Ақтөбеде болған теракт: Ұмытуға болмайды!

2464
Adyrna.kz Telegram

Осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбеде қару-жарақ сататын екі дүкенге және №6655 әскери бөліміне лаңкестік шабуыл жасалды. Лаңкестердің қолынан 7 адам қаза тапты, 30-ға жуық адам түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.

Сол жылы болған қайғылы оқиға барлығын есеңгіретті. Қылмыскерлердің қолынан полиция және әскери қызметкерлермен бірге тұрғындар да қаза тапты. Бірақ олардың арам ойлары әрі қарай іске асуына құқық қорғау органдарының жедел шаралары мүмкіндік берген жоқ.

Халықтың тыныштығын қорғау жолында №6655 әскери бөлімінің сарбаздары — майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапар қылмыскерлермен айқасып, қаза тапты. Олардың жанкештілікпен жасаған әрекеттері лайықты бағасын алып, тәуелсіз Қазақстанның ерлік туралы  жылнамасына жазылды.

Қаза тапқан ақтөбеліктердің ішінде «Паллада» қару-жарақ дүкенінің 44 жастағы сатушысы Андрей Максименко, 69 жастағы зейнеткер Николай Онищенко, 35 жастағы Михаил Матросов бар. Олар қылмыскерлердің қолынан кездейсоқ қаза болды. 33 жастағы «Күзет» қызметкері Мейірхан Тәжібаев қызметтік міндетін орындау кезінде қайтыс болды.

Терактіде қаза тапқандардың барлығының артында балалары жетім қалды. Олардың арасында  балабақша мен мектеп жасындағы балалар да бар. Қаза тапқан әскерилердің бірі — 20-ға да толмаған қыршын жас еді, оның артында ата-анасы аңырап қалды.

Ал лаңкестік оқиғаға келсек, оған 27 адам қатысқан. Олардың он сегізі қолға түсіру операциясы кезінде атылды, 9-ы ұсталды. Жалпы, айыпталушылар саны — 29: 9 адам террористік актіге қатысқаны үшін, сондай-ақ, ҚР ҚК-нің басқа да баптары бойынша, ал 18 адам — қылмыстық оқиғаға дайындық болып жатқанын біле тұра, хабарламағаны үшін; қалған екі адам қылмысты жасырғаны үшін айыпталды.

Қылмыстық іс материалдары 201 томға жеткен, 26 рет тергеу ісі, 215 сот-медициналық сараптама жүргізілген. Оқиға орнында түсірілген бейнежазбалардан мәліметтер банкі құрылған. Сотқа 27 адам — айыпталушылар мүддесін қорғауға, 88 адам — жәбір шегуші ретінде, 48 адам куәгер ретінде қатысқан.

2016 жылы 9 маусымда Ақтөбеде болған терактіге байланысты Қазақстанда ұлттық аза тұту күні жарияланды.

5 жыл бұрын бұл күні республика көлемінде тулар төмен түсірілді. Мәдени-көпшілік және спорттық шаралар кейінге шегерілді. Теле-радиолардан берілетін ойын-сауық бағдарламалары тоқтатылды.

Мұндай оқиға қайталанбасын және еліміздің тыныштығы бұзылмасын деп тілейміз!

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер