Данияның Хольстебро қаласында тұратын Ләйла Аюби — осы елде тұңғыш рет әскери атақ алған қазақ қызы деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бүгінде Ләйла — Хольстебро қаласындағы «Ютландия айдаһар полкінің» курсант-сарбазы. Ол жуырда Даниядағы әскери адамдарға берілетін «Айдаһар» атағын алған.
Ләйланың білім алып жатқан оқу орны – HBU (Hærens Basis Uddannelse) әскери базалық дайындық мектебі. Оның мамандығы – жауынгер-сарбаз.
— Казармамыз «Ютландия айдаһар полкі» деп аталады. Мұнда соғысатын жауынгерлер мен көпір салатын инженерлер, бомба дайындайтын артиллерия сарбазы да мамандық алып шығады. Біз тұратын Хольстебро қаласында сарбазды «Айдаһар» деп атайды. Топпен бірге «Айдаһар туры» деген арнайы дайындықтан өтеміз. Ол түнгі 1-де басталады. Жаттығу аяқталғаннан кейін, «H rex» атағы беріледі. Казарма алдында парад өтіп, салтанатты жиын ұйымдастырылады. Сол кезде курсанттарды марапаттап, «Айдаһар» атағын тапсырады. Дания қазақтарының арасынан тұңғыш рет осы әскери атақты алғаныма мақтанамын, – дейді қазақ қызы.
"Адырна" ұлттық порталы.