Есет батырдың елінде, Желтоқсандықтар отанында Никонов орталықтары жұмыс істеуде

2109

4-маусым күні Қарағанды қаласындағы Бөкетов университетінде "Орыс әлемі" қорының қолдауымен "Орыс орталығы" ашылды деген хабарлама тарады. Бұл туралы ақпарат "Қазақстан деген болмаған. Қазақ жері КСРО мен Ресей империясының сыйы" деген ресейлік саясаткер, тарихшы Вячеслав Никоновқа тиесілі "Орыс әлемі" қорының ресми сайты russkiymir.ruда жарияланды. Онда бұл Қазақстандағы үшінші орталық екені, бұған дейін Алматы мен Ақтөбе қаласында ашылғаны жазылыпты. Тіпті олар Алма-Ата және Актюбинск деп жазу арқылы тәуелсіз Қазақстанның жер-су, елді-мекен атауларын мойындамайтынын да айқын сездіріпті. Алайда кейіннен Қарағандыда орталық ашылғаны туралы ақпарат сайттан алынып тасталды. Дей-тұра ол ақпараттың скриндері сақтаулы. 

Мақаланың алынуына Бөкетов атындағы университеттің ресми жауабы әсер еткен сыңайлы. Қарағанды қаласындағы Бөкетов атындағы университеттің атауы орыс тілінде ашылған Фейсбуктегі ресми парақшасында "Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ресми парақшасында келесідегідей ақпарат жарияланды: «6 маусымда А.С.Пушкиннің туған күні қарсаңында тойланатын халықаралық орыс тілі күніне орай филология факультетінде орыс тілі мен әдебиетінің оқу кабинеті ашылды. Өкінішке орай, осыған байланысты кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтердің шынайы болмағандығын айта кету керек.
Университетте соңғы уақытта тілдерді сапалы оқыту үшін ағылшын, неміс, қытай, түрік тілдерінің кабинеті ашылғандығын атап өткіміз келеді. Аталмыш ашылған кабинеттің «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып жатқан білім алушыларға және алыс-жақын шетелден келген студенттерге орыс тілі мен әдебиетін меңгертуді мақсат ететіндігін түсіндіреміз.
Бұл кабинетті ашу мәселесі Қазақстандағы Ресейдің Төтенше және Өкілетті Елшілігімен 2017, 2018, 2019 жылдары талқыланып, шешімін тапқан.
Екіжақты өзара келісімнің негізінде 2021 жылы сәуір айында берілген 1038 дана оқу әдебиеті филология факультетінде орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқитын студенттердің оқу аудиториясына қойылды" деп жауап берген.  Аталмыш хабарламадан кейін russkiymir.ru сайтындағы ақпарат өшірілді.

Russkiymir.ru cайтында әлем бойынша ашылған орталықтардың мекен-жайы мен ақпараттары бар. Әлемнің 52 елінде Никонов қоры орталықтар ашып үлгеріпті. Орталықтардың басым бөлігі оқу орындарында ашылған. Қазақстанда екі орталықтың мекен-жайы анық көрсетілген. Олар Алматы қаласында Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, басшысы Уматова Жанна Максутовна деп көрсетілсе, Ақтөбе қаласында Қазақ-орыс халықаралық университетінде, басшысы Емельянова Елена Владимировна деп жазылған. Орталық Азия елдері бойынша "Орыс орталықтары" Өзбекстан мен Түркіменстанда жоқ.

Аталмыш орталықтардың жұмыс істеуі үлкен күмән туындататды. Басшысы Вячеслав Никонов "Қазақтың жері болмаған, ол Ресейдің сыйы" десе, орталықтың мақсаты мәдени байланыс пен достық қатынасты арттыру екеніне сену қиын.  1986 жылы желтоқсанда боздақтардың қаны азаттық үшін төгілген Алматыда, Ресей империясына қарсы соғысып, егесіп өткен Есет батырдың отаны Ақтөбеде Никонов орталықтарының болуы тарихқа қиянат, елдікке сын.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы