Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы

633
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Біз көбіне тәуелсіздік туралы айтқанда, не 90-жылдардың басындағы кезеңді сипаттаймыз, не бүгінгі нәтижеге тоқталамыз, арадағы болған жекелеген оқиғаларды, өткен жылдарды көп еске түсірмейміз. «Заман жаршысы» газеті «Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы: Оқиғалар жылнамасы» атты кітаптың негізінде оқырман назарына 1991-2014 жылдар аралығындағы саяси оқиғалар хроникасын ұсынады.

1991 жыл желтоқсан. Тұңғыш рет жалпыхалықтық дауыс беру жолымен Қазақстан Президентін сайлау рәсімі өткізілді. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көпшілік дауыспен (98,76%) жеңіске жетті.

1992 жыл Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Қазақстан үшін өзін әлемге таныту жылы болды. Біріккен Ұлттар Ұйымына және басқа да ірі халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Көптеген ірі мемлекеттермен тікелей саяси-экономикалық қатынас орнай бастады. Сонымен бірге 1992 жыл КСРО-ның кезінде басталған және Одақтың ыдырауымен күшейе түскен экономикалық дағдарысқа қарсы жүйелі күрестің басталған жылы болды. Ресейде 1992 жылы бағаны еркіне жібергендіктен Қазақстан күрделі шаралар қабылдауға және «шок терапиясын» жүзеге асыруға кірісті. Қазақстанда инфляция жыл аяғында 3000 пайызға жетті. Экономикалық дағдарыстың күшейіп және тіл мәселесіне байланысты қоғамда саяси жіктеліс тереңдей бастады.

1993 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы экономикалық дағдарыстың ең тереңдеген жылы болды. Наурыз айында елдегі құнсыздану процесі гиперинфляцияға айналды. 1993 жылы электр энергиясы мен газ бағасы мыңдаған есеге көтерілді. Жалақының кешіктіріліп берілуі барлық салада күшейе бастады. Халықтың әлеуметтік жағдайы күрт құлдырап кетті. Осындай жағдайларға байланысты Қазақстанда қараша айында ұлттық валюта – теңге енгізілді. Экономикалық жағдайдың қиындауы әлеуметтік топтардың саяси талаптарын тұжырымдаған саяси партиялардың пайда болуына әсер етті. 1993 жылдың соңында Қазақстанда 4 саяси партия тіркелді. Олар: Социалистік партия, Қазақстанның Республикалық партиясы, «Қазақстанның Халық Конгресі» және Коммунистік партия. Қоғамдық қозғалыстардан – ядролық жарылысқа қарсы «Невада – Семей», азаматтық «Азат» қозғалысы және «Қазақстанның халық бірлігі» одағы, 11 республикалық ұлттық мәдени топтар тіркелді. Республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси ұйымдар, 68 әр түрлі қорлар тіркеуге алынды. 1993 жылдың соңына қарай қоғамдық-саяси қозғалыстар ұйымдасқан саяси күшке айналды.

1994 жыл Қазақстан тарихында тұңгыш рет саяси партиялар мен қозғалыстар биліктің нақты тұтқаларына қол жеткізуі мемлекеттік бағдарламалардың қалыптасуына және қабылдануына ықпал ету мүмкіндігін алды. Республика Үкіметінде жаңа Парламент туралы Заң жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп, Парламент сайлауы өтті. Нәтижесінде Республикада көп партиялықтың қалыптасуы орын алды. Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік экспорт-импорт банкі» құрылды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әлсіреуі нәтижесінде ішкі жалпы өнім алдыңғы жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 27%-ға дейін қысқарды. Ұлттық алтын-валюта резерві 805,221 млн. АҚШ долларын қамтыды. ҚР Парламенті стратегиялық маңызды «Мұнай туралы» Заң жобасын қабылдады. Еліміздегі атом жарылыстарының нәтижелерін жою іс-шаралары алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі ретінде анықталды. Әлемнің ядролық державалары бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдеме берді. Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану жөнінде Қазақстан мен Ресей арасында келісімге қол жеткізілді. Халықаралық ұйымдардың Арал теңізін қайта жандандырумен сол аймақтардың экологиялық мәселелерін шешу бағытындағы іс-шаралары бастау алды. Жалпы, Қазақстан 1994 жылы шетел мемлекеттерімен достастық келісімдер мен экономикалық ынтымақтасу саласында бірқатар келісімшарттарға қол жеткізді.

1995 жыл Ел тәуелсіздігі орнаған күннен бастап, әлемдік сахнада Қазақстан өзін көпұлтты, бейбіт мемлекет ретінде танытуда. Осыған дәлел ретінде Президент Жарлығымен Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Н.Назарбаев Қазақстан үшін тарихи маңызды оқиға деп атап өткен төл теңгемізді шығару фабрикасының ашылу рәсімі өтті. Осы уақыттың ішінде ұлттық валютамыз — теңгенің тұғыры бекіді, елімізде макроэкономикалық тұрақтандыру процесі іске асты. Қазақстанның экономикалық-қаржылық тәуелсіздігі толық айқындалып болды. Республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында «Парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді. Әлеуметтік-экономикалық маңызы бар «Жекешелендіру туралы» Заң қабылданды. Мұнай өндірісінің дамуында «Батыс Қазақстан – Құмкөл» мұнай құбыры іске қосылды. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев екіжақты байланыстарды дамыту, республикада экономикалық реформаларды тереңдетуге қолайлы жағдай туғызуды бақылауға алу міндеттерін алдыңғы қатарлы мәселелер тізбегіне енгізді.

1996 жыл Республикада орын алған әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздану көріністері көптеген кәсіпорын жұмысшыларын жалақы мәселелеріне қатысты қарсылық акцияларын ұйымдастыруына себепкер болды. 1994 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, жұмыссыз қалғандар саны 1,8 есеге үлғайды. Республикада кіші кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік деңгейде бағдарламалар іске косылды. Қазақстан ынтымақтасу мақсатында құрылған «Шанхай бестігі» ұйымына мүше бола отырып, өзінің саяси қатынастардағы орнын айқындай түсті. Республиканың жалпы сыртқы саяси басымдықтары мен әрбір елмен қарым-қатынасынан бастап, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келіссөздер белсенді жүргізілді. Мемлекетіміздің табиғи ресурстарын рационалды кешенді игеру негізінде аймақтың дамуын тездету, жоғары тиімділігі бар экспортқа бағытталган өндірістерді құру, экономиканың әлемдік шаруашылық жүйесіне жоспарлы қосылу және әлеуметтік даму мәселелері қатаң бақылауға алынды.

1997 жыл Қазақстан Республикасының алдағы уақыттағы әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспары айқындалды. Елдегі саяси партиялар, қогамдық бірлестіктер мен ұлттық мәдени орталықтар әлеуметтік-экономикалық қиындықтармен күресу мақсатында мемлекеттік билік органдарымен бірлесіп қызмет ету келісіміне қол жеткізді. Жалақы мен зейнетақы бойынша қарызды төлеу, шағын бизнесті дамыту, жекешелендіруді жеделдету мәселелерін Елбасы өз бақылауына алды. Қаржы институттарын дамытуды қолдау бағдарламасы ірі батыс банктерінің қолдауымен едәуір алға жылжи бастады. Қазақстандық банктердің институционалды дамуы мен Қазақстан банк жүйесінің әлемдік қаржы жүйесіне терец интеграциялануы көрініс тапты. Импорт пен экспорт тауарларына байланысты сыртқы сауда үдерістері мен кедендік салыққа қатысты барлық мәселелерге қолайлы режим жасау алға тартылды. Егемендіктің маңызды шарты болып табылатын мемлекеттік шекара мәселелері бойынша Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекаралардың мызғымастыгы туралы келісімге қол жеткізілді. Ұлттық ерекшелігі зор «Қазақстан Республикасындагы тілдер туралы» Заңы бекітілді. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» ел дамуының стратегиялық жоспары жасақталып, Елбасының халыққа Жолдауында Қазақстан 2030 жылы дамыған, саяси тұрақты мемлекет үлгісі ретінде бірінші ортаазиялық «барыс» мемлекеті болуы қажет деген мақсат қойды. ҚР-ның астанасы Астана қаласына көшірілді және Астана ресми түрде Қазақстан астанасы мәртебесіне ие болды.

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар