Сыбызғы сыныбы жолға қойылды

3646
Adyrna.kz Telegram

«Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Талғат Мұқышевтың «Сыбызғы үйрену мектебі» атты кітабы жарық көрді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультеті Домбыра кафедрасының профессоры, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Біләл Ысқақовтың ай­туын­ша, бәсекеге қабілетті ма­ман­дар даярлау үшін, оқу жүйе­сі­не лайықты оқулықтар мен оқу құ­рал­дары міндетті түрде қажет. Әдістемеліктің жазылуы осы та­лапқа сай, заңды түрде туындап отыр. Бұл іске Талғат Кәріп­жанұлының білімі де, білігі де же­теді. Ол – Башқұртстан халық артистері Ишмурат Ильбаков, Азат Айткулов, Ришат Рахимов­тардан сабақ алып және дүлдүл сыбызғышылар Кәлек Құма­қайұлы мен Бейілхан Қалиәк­парұлынан күй үйреніп, батасын алған дара өнерпаз. Ұстаздары­-нан меңгерген дәстүрлі сыбыз­­ғышы­лық шеберлікті жаңа са­-тыға кө­теріп, өзіндік мектеп қа­лып­тас­тырушы. Еліміздегі кәсіби сы­бызғы мектебінің негізін қа­лап, тұңғыш кәсіби сыбызғышы де­ген жоғары білім алған бірегей маман. 1995 жылы Құрман-ғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясынан, 2013 жылы Ж.Еле­­­беков атындағы Респуб­ликалық эстрада-цирк колледжі­нен, 2015 жылы Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан сыбызғының алғашқы кәсіби мамандық клас­тарын ашқан қазақ халқының музыка тарихындағы ең бірінші ұстаз.
– «Сыбызғы үйрену мектебі» – сыбызғы аспабын дамытып, бо­лашақ сыбызғышы мамандарды оқытып, тәрбиелеу үшін жасалған зор еңбек деп санаймын. Автор сыбызғы үйренудің әдістемелік нұсқауын және орындаушылық шеберлікті дамытатын жатты­ғуларды молынан ұсынған. Хал­қы­мыздың күй өнерінің барлық дәстүрлеріне тоқтала отырып, сы­бызғышылық мектептерді ба­рынша қамтыған. Болашақ сы­бызғышыға дәстүрлі күйшілікті және әндер мен шығармаларды, оркестр, ансамбльдік туынды­ларды шебер меңгеруге арналған репертуарлар лайықты да тал­ғам­паздықпен іріктеліп берілген. Түркітілдес халықтардың сыбыз­ғы тектес аспаптарына жазылған күйлер мен қазақ және шетел композиторларының шығарма­лары енгізіліп, репертуар қоры мейлінше байытылған. Домбыра, қобыз, флейта, гобой, қурай үй­рену мектептері үлгі ретінде алы­нып, сыбызғы үйренуге ортақ әдіс-тәсілдер, әдістемелік нұс­қау­лар мен репертуарлар орынды пайдаланылған.
Талғат Мұқышевтің «Сыбызғы үйрену мектебі» еңбегі 20 жылдан астам сыбызғы мамандығынан шәкірттер оқытып, сыбызғышы-мамандар даярлаған тәжіри­бе­сінің жемісі деп білемін. Сондық­тан «Сыбызғы үйрену мектебі» кітабы халқымыздың асыл мұра­сы – сыбызғы өнерінің өркендеп дамуы үшін қосылған құнды ең­бек және басты – оқу құралы деп зор сеніммен айта аламыз, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген ар­тисі, «Құрмет» орденінің иегері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі, доцент Рамазан Стам­ғазиев.
«Сыбызғы үйрену мектебі» оқу құралы үш бөлімнен тұрады.
І бөлімде музыка мектептері­нің кіші сынып оқушылары мен алғашқы үйренушілерге арнал­-ған «До» дыбысына күйге кел­тірілген сыбызғыда оқыту көз­делген. Әдістемелік нұсқауда аспапты қалай ұстау, дыбыс шы­ғару және жаттығулар, әндер мен шығармалар фортепиано сүйе­мелдеуімен берілген. Оқушыға бастапқыда «До» сыбызғысында үйретудің себебі, кіші сыныптағы балалардың көлемі ұзын «Соль» және «Ля» сыбызғыларын тар­-туға қолдарының жетпейтіндігі еске­рілген.
ІІ бөлімде музыка мектеп­тері­нің үлкен сынып оқушыларына, орта және жоғары оқу орын­дарының студенттеріне арналған «Соль» және «Ля» дыбысына күйге келтірілген сыбызғыларда оқыту жоспарланған. Оқушының жан-жақты өсіп, кәсіби деңгейге жетуіне этюдтерден бастап, әр­түрлі техникалық қиындық­тар­дағы және түрлі мазмұндағы шы­ғармалар фортепиано сүйемел­деуімен хрестоматия ретінде ба­рынша қамтылған.
ІІІ бөлімде қосымша ретінде «Сазсырнай үйренуге» арналған әндер мен шығармалардан құ­рылған репертуар түзілген.

Талғат МҰҚЫШЕВ,
Өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент:
– Бұрындары жарық көрген әдеби-монографиялық еңбек­тердегі сыбызғы туралы деректер ғылыми-танымдық сипаттарда жазылған және бөлек-бөлек әрбір кітаптардың ішінде жеке тақы­рып ретінде берілген. Сыбызғы мамандығын қайта жандандырып, оқу жүйесіне қосу мәселелері ға­лымдар А.Жұбанов пен Б.Сары­баев, Т.Бекхожиналардың еңбек­терінде ғана көтеріліп айтылған. Байқағанымыздай, сыбызғыға ар­налған оқу құралдары мен оқу­лықтардың жетіспейтіндігі айт­пай-ақ түсінуге болады. Сы­бызғы мамандығы бойынша оқу жүйе­сіне арналған шығармаларды бір-бірлеп жинап, репертуар құрас­тыру және оқу құралдарын жазу ашылған кластар үшін ауадай қажет еді. Башқұртстан консер­ваториясында оқытқан Баш­құртстан халық артистері қурай­шылар Ришат Рахимов, Азат Айт­құлов, Айрат Кубагушев, Ишмурат Ильбаков, Нұрғали Кайекбердин, Қадир Аубакиров сынды ұстаздарымнан алған бі­лімімді және оқытқан «Қурай» оқулықтарын тәжірибеге ала отырып, жоғары және орта оқу орындарына арналған сыбызғы мамандығы бойынша «Оқу жұ­мыс бағдарламасын» және «Тип­тік оқу бағдарламаларын» түзіп жасадым. Сабақ берген алғашқы күннен сыбызғыға келетін ән-күй­лер мен шығармаларды із­дестіріп жинаудан бастап, репер­туар құрастыруды қолға алдым. Біріншіден, сыбызғының ды­быстық диапазонының мүмкін­дігіне лайықтап, қарапайым құ­ры­лымнан бастап, күрделене тү­сетін халық әндері және әр алуан бағыттағы туындылар топтас­ты­рылды. Аспаптың орындаушы­лық мүмкіндігін дамыту, шы­ғар­малар орындаудағы шеберлігін арттыру, көркемдік мазмұнын ашу бағытындағы Қазақстан және шетел композиторларының үр­лемелі гобой, флейта және шерт­пелі, ыспалы музыкалық аспап­тарына арналып жазылған шы­ғармалары жан-жақты сарап­та­лып, үлкен талғаммен жинақ­талды. Сыбызғы тектес Башқұрт қурайы аспабына арнайы жа­зылған пьесалар мен өңдеулер, алыс-жақын шетел классикалық композиторларының күрделі кө­лемдегі вариациялары, сонаталар мен концерттері іріктеліп алы­нып, сыбызғы аспабына лайық­талды. Орындаушының музы­ка­лық көзқарасының жан-жақты кең болуы негізгі мақсатымыз бол­ғандықтан, әлем халық­тары­ның музыкалық шығармалары­мен репертуарымызды то­лықтыр­дық. Сонымен қатар ан­самбль, оркестрлерге жазылған сыбызғы партиясының шеберлік қиын­дық­тарымен, дыбыстық үйлесім­діктерін игеріп және жеке орын­даушы ретінде көркемдік орын­дау­шылықты да жетілдіруге ар­налған бірнеше ансамбльдік шы­­ғармалар ұсынылып, шығар­ма­лар репертуары біршама рет­телді.
Сыбызғыға арналған жеке кі­тап, не болмаса, сыбызғы күй­лерінің жеке жинағы Қазақстан­-да 2005 жылға дейін жарық көр­меген екен. Оқыту барысында сыбызғыға, сыбызғы күйлерін тауып үйрету де үлкен мәселе бол­ды. А.Жұбановтың еңбегіндегі «Сармалай күйлері», Т.Бекхо­жина, А.Райымбергенов және «Қазақтың «фольклорлық музы­касы» жинақтарында бөлек-бө­лек шыққан санаулы күйлер ғана нотаға түсіп, жарық көрген екен. Қ.Ахмерұлының «Баян-Өлгей дом­быра және сыбызғы күй­-лерін» айтуға болады, оның өзі Моңғолия баспасынан шыққан. Дүлдүл сыбызғышы Кәлек Құма­қайұлымен алғаш кездесуімде 100-ге тарта сыбызғы күйлерін аңыздарымен бірге үнтаспаға жа­зып алдым. Сол күйлердің 40-тан астамы нотаға түсіріліп, аңыз-әң­гімелерімен менің құрастыруым­да «Сыбызғы сазы» деген атпен Қазақстандағы бірінші сыбызғы күйлер жинағы болып 2005 жылы «Өнер» баспасынан жарыққа шықты. Аталмыш күйлер жинағы оқу жүйесінде студенттерге сы­бызғының төл күйлерін, дәстүрлі түрде үйретуге өте құнды еңбек болып табылды. Күй қорымызды да толықтырды және еліміздің музыкалық оқу орындарының бәрінде бүгінгі күнге дейін оқу құралы ретінде оқытылып жүр. Бұл жазылған «Сыбызғы үйрену мектебі» оқу құралымызда сы­бызғының табиғаты күй аспабы, күй орындау болғандықтан, сы­бызғының қорында күйдің көп болуына көңіл бөлініп шектеу қойылмауларын ескердік. Қобыз, домбыраның сыбызғыға келетін күйлерін лайықтап, сыбызғы тек­тес аспаптар Түркімен түйдігі, Башқұрт қурайы, Қырғыз шоо­рының күйлерін де қосып, оқушы өрісінің жан-жақты өсуіне ерекше көңіл аударылды. Оқушының өзі үйренген күйлерінің шығу та­рихын білуіне көмекші ретінде, сыбызғы күйлері аңыз-әңгі­ме­лерімен бірге берілгенін жөн көрдік. 2010 жылы «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антоло­гия­сының шығуына орай, Қытайда тұратын қазақтардың сыбызғы күйлерін жинастырдық. Қытай­дағы Боғда тауының баурайын­-
да тұратын атақты сыбызғышы Бейіл­хан Қалиәкпарұлынан күй­лер үйреніп, 30-дан астам сы­бызғы күйлерін үнтаспаға жазып алдым. Бұл күйлер нотаға түсі­рі­ліп, өз алдына оқу құралы ретінде шығаруға дайындап жа­тырмын. Болашақта күй қоры­мызға қо­сылған тағы да бір құнды күйлер жинағы болмақ.
Айтып отырғанымыздай, бір талдап жинаған күйлер мен шы­ғармаларымыз оқу талаптарына сай құрастырылып, осы репер­туарлардың арқасында оқулық­-тар жазу біртіндеп қолға алынды. Сыбызғыға арналған шығарма­-лар хрестоматиясы және күйлер жинағы, оқу құралдары жазы­-лып, оқу барысында оқушылар мен студенттердің игіліктеріне пайдаланылып келеді.
Бүгінгі күндегі сыбызғы өнері­нің жетістіктерін айтар болсақ, жастардың сыбызғы үйренуге де­ген талаптары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр, талапкер­лердің де саны өсуде. Қазақ­стандағы жоғары және орта білім беретін музыкалық оқу орын­дарында сыбызғы аспабы мамандық ретінде оқытылып ауқымы кеңейуде. Сонымен қа­тар сыбызғыға арналған оқу­лық­тар жазылып, баспадан жарық көріп жатса, студенттер мен ма­гис­транттар тарапынан диплом­дық жұмыстар мен ғылыми-дис­сертациялық еңбектер қорға­-луда. Көп жылғы ізденістер мен тынбай еңбектенгеннің арқа­сын­да бүгінгі күні оқу жүйесінде сы­бызғы сыныбын тиянақты түрде бір жолға қойдық деп үлкен се­німмен айта аламыз.
Талантты студенттеріміз ха­лықаралық «Шабыт», респуб­ли­калық «Асыл мұра», «Мәңгілік сарын», тағы да басқа конкурс-фестивальдардан жүлделі орын­дар иеленіп, лауреаттары атанып жүр. Концерттік сапарлармен сыбызғы сазын дүниежүзіне та­нытып жүрген өнерпаздарымыз да жыл сайын көбейіп келе жат­қанын ел мақтанышы деп біле­-міз. Сыбызғы еліміздегі барлық фольклорлық ансамбльдер мен оркестрлерде, сирек болса да этно-фольк эстрада ансамбль­дерінде жан-жақты қолданылып, өнер ордасында өз орны бар, халқымыздың сүйіп тыңдайтын, жанына жақын музыкалық ас­пабына айналғаны қуантады. Ықылым заманнан сыр шертіп жеткен сыбызғының 100-ге тарта күйлері «Мәңгілік сарын», «Қа­зақ­тың дәстүрлі 1000 күйі» атты күй жинақтарынан өз орнын алып, Қазақ халқының музыка­лық өнерінің асыл мұрасына айналып отырғаны – ұлттық мәдениетіміздің үлкен жетістігі.
«Сыбызғы үйрену мектебінің» алға қойған мақсаты – аспапты үйренуді сыбызғы өнерінің та­рихынан бастап, сыбызғының қойылымын, дыбыс шығаруын, тыныспен дұрыс жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін, әдістемелік нұс­қауда көрсетілген үлгілерге сүйе­не отырып, дұрыс меңгеру үшін жол ашады. Жаттығулар ойнаудан бастап, этюд, гамма, арпеджиолар және сыбызғыға лайықталған репертуарлар көмегімен форте­пиано сүйемелдеуінде түрлі дең­гейдегі шығармаларды тартуды, ансамбль, оркестр партияларын бірден оқитындай білім алады. Сонымен бірге, «көмей дауысын» қосып, дәстүрлі күй орын­даушы­лықты үйреніп шығуға бағыт бе­ретін негізгі оқу құралы болып саналады.


Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,

"Айқын".

Пікірлер