдірді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Ведомство өкілдері кейбір балаларға мектепке жету қиын болғандықтан жаңа автобустар сатып алу қажеттіліктен туындағанын хабарлады.

«Балалардың қауіпсіздігі балаларды мектепке және үйге тегін тасымалдауды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі. Бұған 21 мыңнан астам білім алушы мұқтаж, олар үшін 758 бірлік автокөлік тасымалы қамтамасыз етілген. Соңғы үш жылда автобус паркі 203 бірлікке жаңартылды. Бүгінгі таңда автокөлік сатып алу қажеттілігі әлі де сақталып отыр. Бұл мәселені шешу үшін мектептерді автобустармен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасы аясында автобус паркін жаңарту жоспарланған», – деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ мектеп автобустары балаларды мектепке және мектептен үйге жеткізу үшін ғана пайдаланылмақ. Көлікті басқа мақсаттарда пайдалану жоспарда жоқ.

Демек елімізде ата-аналарды вакцинациялауға мәжбүр ету мақсатында балаларды мектептен жасырын түрде әкету үшін мектеп автобустары сатып алынатыны туралы пікірлер негізсіз және шындыққа жанаспайды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер