Мамин карантин талаптарын күшейтуді ұсынды

475

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин төрағалық еткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды, - деп хабарлайды  primeminister.kz. 

«Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауға алынған. Вирустың репродуктивтік индексі - 1, инфекциялық төсек орындар 25 пайызға, реанимациялық төсек орындары 21 пайызға толы. Нұр-Сұлтан қаласы әлі де «қызыл аймақта» тұр, «сары аймақта» 5 өңір: Алматы және Шымкент қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған 11 өңір – «жасыл аймақта», - деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Бүгінгі таңда 2,8 миллионнан астам адам бірінші компонентті, 1,7 миллионнан астамы екінші компонентті алды.

Премьер-министр елордада коронавирустың «Дельта» үнді штамына тән мутацияның ықтималдығы анықталып отырғанын, оның таралу жылдамдығы өте жоғары, жылдам өршитінін және салдары анағұрлым ауыр екенін атап өтті.

Үкімет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды, Ведомствоаралық комиссияға елордадағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Жалпы, Қазақстандағы жағдай тұрақты болғанына қарамастан, көрші мемлекеттердегі жағдай нашарлай түсті. Сондықтан мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту керек, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауға және вакциналау қарқынын арттыруға ерекше назар аудару қажет», - деді Мамин.

Пікірлер
Редакция таңдауы