Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг кезінде төртінші толқын аясында коронавирустың таралуына қатысты болжамын айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Ол коронавирустың шарықтау шыңы жаздың аяғында болатынын айтып өтті.
«Бұл шамамен тамыз айының басы мен орта кезінде болады деп ойлаймыз. Ал қыркүйек айының басында көрсеткіш төмендеуі тиіс», - деді Бекшин.
Қаланың бас санитар дәрігері вакцинация қарқынын жылдамдатудың маңыздылығына тоқталды. Осының арқасында оқу жылының басында халықтың иммунитеті қалыптаса бастайды.
Сондай-ақ Бекшин екпе пунктерінде вакцинаға таңдау аз дейтіндерге жауап берді. Ол қолда барын салдыру керек деп отыр.
«Біз екпе пунктерін дүкенге айналдыруды мақсат етіп отырған жоқпыз. Үкімет тегін вакцина ұсынды. Ол – «Спутник V». Қазіргі уақытта бізде вакцина жеткілікті. Бүгін таңертең қорда 40 мыңы қалды. Вакцина кестеге сай жеткізіліп жатыр, қор толығуда», - деді ол.
"Адырна" ұлттық порталы