2017 жыл «Алаш» қозғалысынның да емес, «Алаш» партиясының да емес, тіпті Алаш Орданың құрылғанына да 100-жылдығы емес. Қазіргі Қазақстаннның негізі, іргетасы болып табылатын Алаш автономиялық парламенттік республикасының, яғни Алаш мемлекетінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Себебі, 1920 жылдың 26 тамызында Алаш автономиясының негізінде құрылған қазіргі Қазақстан сол Алаш автономиялық парламенттік республикасының заңды мұрагері болып табылады. Оған А. Байтұрсынұлы, Ә. Ермекұлы, Ә. Бөкейхан және т.б. «Алаш» қайраткерлерінің «Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы» болып қайта құрылған мемлекеттің комиссарлар кеңесіне (үкіметіне) мүше болып сайлануы бұлтартпайтын тарихи айғақ болып табылады.
«АЛАШ» дегеніміз не?
Қазіргі ғылыми әдебиетте және публицистикада қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысын, қозғалыстың жетекшілері мен қайраткерлерін, яғни ұлт зиялыларының батысшыл бөлігін қысқаша «Алаш» қозғалысы», «Алаш зиялылары» не «қайраткерлері» деп атайды. Тоқетерін айтқанда, ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы мен оның қайраткерлерін шартты түрде "Алаш" деп атайды. Олай атауға, біріншіден, ұлт-азаттық қозғалысының иеологиялық негізін қалаушысы әрі саяси жетекшісі болған Әлихан Бөкейханның бастамасымен және І Жалпықазақ құрылтайының қаулысымен құрылған қазақтың тұңғыш либералдық-демократиялық «Алаш» партиясы себеп болса, екіншіден – Автономиялық парламенттік республика мен оның ресми астанасы болған қала да (1917 жылдың мамырына дейін Заречная Слободка деп аталған, қазіргі Семей қаласы) – ресми түрде «Алаш» деп аталды.
АЛАШ ОРДА – ресми жариялануы бойынша Ұлттық-территориялық автономия, ал өзінің Барлыбек Сырттанұлы 1911 жылы жазып қалдырған Ата заңының жобасы бойынша – іс жүзінде немесе Де-факто Алаш автономиялық парламенттік республикасының жоғарғы саяси және атқарушы мемлекеттік билігі – Халық Кеңесінің, яғни ҮКІМЕТІНІҢ ресми атауы.
«Алаш Орда» атауының Шыңғыс хан құрған Алтын Орда империясымен үндес болуы кездейсоқтық емес. Алаш республикасының жоғарғы атқарушы билігінің атауына оның құрылтайшылары өздерінің түпкілікті мақсатын, «Алаш мемлекеті» не «империясы» деген ұғым, мазмұн берді: «Алаш» - біріккен түркі халықтарының ортақ атауы, «Орда» - «Мемлекет» (не «Империя»).
1917 жылдың 5-13 (қазіргі күнтізбе бойынша 18-26) желтоқсанында Орынборда болып өткен ІІІ Жалпықазақ құрылтайы (іс жүзінде; І және ІІ Жалпықазақ сиездері тағы да сол Орынборда 1917 жылдың 2-8 сәуір және 21-26 шілдесінде болып өтті. – С.А.) Алаш автономиялық парламенттік республикасын құрып, оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігін – АЛАШ ОРДА Халық Кеңесін (үкіметін) жасақтады.
Алаштанушы ғалымдардың ескермей келген, бірақ айрықша назар аударатын тарихи маңызды мәселе: Алаш автономиясының конституциясы, «Алаш» партиясының жарғысында айтылғандай, бүкілресейлік құрылтай жиналысында мақұлдануға тиіс болатын. Болашақ ұлттық автономияның конституция жобасын Барлыбек Сырттанұлы (Сыртанов) Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен 1911 жылы жазып кеткен еді. Ал жоба бойынша Қазақ республикасы парламенттік-президенттік республика болып табылады. Мысалға, «Қазақ елінің уставы» (жарғысы немесе конституциясы) деген атаумен жазылған бұл жобаның кіріспесінде және 1-бабының 4-9 тарауларында былай жазылған:
«Қазақ елі көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елі, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырды 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында...


- Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында
- Қазақ елінің ең басшы орыны Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды.
- Бір президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.
- Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.
- Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.
- Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице-президент. Ол Президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді.
- Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын, орындайтын һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады». Алаш ресми түрде «ұлттық-территориялық автономия» деп аталғанымен, іс жүзінде «автономиялы парламенттік-президенттік республика».
Сұлтан Хан Аққұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
«Алаш» ғылыми-зерттеу институтының
директоры.