Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі балалар өкілдерімен кездескені туралы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп оқушыларымен дәстүрлі форматта, ал жиынға басқа өңірлерден қатысқан оқушылармен онлайн форматта әңгімелестік. Жасына қарамастан, жеткіншектер қойған сұрақтардың мән-мазмұны мені таңқалдырғанын атап өткім келеді. Бірі ғалымдардың еңбегі қаншалықты бағаланады, ғылымның қай бағыттарын таңдаған дұрыс деп сұраса, енді бірі замануи технологиялар балалардың күнделікті өмірінде тамырын терең жайып бара жатқанына алаңдаулы. Сондай-ақ оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру бойынша идеялар да талқыланды»,– деді ол.
Министр оқушылармен кездесу барысында осыдан бір жыл бұрын мектептерде балалар өкілдіктерін құру жөніндегі шешімінің дұрыс болғанына көз жеткізгенін атап өтті.
«Мен өз тарапымнан кітапханалар жаңа форматта жұмыс істеп, балалардың сүйікті орнына айналуы туралы айттым.
Коворкинг орталықтарында жас жеткіншектер бас қосып, бірге кітап оқып, оқығандарын өзара талқылап, пікірталасқа түсе алады. Сонымен бірге көркем әдебиетті мемлекеттік тілде оқу мәселесіне назарларын аудардым.Талқыланған тағы бір ұсыныс – балалар мен мұғалімдерге мектептегі қаржылық процестерге қатысуға мүмкіндік беру. Яғни, олар мектеп бюджетінің белгілі бір бөлігін, тіпті аса көп бөлігі болмаса да, мектепті жақсарту үшін қажет және маңызды деп санайтын бағыттарға жұмсау бойынша шешім қабылдау рәсіміне қатыстыру. Мұндай бірлескен шешімдер педагогтер мен оқушылар арасындағы байланысты нығайтып, балалардың оқуға деген қызығушылығын арттырады деп айтылды. Осы сияқты бірнеше маңызды бастамаларды талқыладық.
Сыныптастарының мүдделерін қорғап жүрген мектеп оқушылары бүгінгі кездесуден кейін де белсенді әрі жаңашыл болып қала береді деп сенемін»,– деп сөзін қорытындылады Аймағамбетов.
«Адырна» ұлттық порталы