Мәйіті өртелген Алаш қайраткері

7729
Adyrna.kz Telegram

Смағұл Сәдуақасұлының қазақ тарихында алар орны ерекше. Қоғам және мемлекет қайраткері небәрі 33 жыл өмір сүрсе де қысқа ғұмырында  ұлтына өшпестей із қалдыра білді.

Алаштың ардақты ұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Ұялы-Жарқын ауылында дүние есігін ашқан.  Керей тайпасының Малай-Бақтыбай тармағынан шыққан. Ауыл мектебін,  2 сыныпты орыс-қазақ училищесін, Мәскеу көлік инженерлері институтын бітірген. Он жеті жасынан бастап саяси қызметке араласқан Смағұл атамыз қазақ жастарынан құралған «Бірлік» ұйымының белсенді мүшелерінің бірі болып, қайраткерлік шыңдалудан өтті. Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Саматов сынды азаматтармен бірге ұлты үшін қызмет етті. Бұл ұйым “Алаш” партиясының түпкілікті идеясын қабылдаған еді. Негізгі мақсаты қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін көтеру арқылы оның ұлттық санасын ояту болды.

Алаш қайраткері өмірінің соңына дейін елінің аумақтық тұтастығын сақтауға бар күшін салып, ұлт дербестігі үшін күресті. 1921 жылы Сібір ревкомының құрамындағы Семей облысын әкімшілік-аумақтық бөлу арқылы Қазақ автономиясына енгізу шараларына белсене араласып, Қостанай облысын ел территориясының құрамына қалдыруға үлкен септігін тигізді. Ол лауазымды қызмет атқарғанына қарамастан, Ресей империясының отарлау саясатын ашық сынады.

«Қазақ жері революцияға дейін отар болды. Патша үкіметі Қазақстанның шикізатын, табиғи байлығын пайдаланып «бос жерлерді» қоныс аударушы келімсектерге беріп, өздерінің мәдени, діни, ағартушылық ықпалын жүргізді»,– дейді қайраткер. Осылайша қалың қазақты ұлтының одан әрі отар болуына жол бермеуге шақырады.

Сәдуақасұлы мен Голощекин

Саясаттағы елеулі белестерінің бірі — Ф.Голощекинмен ашық күресі. Голощекин өлкелік комитетке келгенде Смағұл Сәдуақасұлы Бюро мүшелігіне кандидат, Оқу ағарту Халколы, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы міндеттерін бір мезгілде атқарып жүрген 25 жастағы жігіт еді. Ол жасына қарамастан қалың қауымды мойындата білген қайраткер атанды.  «Кіші Қазан» идеясына қарсылық танытып, ауылдың бейбіт эволюциялық дамуын қолдаған азаматтардың бірегейі болды. Сол кезеңдегі  зиялы азаматтарымыз жауапты хатшымен қазақ ауылын кеңестендіру, мекемелерді қазақыландыру, өнеркәсіпті дамыту, оқығандарға көзқарас мәселелері бойынша бір келісімге келе алмады.

Жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында жүргізілген жұмыстардың бірі – мекемелерді қазақыландыру ісі. Әрбір съезде осы мәселе міндетті түрде күн тәртібінде тұрды. Голощекин «Партия Ресейдікі, сол себепті оны қазақыландырудың қажеті жоқ» деген идеяны алға тартты. Бұл пікір Смағұл Сәдуақасұлының шамына тиді. Ол өз кезегінде: «Партия қазақ жұршылығымен жұмыс істейді, қазақ коммунистерімен қарым-қатынаста болады, ол неге өз жұмысын қазақ тілінде жүргізе алмайды?» – деп мәлімдеме жасап, сол уақыттың өзінде-ақ қазақ тілін мемлекеттік қызмет пен әлеуметтік салаларда қолданысқа енгізу керек екенін айтып кетті. Қазақстан өлкелік партия коммитетінің 1-хатшысы ұлттық мемлекет құру жоспарын түбегейлі жойғысы келеді. Оның бұл ойы мына бір сөздерінен айқын байқалады: «Қазақстанда жоғарғы оқу орнын ашудың қажеті жоқ, оқимын дейтіндер Москва, Ленинградқа барып оқысын. Оқығандар жастарды бұзады, ұлттар алауыздығын қоздырады».

Сәдуақасұлы елді жаңа экспроприациялар емес, еңбек пен ғылымның құтқаратынын ашық айтты. Голощекин ол жайында былай деп жазды: «Мен ауылда «Кіші Октябрь» жасау керек десем, ол кез келген Октябрьге қарсы. Мен ауыл төңкеріс тәсілін тілейді деп тұжырым жасасам, жолдас Сәдуақасұлы мұны жоққа шығарады. Біз ауылдағы азамат соғысына қарсы емеспіз... Жолдас Сәдуақасұлы мұндай азамат соғысына түбегейлі қарсы. Біздің өзара келісе алмауымыздың мәні осы».

Әрине, Қызыл империяның әділетсіз үстемдік саясатына наразылық танытқандықтан қоғам қайраткерінің көп ұзамай қудалауға ұшырауы заңдылық еді. Ол 1927 жылы Халық Ағарту Комиссары қызметінен босатылып, сол жылы Өлкелік Комитет Бюросының шешімі бойынша Ташкенттегі ҚазПедвузға ректор болып тағайындалады. Десе де, азаматтың көтерген мәселелері ресми органдар тарапынан қолдау таппады. Сондықтан ректорлық қызметтен де кетуге мәжбүр болды.

1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтында білім алады. Кейіннен Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етеді.

Асыл ер 1933 жылы Мәскеу қаласында белгісіз жағдайда қаза тапқан болатын. Оның сүйегі өртеліп, христиан қорымында жатты. Қайраткер мәйітінің күлі 77 жыл өткеннен кейін ғана Отанына әкелініп, шариғат шарты бойынша елорданың «Жастар» шағын ауданындағы мұсылман зиратына жерленді.

Смағұл Сәдуақасұлы – ұлт саясатының жарық жұлдызы. Оның халқына деген зор сүйіспеншілігі, адалдығы мен ерлігі Отанға риясыз қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала бермек..

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер