«Рухани жаңғырудың» жаңа кезеңіндегі жобалар жас ерекшеліктеріне қарай әзірленді – Аида Балаева

1877
Adyrna.kz Telegram

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жол картасы бекітілді. Жоспарланған шаралар мен жобалар жас ерекшеліктеріне сай әзірленді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтып берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілеме жасап.

«Жалпы, халық қазақстандық қоғамның трансформациясын қолдайды және оң бағалайды. Сарапшылардың пікірінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қоғамдық сана өзгере бастады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың тиімділігі» тақырыбындағы әлеуметтік зерттеуге сәйкес, бағдарламаның алты басты бағытының әрбірі бойынша қоғамда орнықты көзқарас қалыптасқанын мәлімдеуге болады. Қоғам экологиялық жағдайды жақсартуда азаматтардың рөлі үлкен екенін түсінеді. Бұл – халықтың экологиялық санасын жетілдіру үшін экологиялық қозғалыстарды, акцияларды жандандыру қажет екенінің айғағы», - деді А. Балаева «Sputnik Қазақстан» порталындағы сұхбатында.

Министрдің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың төрт жылында демеуші қаражаты есебінен 280 миллиард теңге тартылған, 7 мыңға жуық нысан салынып, жөнделген.

«Халықты қолдауға 143 мыңнан астам азамат тартылды. Елдегі қайырымдылық мәдениеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа серпін алды. Республика бойынша аталған жобаларды жүзеге асыруға 13 мыңнан аса меценат қатысты. Өңірлерде мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, бизнес пен азаматтардың қатысуымен ауқымды шаралар өткізілді. Қоғамдық сананың жаңғыруына қарай біз айтарлықтай оң өзгерістерді сезініп жатырмыз», - дейді Ақпарат министрі.

Сонымен бірге Қазақстан азаматтары өз Отанын дамытуға үлес қосады, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілік артып келеді, ЖОО студенттері үздік әлемдік стандарттар бойынша мемлекеттік тілде оқу мүмкіндігіне ие, елдің қасиетті жерлеріне баратын адамдар саны артып жатыр.

«Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жол картасы бекітілді. Жоспарланған шаралар мен жобалар жас ерекшеліктеріне сай әзірленді, оның мақсаты – бағдарлама мазмұнын халықтың түрлі топтарына жеткізу. Ең алдымен, бағдарлама халықты жасы бойынша сараланған түрде қамтиды, әсіресе, бұл өскелең ұрпақ пен жастарға қатысты болады. Яғни, «Рухани жаңғыру» аясындағы жобалар әр жас санатының проблемалары мен мүддесін ескере отырып әзірленеді», - деп түсіндірді Аида Балаева.

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің біліктілігін арттыру үшін қандай шаралар жасалғанын баяндаған еді.

Сондай-ақ министр мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың маңызы мен жаңа әдістері туралы айтып берді.

Ал Қазақстан жастарының 60%-дан астамы жаңалықтар мен оқиғаларды әлеуметтік желілер мен блогтардан біледі. Ақпарат министрі жастардың ресми дереккөздерден маңызды әрі дұрыс ақпарат алуы үшін қандай шаралар атқарылғанын айтып берді.

Пікірлер