Шаруаларды қуаңшылық алаңдатып отыр

828

Биыл ақтөбелік шаруалар елдегі қуаңшылыққа қатты алаңдап отыр. Себебі осылай жауын-шашын болмай, жалғаса берсе, күзде шөп шықпай қалу қаупі бар. Ал бұл ауылдағы шаруашылықтарға қиын соққалы тұр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі. 

Бұған дейін баспасөз беттерінде жазылғандай, биыл еліміздің көп бөлігінде қуаңшылық болып тұр. Сол себепті бірқатар аймақтарда мал аштан қырылып, тұрғындар дабыл қағуда.

Өткен аптада облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында өңірде мал азығын дайындау мәселесі қаралып, тиісті мекемелерге тапсырма берілгені белгілі. Дегенмен жеке шаруалар алдағы шөп шабу науқанының ойдағыдай өтетініне алаңдаушылық танытуда. Сондай-ақ облыстың бірқатар аудандарында ірі қара арасында шаң-тозаңның көбеюіне байланысты көз ауруы белең алуда.

Ветеринар-мамандар барынша аурудың алдын алу және оны жоюға еңбектеніп жатқанын айтады. Дегенмен ауылдарда дәрі-дәрмек жетіспеушілігі байқалады.

Биыл Ақтөбе облысында 10,6 мың гектардан аса суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 4,5 мың гектары биыл пайдалануға берілмек. Қазір облыста егін егу науқаны аяқталды. Жалпы көлемі 800 мыңдай жерге егін егілген.

Сондай-ақ биылғы жылы жоспарға сәйкес өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында 2,6 млн тоннадан астам мал азығын, яғни бір жарым жылдық қор жасақталуы тиіс. Қазір осы бағытта шаруашылықтар еңбек етуде.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар