Әке туралы сыр (Жәкім Қоңқайұлының рухына)

4685
Adyrna.kz Telegram

 

 Халқымыз “Әке – асқар тау”, “Әке көрген оқ жонар” деп бекер айтпаған ғой. Баланың тұлға, азамат болып қалыптасуы отбасынан, ата-ана тәрбиесінен басталады.

Біздің әкеміз 40 жылдан астам уақыт оқу-ағарту саласында қызмет етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Ағарту ісінің үздігі. Жас ұрпаққа біліммен қатар тәрбие беру, олардың бойына адамгершілік дәнін егу, болашаққа бағдар беру, қамқорлық жасау – бұл Әкеміздің өмірлік ұстанымы еді.

Жақсы ұстаз болып қалыптасу үшін педагогикалық оқу орнын тәмамдау, сірә, жеткіліксіз. Ол үшін ұстаз боламын деген жанның жүрегінде жас ұрпаққа деген қамқорлық, олардың болашақтарына деген алаңдаушылық пен сүйікті іске деген құлшыныс болуы шарт шығар... 50-жылдардың орта шенінде Қазақтың қара шаңырағы – Абай атындағы Педагогикалық институттан түлеп ұшқан талапты да талантты жас ұстаз сол сәттен бастап ұзақ жылдар бойы теміржол мектептерінде шәкірттерді төл тіліміз бен әдебиетіміздің қайнарынан сусындатып, терең білім мен тәлім-тәрбие берді. Мұның жанды дәлелі – күні бүгінге дейін әкемізді ерекше ықыласпен сағына еске алатын шәкірттерінің естеліктері дер едім...

Біз үшін Жәкім Қоңқайұлы – ең алдымен асқар тау Әке, бой түзеп, үлгі алар өнегелі де парасатты тұлға... Әкеміздің бойындағы асыл қасиеттер жары мен балаларын ғана емес, бүкіл туған-туыстары, көрші-көлемі мен құда-жекжаттарын сүйсіндірмей қоймайтын. Қанша білімдар, өмірден көрген-түйгені, ізденіп оқығаны көп болғанымен, Әкеміз ешқашанда “мен білем”-ге салынбайтын. Өз пікірін орнымен, байыпты ғана көркем тілмен өрнектеп жеткізетін еді. Табиғатынан өте қарапайым жан өзі отырған ортада өзіне қатысты сәл мақтау сөз айтылса болғаны, әңгіме арқауын басқа арнаға бұрушы еді.

Отбасында Әкеміз балаларына да, немерелеріне да бірде-бір рет дауыс көтеріп көрген емес. Бәрімізді алақанына салып “айналайын” деп әлпештеп, аялап өсірді. Ол кісі баланың да, үлкеннің де жан-дүниесін жақсы бағдарлай білетін. Кемшілікті көрсе, адамның намысына тимей, майдалап қана жеткізетін. Бірақ сол бір ескертудің өзі енді ондай кемшілік жібермеу керектігін мықтап ұқтыратын.

Кішкене кезден бастап Әкеміз балаларымен үлкен адамдарша сөйлесіп, біздің ой-пікірімізді сұрап отыратын. Мұның сыры, меніңше, бізді өз пікірін жасқанбай, еркін жеткізетін, өзіне-өзі сенімді тұлға ретінде қалыптастырғысы келгендігінен деп білемін. Бала кезде “негеш” болып, көп сұрақ жаудыратын сәттерде де жұмысбастылығына қарамай, бірде-бір сұрағымызды жауапсыз қалдырмай, бүге-шігесіне шейін түсіндіруші еді. Әкеміз баланың білуге, оқуға деген қызығушылығы сөндіріп алмай, қайта тұтандыра түсу қажеттігін анық білетін. Әкеміз “Асыл тастан, ақыл жастан” деген нақылды жиі қайталап отыратын, әрі үйге келген жас буынмен қызыға пікірлесетін.

Кезінде Әкеміздің ғылымдағы ізденістерін бағалаған ұстаздары, оны Мәскеу университетінің аспирантурасына ұсынған еді. Алайда, болашақ ұрпақ тәрбиесін өзінің ғылыми мансабынан жоғары санаған Әкеміз бұл ұсыныстан бас тартқан еді. Бірақ балаларының оқу-білімге, ғылымға деген талпыныстарын әрдайым қолдап отырды. Балалары жазған ғылыми жұмыстар мен мақалалардың да алғашқы сыншысы өзі болатын. Төрт баласы төрт түрлі саланың маманы болғанымен, танымы кең, білімдар Әке әрқайсысына ақылын айтып, бағыт беріп отырды. Кешкі бесте ішілетін шай – біздің отбасының бас қосып, пікірлесетін, көркем шығармалар мен мақалалар талдайтын, әрқайсымызды алаңдататын мәселелермен бөлісетін керемет сәт еді...

Әкеміздің парасаттылығы, зиялылығы, адамгершілігі мен кішіпейілділігі оның адамдармен қарым-қатынасынан да көрініп тұратын. Әкеміз бен Анамыздың сыйластығы –қазіргі жастарға үлгі-өнеге боларлық модель десе де артық емес. Балаларын “Әкелеріңді құрметтеңдер, сыйлаңдар” деп өсірген, жағдайын жасап бәйек болған Анамызды Әкеміз бір сәт те атымен атамай, “Бике” деп еркелетіп өтті. Анамыздың сәл сырқаттанғаны Әкемізді әрдайым қатты алаңдататын. Ал балаларының бірі сырқаттанса болғаны, “Сендердің табандарыңа кірген шеге менің маңдайыма қадалсын”, - деп жанымыздан бір сәт те шықпай, басымызды ұстап, дұға-тілектерін айтып отырушы еді. Туған-туыс, көрші-көлемнің, құдаларының амандығын сұрасып, әрдайым сыйластықта өмір сүретін жан еді... Содан да болар, Әкемізді бүгінде біз ғана емес, қаншама халық іздеп, сағынып отыр...

Асқар таудың биіктігі алыстаған сайын асқақтай түсер демекші, бүгінде ортамызда болмағанымен, Әкеміздің қалдырған өшпес ізі, айтқан ақылы мен өсиеттері, көрсеткен үлгілері біздің бәріміздің жадымызда мәңгіге сақталары сөзсіз... Абай атамыздың “Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деген өлең жолдары осындай өнегелі өмір иесі, адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған ақылды да парасатты тұлға, зиялы азамат, отбасы тірегі, мәуелі бәйтерек, жанашыр Әке, ардақты Ата, көргені мен түйгені мол ақылшы ақсақал Жәкім Қоңқайұлына арналғандай. Жаныңыз жаннатта болсын, Асыл Әке... Біз Сізді күн сайын сағынамыз, дәрігер сөзіне сенбей, келе ме деп телміріп күткен күндеріміз де аз болмады... Сізге деген біздің балалық махаббатымыз, алғысымыз бен сағынышымыз шексіз, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Сізді әрдайым мақтан тұтамыз... үлгі аламыз... Сіздей Әкеміз болғандығына Алла-тағалаға мың да бір алғыс айтамыз... Біз де Сіздің артқан үмітіңізді ақтап, атыңызға лайық болуға тырысып бағамыз...


Қызы Әсел ЖӘКІМ,

филология ғылымдарының кандидаты, Абердин университетінің (Ұлыбритания) докторанты

Пікірлер