Мәулекеш Қайболдиннің фотосуреттері

3291
Adyrna.kz Telegram

Белгілі эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат маған Мұстафа Шоқайдың бел шәкірті, Германияда қалып кеткен жазушы, ақын Мәулекеш Қайболдиннің фотосуреттерін жолдапты.

Бұлар – Асан қайғының (Мәулекеш Қайболдиннің бүркеншік есімі) отанына жетіп отырған бірден-бір фотобейнелері. Оның фотосы тіпті Алматыда тұратын тума-туыстарында да сақталмаған екен.

– Атамыздың фотосүгіреттері тұрмақ, өмірі жайлы дерек шектеулі, там-тұм, – дейді осы орайда Мақсат ағамыз. – 2018 жылы бұл кісінің туған жері – Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданының Еңбек ауылына барып, түк таба алмай қайтқанмын. Келгесін «Ұмытылмас үш күн» дейтін жолжазба жазып, облыстық газетке жарияладым. Ішінде электрондық поштамның адресін көрсеткен едім. Соны атамыздың үлкен ағасы – кезінде Жоғары сотта қызмет істеп, репрессияға түскен Тілек Қайболдиннің жиені Найля Нұрқанова көріп, хабарласты. Өзі Мәулекеш атасы жайлы Түркиядағы Абдуақап Қарамен, Мюнхенде «Азаттық» радиосында қызмет еткен Әлихан Жаналтаймен әлеужелі арқылы байланысқа шыққан. Солардың ішінен Әлихан Жаналтай үн қатып, жуырда бірнеше фотоматериал жіберген екен, соның ішінен Мәулекеш Қайболдинге қатысты екеуін ұсынып отырмын. Сөз соңында Найля Нұрқанова ханым мен Әлихан Жаналтайға көптен-көп рахмет айтсам деймін.

Әлихан Шериф Жаналтай (Alihan Şerife Canaltay) ныспылы бұл қандасымыз «Азаттық» радиосында 1978-1995 жылдар аралығында қызмет еткен. 1954 жылы туған, 1978 жылдан бері Мюнхенде тұрады. Өзі әлбетте, Мәулекеш атамызды көрмеген, бірақ естіген, мына фотоларды «Азаттықтың» қазақ редакциясының тарихын түзген кезде әр жерден жинағанға ұқсайды. Зерттеуші ретінде мені қызықтырған бір жағдай – «Азаттықта» Мәулекеш атамызбен қанаттаса жұмыс істеген Дәулет Тағыберлі және бізге бұрын мәлімсіз Абдулла Дүсіпұлы деген қазақ азаматтары жөнінде де мәлімет келтіріліп, фоторәсімдері берілген».

Мақсат ағаның жазуынша, Мәулекеш атамыз Әлихан Ағаевтың қандыкөйлек майдандас досы екен. Екеуі әскерге бір мезгілде алынып, Иран арқылы Мәскеуге келіп, 1941 жылғы күзде бір күнде жау қолына түсіпті.

«Мәулекеш Қайболдин 1930-жылдардың ортасында Мәскеуде тіл-әдебиет институтын бітіріп, Алматыға кеп, жазушы, ақын, драматург, аудармашы ретінде танылады. ҚазМУ-де орыс әдебиетінен сабақ берген, Жамбылға әдеби хатшы болған. Шығармалары орта мектеп бағдарламасына енген. Тұтқында Мұстафа Шоқайдың ең сүйікті шәкірті болып, Шоқай оған жеке архивін сеніп қалдырған деген дерек бар. «Милли әдебиет», «Милли Түркістан» басылымдарын шығарысқан. Соғыстың кезінде-ақ Майндағы Франкфурт университетін неміс философиясы және ағылшын тілі мамандығымен бітіреді. Неміс, ағылшын, түрік, орыс тілдерін еркін білген. Немісше роман жазып, Гетенің «Фаустын» қазақшалаған. 1969 жылы көшеде біреулер басынан ұрып өлтіріп кетеді. Шоқай жатқан зиратта Қарес Қанатбай, Дәулет Тағыберлімен қатар жерленеді, бірақ бейіті сақталмаған» деп тәмамдады сөзін Мақсат аға.

 

Серікбол ХАСАН

Пікірлер