Бүгін ғибратты ғалым, зерделі зерттеуші, парасатты педагог, қарымды қайраткер, абзал азамат Асқар Тұрғанбаев 55 жасқа толды!
Минусинская-30. КазГУ-дің журфагы мен филфагында оқыған студенттердің тең жартысы түнеп шыққан шағын ғана құжыра. Бұл үйге журфактың сойқандарының о баста қоныстану тарихы қызық. Ілгеріде біреуі келіп орын тепкен сияқты. Кетерінде ол тұрған үйін басқа бір танысына тапсырған. Ол қозғалса, үшіншісі келе қалады. Сөйтіп, бүкіл журфактың құтты мекеніне айналған бір бөлмелі бәкене баспана еді бұл. Тегінде «Времянка» дейді мұндайды. Үй иесі Жапарқұл жәкем мен Тұрсынай тәтем — өте жақсы адамдар. Оларға бәрібір, жібі түзу жігіттер келіп, пәтер ақысын уақтылы төлеп тұрса болды.
Сол әйгілі шежіресі мол, шері көп, жұмбағы мол, жыры көп «Минусинская-30»-ға біз де келіп табан тіреп, журфактың сал-серілерінің көнеден келе жатқан көшпенділік дәстүрін отбасылық орнықты отырықшылыққа ұластыра бастаған кезіміз еді.
Бір күні үйге Асқар келді. Ол – студент. Мен оқуды сол жылы бітіргем. Біздің Аралдың жігіті. Өзі ұқыпты. Жүріс-тұрысы жинақы. Сөзі салиқалы. Ал енді шашы... Әр талы тіс щеткасының қылындай қатты. Тығыздың тығызы. Өмірі жатпайды. Қалың шаштың иесі қалжырап қалғып кетсе де, қайратты шашы ешкімге иілмей, едірейіп тұрады. "Ел жатса да енекем жатпайды" дегеннің нағыз өзі. Кейініректе «Асқар шашын «площадка» етіп алдырса, үстінде жатып демалуға болады» деп қалжыңдайтынбыз.
Міне, сол студент Асқар төрт-бес жас үлкен бізді аға көріп, үйге келіп тұр. Ел жаққа демалысқа кетіп барады екен. Өзімен бірге ескілеу жазу машинкасын ала келіпті. Соны күзге дейін біздің үйге тастап кетпек.
Мен машинасы бар талай студентті көріп едім, бірақ машинкасы бар бозбаланы осы жолы бірінші рет көрдім. Сол заманда қат саналатын мұндай ғажайып жазу құралы жастар газетінің сайыпқыран сарбазы болып жүрген менде де жоқ-ты. «Қой, бұл бала тегін бала болмады» дедім іштей. Бесіктен белі шықпай жатып, жазу машинкасын арқалап, көшіп-қонып жүрген студент түбі бір жерден шығар, сірә...
Шынында да солай болды. Ескі дүние көрсе, екі көзі ежірейіп, соңынан қуып кететін Ақбастының бүкіл баласы секілді бұл да назарына ілінген жәдігерліктерді жадына жаттады, қағазына қаттады. Соның бәрін анау қайда барса да қасынан тастамайтын көне машинкасымен тықылдатып басты да отырды. Ақыры, сол машинкамен басылған дүниелері оны биікке бастады. Мақалалары жиі жарияланып жатты. Талай-талай сүбелі еңбек жазды. Қазақтың қаһармандық жыры – «Орақ-Мамайды» зерттеп, диссертация қорғады.
Табиғатынан тіл игеруге бейім-ді. Арабпен арабша, түрікпен түрікше тәулік бойы айтыса алады. Араб тілін университетте оқығаны рас. Ал өзге жұрт Түркияға жыл сайын барып, әліпті таяқ деп білмей аман-есен қайтып жүрсе, ол сол елді бір-ақ рет шарлап келіп, түрік тілін мүлтіксіз үйреніп алды. Үйренгенің не, кейін КазГУ-дің түркология кафедрасын басқарды. Анкараның төріндегі Түрксойдың бас кеңсесінде он жылдан астам уақыт қызмет істеді.
Көп арқалаған машинкасының шарапаты тиген шығар, біраз уақыт журналистік қызметтің де дәмін татты. Дәмін татқанды айтасың, кіруін кіріп алып, көпке дейін шықпай қойды.
Қызылорда мемлекеттік университетінде, Әдебиет және өнер институтында, Тіл комитетінде, «Айқын» газетінде бірге қызмет істедік. Жұмысына тиянақты. Ұғымды. Білімді. Сіңімді. Әріптес ретінде өте жайлы. Іні ретінде тіпті керемет! Сыйластықтан жаңылмайды. «Жұрттың інісінің мінезі тік, ал біздің ініміздің шашы тік» деп жүдә риза боламыз ондайда.
Қазіргі қызметі – Қожа Ахмет Йасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті. Бір-ақ жазда Венеция атанып, қайта түлеген Түркістанның төрінде отыр.
Басқаны білмеймін, әйтеуір маған баяғыда пәтерден пәтерге көшіп жүргенде айнымас серігі болған көне машинка Асқардың өсу жолдарының символы сияқты көрінеді...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ