Қазыбек ИСА: Ұлттың жаңа болмысы ұлтшылдық негізінде қалыптасуы керек

479

Өткен аптада, 3 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени комитеті «Ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» атты алқалы басқосу өткізді. Мәдениет, Білім және Ақпарат вице-министрлері, облыстыық әкімдіктер, шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері қатысқан жиын Парламент тарихында тек қана мемлекеттік тілде өтті. Бұл комитеттің тақырыптық жұмыс жоспарына сай өткен дөңгелек үстел Парламент қабырғасында алғаш рет елдің бүкіл шығармашылық одақтары мен қоғамдық ұйымдары басшыларын жиналып, Ұлттық болмысымызды сақтауды, яғни Ұлттық мүддемізді қорғауға арналған келелі кеңес, дүбірлі жиын болуымен де ерекшеленеді.

Тиісті министрліктер басшылары мен шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері баяндама жасаған жиында қорытынды баяндаманы Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі, ақын Қазыбек Иса жасады. Біз бүгін осы баяндаманы жариялап отырмыз. Дөңгелек үстелде жаалған барлық баяндамалар “Қазақ үні” газеті мен ұлттық порталында жарияланатын болады.

ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫ ҰЛТШЫЛДЫҚ НЕГІЗДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ КЕРЕК

СОНДА ҒАНА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕМІЗ ҚОРҒАЛАДЫ

-Ұлттық болмыс дегеніміздің өзі - Ұлттың жаны! Осыдан 4 жыл бұрын Елбасымыздың “Болашаққа бағдар - Рухани жаңғыру” мақаласы жарық көргенде мен бұл бағдарламаны “Қазақ үні” газетінде “Ұлтыңды сүюге рұқсат берілген құжат” деп жазып едім.

Осы бағдарламада айтылатын Ұлттық код – Ұлттық болмысымыз.

-Рухани жаңғырудың негізі - Ұлттық жаңа болмысты қалыптастыру.

Ұлттық болмысты қалыптастыратын ең алдымен ұлттың руханияты мен мәдениеті. Әдебиеті мен өнері! Білім-ғылымы! Яғни қазақ зиялылары.

-Қазіргі біздің мәдениетіміз қандай күйде екенін жаңа шығармашылық одақтар төрағаларының баяндамаларынан біліп отырмыз. Өзіміз де бұрыннан көріп, біліп келе жатырмыз. Үкіметтегі министрліктер басшыларының да есебін тыңдадық.

Қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор! Ұлыбританияның әйгілі Премьер-министрі Черчилльге екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол "Мәдениеттің шығындары қайда?" деп сұрайды. Қаржы министрі "Соғыс болып жатыр ғой, мәдениетті ойлауға шама жоқ" депті. Сонда Черчилль: "Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті сақтап қала алмасақ?" деп жауап берген.

-Шығармашылық одақтар шырылдауда, қаржы жоқ деп, ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де игерілмей отыр. Себебі, шығармашылық одақтардың тиісті құжаттарды дұрыс толтырмауынан дейді министрлік. Өздері жарымай отырған шығармашылық одақтар қарапайым мемлекеттік тапсырыс алу үшін құжат толтыру жұмысын жөндей алмаса, осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыра береді. Мұны қазақ «Кедейдің аузы сүтке тигенде, мұрны қанайды» дейді...

-Иә, бұл жолда олардың да, тиісті министрліктердің де мұңын түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық болмысқа рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелеуге зор үлесі бар Жазушылар одағы, Композиторлар, Суретшілер, театр-кино одақтары, яғни ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен ...ит үйретушілер секілді барлығы 22 мың ұйымның бәріне бірдей деңгейде қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді.

-Ұлттық болмысымызды қалыптастыруда ұлы жазушы Мұқтар Әуезовтың “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” дегеніндей, ең алдымен Ұлттық тәрбиенің рөлі зор! Ал ұлт мүддесін қорғайтын ұрпақтың тәрбиесі, сәбидің ана сүтінен қуат алатынындай, ана тілінен нәр алады.

Сондықтан да осыдан бір ғасыр бұрын Мұстафа Шоқай: “Өз тілінде білім ала алмағандар өзге елге қызмет етеді” деп айтқан болатын.

Иә, “Мәдениетің мен тіліңді сақтай алмасаң, шекараңды ашып тастай сал, енді неңді қорғайсың?”-деп белгілі данышпан айтқандай, ең басты қорғанымыз - Мәдениет пен тіл.

-Ал біздің телеарналардағы қаптаған өзге елдің телесериалдарының елге әсері үкіметтің бұйрықтары мен парламенттің заңдарынан да ықпалды болып кететінін ұмытпайық. Кейде теріс тәрбиеге ұлттық ұғымнан жұрдай өзіміздің түрлі фильмдеріміздің де кері әсері аз емес.

Телеарнасына тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілерді шығаратын елдің жалпы идеологиясы бүтін бе депойлауға тура келеді кейде...

-Қазір ұлттық болмысымыз қиын жағдайларға тап болуда. Әйел құқын қорғаудың атын жамылып, ұлтымыздың ұғымына жау пиғылдағы түрлі түсініксіз ұйымдардың Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тәуелсіздік бесігі - Алматыда шеруге шығып, Шымкенттегі шуға айналған қақтығысқа, Қызылордадағы қарекеттеріне қарасаңыз, біздің ұлттық тәрбиемізге, яғни қазір талқылап отырған ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫМЫЗҒА өте қауіпті шабуылдар қатері төніп тұр.

-Ұлттық идеология басты ұранымыз болуы үшін Тәуелсіз ел болғанымызға 30 болса да, әлі кібіртіктеп келе жатқан отарсыздануға жол ашуымыз керек. Отарсыздану жүрмесе, тарихың да таза емес. Өйткені, үнді кемеңгері Неру айтқандай: «Отар елдің тарихын отаршылдар жазған.»

Яғни, ұлттың жаңа болмысы Ұлтшылдық негізде қалыптасуы керек.

-Мемлекет басшысы атап айтып, санап көрсеткен ұлттың жаңа болмысына қажетті қасиеттердің бәрінің негізі Ұлтшылдыққа келіп тіреледі. Өйткені, кеше кеңес империясы кезінде 70 жыл ұлтшылдықпен күресу қазір Тәуелсіздіктің 30 жылында да тоқтаған жоқ. Көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафиннің “Бұрын біз ұлтшылдықпен күрестік, енді ұлтсыздықпен күресейік”-деген әйгілі сөзі қазір өте өзекті болып тұр.

Ұлтшылдық деген ұғымнан біздің билік әдеттегідей шошып кетпеу үшін түсіндіре кетейік. Ұлтшылдық дегеніміз - Мемлекетшілдік, елшілдік, патриоттық!

-1922 жылы ұлт ұстазы, Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толғанда сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин оның бар қасиетін айтып келіп, “Ең бастысы - Ұлтшыл”-деп мақтаған.

1922 жылы, Ресейдің автонмиясы кезіміздің өзінде қызыл сұңқар атанған Сәкен Сейфуллиннің өзі ұлтшылдықты дәріптеп тұрса, қазір неге Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толса да, әлі ұлтшылдықтан қашып жүрміз.

Ресейде мемлекеттік тілді қорғағандар «патриоттық» деп бағаланыпп, мақталады. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді қорғағандар – нашар мағынасындағы «ұлтшылдық» деп айыпталып, датталады!

Бұл бізде әлі ұлттық идеологияның жоқтығын білдіреді.

-Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы, қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет жасаған баяндамасында атап айтқандай, еліміздегі балабақшаның бәрі мемлекеттік тілде болып, Мемлекетттік тіл туралы заң қабылдануы тиіс.

-Бірлігі дұрыс болса, тірлігі ырыс болар елдің Ұлттық ұраны:

“Бір ел. Бір мүдде. Бір тіл” болуы керек. Бір тіл болмаған елде бір тілек те болмайды! Бір тілек болмаса, бірлік қайдан болады?! Ал бірлік болмаса-тірлік болмайтыны бәрімізге белгілі!

Ұлттық болмысты қалыптастырудың негізгі тірегі, Ұлт мүддесінің ең басты негізі – Ұлттың Тілі екені айқын!

Біздің билікке де, біздің бәрімізге де, барлығы тілге келіп тірелетінін мойындайтын уақыт болды.

Ендеше, біз сөзіміздің соңын ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың “Тілді қорғау - ұлттық қауіпсіздікті қорғаумен бірдей» деген сөзімен түйіндейміз.

Жалғасын, толық нұсқаны сілтемеден оқисыздар:

https://www.facebook.com/100001908576595/posts/5611782428895321/?d=n

Пікірлер
Редакция таңдауы