Бигелдиновтің есімі неге ұлықталмай отыр?

6091
Adyrna.kz Telegram

Талғат Бигелдиновтің жары Алматыдағы азаматтық авиация академиясын батырдың есімімен атап, қала орталығынан көше берілуін қалайды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

Сондай-ақ Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған тау тұлғаның жары майдангердің мерейтойына орай деректі фильм түсіріп, кітап шығаруды ойлап отыр. Алайда қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр.

 «Оның өмірі мен еңбек жолына қатысты деректер бұрмалағанған. Сондықтан батырдың өзі айтқан деректер бойынша кітап шығарғым келеді. Жастар шындықты білсе екен деймін. Көше беруге келсек, Шевченконы алмайтын шығар деп ойлаймын. Бірақ Шевченко мен Қонаев  болса нұр үстіне нұр болар еді. Өзінің тұрып кеткен үйі, ақырғы сапарға шығарған үйіміз Қонаев көшесі. Не болмаса Ленин көшесі, Достық дейді ғой, бәріміздің достығымызды біріктіріп тұрып, көшені берсе екен деген үмітім бар», — дейді батырдың жары Ұрындыбике Бигелдинова.

Келесі жылы Талғат Бигелдиновтің дүниеге келгеніне 100 жыл. Мерейтойға орай келімді-кетімді кісілер болады деп Ұрындыбике апа өздері тұрған үйдің кіреберісін 5 қабатқа дейін кафельдеп, жөндеу жұмыстары жүргізуге 10 миллион теңге жұмсапты.  Ал үйдің қасбеті мен ауласын абаттандыруға шамасы келмегендіктен жергілікті әкімдіктен көмек сұраған. Бірақ нәтиже болмапты. Ол қала әкімінің қабылдауына бірнеше жылдан бері кіре алмай келеді. Бұл мәселеге қатысты әкімдіктегілер де журналистерге жауап бермеді.

Айта кету керек, сонау 1945 жылы 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдиновтің соғыстан кейінгі өмірі Алматымен тығыз байланысты.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер