Алматы облысының шалғай ауылдарындағы оқушылар «Мың бала» Ұлттық олимпиадасында үздік нәтиже көрсетті

663

Екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасының ауыл мектептеріндегі 5-6 сыныптың мыңдаған оқушысы еліміздің жетекші мектептерінде және тұңғыш Birge Oqý онлайн мектебінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алды.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында өткен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Әнуар Жанғозиннің брифингінде белгілі болды. Ұйымдастырушылар: ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Елбасы Академиясы.
Баспасөз конференциясында ауыл оқушыларына арналған 2021 жылғы «Мың бала» Ұлттық олимпиадасының нәтижелері жарияланды.

Өңірлер қимасында олимпиада жеңімпаздарының саны бойынша жетісулық 201 жас өрен мен Түркістаннан 184 бала топ жарды. Осылайша,қос облыс көш бастады. Ал ең жоғары балға Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарының оқушылары иелік етті. Биыл олимпиада алғаш рет онлайн форматта өтті.

Олимпиадаға 5-6 сыныптың 150 мыңға жуық оқушысы тіркелді. I кезеңге 96 мыңнан астам оқушы қатысты. Алғашқы кезеңнің нәтижесімен өңірлер бөлінісінде ең жоғары нәтиже көрсеткен 5000 финалист іріктелді. Олардың орташа балы 400 балдан 343 балды құрағанын атап өту керек. Бұл ауыл оқушыларының дағдыларының жоғары екенін көрсетеді, - деді «Елбасы Академиясы» КҚ басқарушы директоры Әнуар Жанғозин.

Естеріңізге салайық, «Мың бала» олимпиадасы ауылдық жерлердегі дарынды оқушылардың қабілетін дамытуға және қолдауға бағытталған. Олимпиада екі жыл ішінде ауыл мектептерінің 5-6 сыныптағы 400 мыңнан астам оқушысын қамтыды. Мақсаты – ауылдық және қалалық мектеп оқушыларының академиялық білімдері мен қабілеттерінің арасындағы алшақтықты азайту.

Олимпиада жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде және Елбасы Академиясының Вirge oqý онлайн мектебінде оқуға мүмкіндік алады.

«Елбасы Академиясы» КҚ баспасөз қызметі

Пікірлер
Редакция таңдауы