Қос жүрек

645

Адамдар бір бірін үй киіммен жүргеннен, шашын әдемілеп өрмей қалғаннан жоғалтпайды. Адамдар бір бірін қартайғаннан, сұлулықтан айырылғаннан жоғалтпайды.

Адамдар өзімшілдікке шектен тыс берілген кезде бір бірін жоғалтады. Ешкім менен кеткісі келмейді деген ойдан ең жақындарымыздан айырылып қаламыз. Кейде бір шаңырақтың астында тұрып жатсақ та жалғыздықтың түрлі реңкін сезінеміз. Сұрамағанда, сенбегенде, өтінбегенде жоғалтамыз. Талап етіп, бақылап, кесір ойды ушықтырғанда жоғалтамыз. Бір бірімізге мейірім төгуді доғарғанда жоғалтамыз. Қайғыны бөлісуді, қуанышта бірге қуануды білмегенде жоғалтамыз.

Күйбең тірлік, қарбалас жұмыс, тар жол-тайғақ кешуден өтіп, сол бір жанға талпынғанда, оның ойыңдағыдай болмауы да соншалықты маңызды емес. Оны бәрі біледі. Сүйген жанның көзіне бір қарағаннан талай күнгі шаршауың басылатыны қандай ғанибет...

Сені түсініп, сенің жағыңа шығатын, сені ести білетін, дер кезінде қамқор бола алатын, уақытын бөлетін, көңілін білдіретін жанның әр әжімі сүйкімді. Елеусіз көрінетін, бірақ үнемі сезілетін мейірім бар жерде мінеу, сынау кеңістікке сіңіп, жойылатындай. Дүние дүр сілкініп жатса да, екеу бір біріне адал кезде сезім тірі қалмақ, өмір бүтіндігінен айырылмақ емес.
Сүйгендеріңнен ажырамаңдар. Сезімдеріңді суытпаңдар.

© Лиля Град
Аударған Шынар Әбілда

Пікірлер
Редакция таңдауы