Мына бір фото «Азат» қозғалысының әуелі Ақтөбе қалалық кейін облыстық филиалын басқарған Серік Сапарғалиевтің фейсбук парақшасына бірнеше жыл бұрын салынған екен. Көзге оттай басылып қойған жоқ, 28 жыл бұрынғы хикаяның бетін тырнап ашқандай...
Осыдан 28 жыл бұрын жағдайы ауырлаған "Азат" қозғалысын ыдыраудан аман сақтау мен жұмысын жандандыру жолында мәселе қойып, қозғалыстың Ақтөбе филиалы барлық шығынды өз мойнына алып, белсенділердің бәрін Ақтөбе қаласына жинап, үш күндей мәслихат, демалыс шаралары мен істеліп жатқан жұмыстармен таныстырған еді.
«Азат» қозғалысының жағдайының күрделенуіне екі басты факторды атаған жөн: 1. Елдің басты саяси ньюсмейкері болып келген айтулы қозғалыстан құтылып, автократиялық билікті аңсаған топтардың ұйымды ыдыратуға деген барлық құлшынысы мен шаралары – қозғалысты материалдық қолдаудан қақты, қалыптаса бастаған жас буржуазия «ұлтшылдарға» менсінбей қарады - қолдамады; 2. Елді құрсаған экономикалық-әлеуметтік жағдайдың ушыға түсуі қозғалыс мүшелерінің ғана емес, саяси ықпалға деген халықтың құлықсыздығын, саяси апатиясын қалыптастырды.
Ақтөбе филиалы ол кезде республикалық қозғалыстың маңдайалды бөлімшесі болды: 1. "Алдаспан" бірлестігі кезінде алған қойған бүкілалаштық үш корпорацияны құруға беталып, "Бекарыс" компаниясын дөңгелетіп жатқан.
- Баспанасыздарға үй салу мен әлеуметтік мәселені шешу үлгісі ретінде "ОТАУ" құрылыс-әлеуметтік кешенін құрып, қаланың оңтүстік-батысынан түгелдей бір көшеге жер алып үй сала бастаған еді.
- Өңірдегі қозғалыстың бірқатар лидерлері Естай Жайлыбаев, Қайырбек Тоқтаровтар облыстық және қалалық деңгейдегі атқару билігіне қызметке алынды; Ақтөбе қаласының мәслихатының үштен бір мандатын «азаттықтар» ұстады.
- "Азат" қозғалысын одан әрі ықпалды саяси ұйымға айналдырудың нақты жоспарын құрып, соны бекітуіп іске асыруға әлеуеті дайын болатын.
Серік Ерғали,
«Азат» қозғалысының 1991-1993 жылдар арасындағы Батыс аймақ (6 облысты қамтыған) бойынша үйлестірушісі