Коронавирус. Отшашу. Биыл Астана күні тойлана ма?

2854
Adyrna.kz Telegram

6 шілде – Астана күні екені белгілі. 2020 жылдың наурыз айында елімізде алғашқы коронавирус жағдайы тіркеліп, содан бері біраз мереке тойланбай келе жатыр. Арада 1 жылдан ұзақ уақыт өтсе де, жағдай тұрақталмады. Пандемияның қатарынан бірнеше толқыны болды. Десе де былтыр дәл осы мереке тойланған болатын. Биыл қалай болады? Қала күні тойлана ма?

2020 жылы Астана күні қалай тойланды?

Естеріңізде болса, коронавирустан өлім-жітімнің өсуі кезінде 6 шілдеде Астана күніне арналған ауқымды мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Отшашу Есіл өзенінің жағалауында, Ботаникалық бақ және Пушкин – Абылайхан көшелерінің қиылысында болды. Отшашуға бюджеттен қаржы бөлінбеген, демеуші қаражаты есебінен ұйымдастырылған. Бұған ашуланған халық отшашуға байланысты қала әкімдігіне шағымданған еді. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан әкімдігі жауапсыз қалмай, пандемияның қызған уақытында ұйымдастырылған отшашуға байланысты түсінік берді.

«Астана күніне отшашу жыл басында жоспарланған болатын, демеушілер материалдар сатып алып, орындарды анықтады. Бұл фейерверк қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға арналған», – деді қала әкімдігі.

 

ИК. «5000» клипі немесе «Астана күні»

2020 жылы 29 желтоқсанда жастар арасында танымал Ирина Кайратовна тобының «5000» клипі жарыққа шықты. Клипте Нұр-Сұлтандағы ЛРТ құрылысы, жемқорлық, тикток желісіндегі челлендж, коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин шаралары, Астана күні туралы сөз болады. Идея авторы осы ойдың бәрін 5 минутқа сыйғызып береді. Команда режиссері Қуаныш Бейсеков ресейлік журналист Юрий Дудьке берген сұхбатында клиптегі Астана күніне арналған сәт туралы пікірін айтты.

«Бізде 6 шілде – Астана күні деген мейрам бар. Біз оны жыл сайын атап өтеміз. Ал 2020 жыл – халықтың коронавирустан жаппай қайтыс болып жатқан кезі еді. Шілдеде өлім көрсеткіші ең жоғары деңгейге жетті. Халыққа емделуге, дәрі-дәрмекке ақша жетпей жатқанда, қатарласып астана күні тойланып, отшашу атылды. Бұл көпшілікті, мені де ашуландырды. Сондықтан осы детальды клипке қостық», – дейді Қуаныш Бейсеков.

Биыл Елорда күні тойлана ма?

2021 жылы Елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтеді. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми интернет-ресурсында жарияланды.

«Эпидемиологиялық жағдайдың салдарынан елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтетін болды, ал қалған бөлігі өткізілмейді. Ашық ауадағы аттракционның барлық түрінің жұмысына тыйым салынады. Толымдылығы 20%-дан аспайтын театрлардың, сондай-ақ ПТР-тесттері бар жылжымалы концерттердің жұмысына ғана рұқсат етілмек», – делінген хабарламада.

Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес, жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға тыйым салынған.

Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады. Нақтырақ айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға баспана кілтін табыстау, құрылысы ұзаққа созылған 20-ға жуық үйді аяқтау, Өндіріс және Көктал аудандарындағы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру іс-шарасы өтеді.

 

Астана күні отшашу бола ма?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл Астана күні қалай өтетінін онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

«Астана күні қала тұрғындары үшін ерекше күн, адамдар тойлағысы келеді. Бірақ біз өз жоспарымызды қазіргі эпидемиологиялық жағдайға қарай өзгерттік», - деді Көлгінов.

Ол жылдың басында бірқатар шараларды өткізу жоспары болғандығын да айтып өтті. Алайда санитарлық дәрігерлердің соңғы талаптарынан кейін жабық нысандардағы іс-шараларды онлайн форматқа ауыстыруға шешім қабылданды. Біраз шара өтпейтін болды.

«Астана күніне арналған отшашу бола ма?» деген тілшілер сұрағына әкім: «Жоспарланып отырған жоқ» деп қысқа ғана жауап берді.

Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер