Қазақстанда жаңа препарат шығарыла бастады

1382

Елімізде қалқанша без обырын емдеуге арналған препарат шығарыла бастады деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

 22 маусымда «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында қалқанша без обырын қоса алғанда, қалқанша без ауруларын емдеу үшін натрий йодид (131I) радиофармпрепаратының бірінші өнеркәсіптік партиясы жасалды. Бұл препарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде «натрий иодиді 131I, ішуге арналған ерітінді» атауымен дәрілік зат ретінде тіркелген.

24 маусымда препарат Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығының алғашқы пациенттеріне жеткізілді. Ағзаның патологиялық ошағында натрий йодиді (131I) радиофармпрепаратының таңдамалы жиналуының арқасында қоршаған тіндерді сақтай отырып, обыр клеткалары жойылады.

Ядролық физика институтында (Алматы қ.) радиофармацевтикалық препараттар жасау тарихы 1986 жылдан басталады. Дәл осы жылы КСРО-да миокард инфарктісін алдын ала диагностикалау үшін Таллий-201 изотопы бар препараттың алғашқы өндірісі ұйымдастырылды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін адамның барлық органдарының ауруларын диагностикалау үшін кеңінен қолдануға болатын Технеция-99м өндірісі жолға қойылды. Қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесінде бұл изотоптың үлесіне барлық радионуклидтік рәсімдердің 80%-дан астамы тиесілі.

Ал 2011 жылы Ядролық физика институты технеция генераторларын тіркеді және екі апта бойы жұмыс істейтін және елдің кез келген өңіріне жеткізілуі мүмкін ықшам тасымалданатын генераторларды өндіруді бастады.

Радионуклидтік диагностиканы қолдана отырып, қатерлі ісіктерді дамудың ең ерте сатысында анықтауға болатындығын атап өткен жөн, бұл қатерлі ісік ауруынан болатын өлімді және науқастарда қайталану санын едәуір азайтады.

Генератордың конструкциясын жасау бойынша жұмыстар 2014 және 2015 жылдары «Жыл өнертабысы», «Шапағат» республикалық конкурстарында екі мәрте жеңіске жетті.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы