Қала әкімі XXXII жазғы олимпиада ойындарына қатысатын спортшыларды қабылдады

1634

Бұл жылы әлемнің көптеген спортшылары үшін ең маңызды жыл. 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапонияның Токио қаласында 32-ші жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Шымкент қаласының қоржынында бүгінгі күні спорттың 7 түрі бойынша 11 олимпиадалық лицензия бар.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов лицензия иегерлері мен олардың жаттықтырушыларын қабылдады. Кездесуде алдағы жауапты жарысқа сәттілік тілеп, жеңіспен келулеріне сенім білдірді.

- Спорт - бұл елдің беделі мен абыройына жұмыс істейтін сала. Тәуелсіздік жылдарында біздің спортшылар бірнеше рет ірі халықаралық жарыстарда жеңіске жетті. Осы жеңістердің құрметіне Қазақстанның туы мақтанышпен көтерілді. Спортшыларымыз - біздің мақтанышымыз. Біз сіздердің әрқайсыңыз үшін жанкүйер боламыз. Сіздердің жеңістеріңізге сенеміз!- деген шаһар басшысы ақ жол тілеп, спортшыларға ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.

Еске сала өтсек, Шымкенттен стенд атудан - Сарсенкул Рысбекова, Кравченко Зоя; оқ атудан - Юрий Юрков; каратэден - Дархан Асадилов, Софья Берульцева, Данияр Юлдашев; бокстан - Закир Сафиуллин; көркем гимнастикадан - Алина Адилханова; байдарка және каноэден - Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов; дзюдодан - Галбадрах Отгонцэцэг қатысады.

Сонымен бірге, Игорь Лигай Халықаралық күрес федерациясы тарапынан 32-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін таңдалды. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Олимпиада санатындағы төреші, әлемнің 50 үздік төрешілерінің құрамына кірді.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер
Редакция таңдауы