Денис Теннің өлімі бойынша сотталғандардың бірі эксклюзив сұхбат берді

1080

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімі бойынша сотталғандардың бірі Жанар Толыбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

Бұл Толыбаеваның қайғылы оқиғадан кейін берген алғашқы сұхбаты.

2020 жылы жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, түрмеден шыққан Жанар Толыбаева екі ай бұрын қайтадан темір торға тоғытылған. Ол жазасын Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде өтеп жатыр. Бұл сотталушылар үш жасқа толмаған баласымен бірге отыра алатын Қазақстандағы жалғыз түрме. Толыбаева мұнда екі жастан асқан ұлымен бірге отыр.

- Жанар, әңгімені басынан бастасақ...

Мен туралы бүкіл Қазақстан білуі де мүмкін. Себебі мен бұл жерде Денис Теннің ісі бойынша қылмысты біле тұра айтпағаным үшін отырмын. Бірінші рет сұхбат беріп жатырмын. Бұған дейін ешқашан берген емеспін. Сұхбат беруден бас тартып келдім. Бұл жолы бергім келіп отыр, себебі мені бір рет емес, бірнеше рет қайтарып жатыр. Бұл шулы іс болғаннан кейін... бірақ неге Қазақстанда заң барлығына бірдей қолданылмайды? Менің соған ішім ашиды.

Осы іс болған кезде мен бала көтерген едім. Жүктілік уақыты тергеу изоляторында өтті. Баланы босанғаннан кейін қауіпсіздігі төмен мекемеге ауыстырды. Ол кезде жүрудің өзі маған оңай тиген жоқ. Себебі операция, кесар тілігінен кейін қиын болды. Үш айдан кейін қайтадан баламен бірге қоныс колониясынан ауыстырды. Жарайды, мен қайтып келдім. Осы жерде жалпы колонияда жазамды өтедім.

Мұның бәрін қайтадан айту маған оңай емес. Менің де ата-анама оңай емес. Марқұмның да ата-анасына оңай емес. Оны да түсінуге болады. Егер менен кеткен қателік болса, бүкіл Қазақстаннан кешірім сұраймын. Шынымды айтсам, мен өзім де ондай жағдайдың болатынын білген жоқпын. Өзімнің де ата-анамнан кешірім сұраймын. Олар да мен үшін қаншама қиналды, қаншама тер төкті. Әлі күнге дейін мені көру үшін, баламды бір көріп кетейінші деп табанын тоздырып осы жерге келіп жүр.
Заң бойынша ауыр қылмыс кезінде жазаның үштен бір бөлігін өтеп, шығуға болады. Егер ешқандай заңбұзушылық болмаса, түрме ішіндегі тәртіп жақсы болса, жазаны жеңілдетеді. Осы мерзімді өтегеннен кейін сотқа арыз жаздым. Баламен бұл жерде отырған маған да оңай емес. Сот шешімімен менің жазам 73-бап бойынша бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Бірақ 1 жыл 3 айдан кейін қайтадан осы жерге, жалпы колонияға оралып отырмын.

Бостандықта тағы да бір ұлым бар. Ол ұлым да өзінің бауырына бауыр басып, маған қайтадан үйреніп қалды. Бас бостандығын шектеу бойынша жүргенде мен ешқандай жазасыз жүрген жоқпын ғой. Үйге келіп, тексерген кезде мен үшін ол да стресс болған. Балам қайтадан алып кетер ме екен деп қорқып кететін.

- Түрмеге қайта қамалғаныңызға қанша уақыт болды?

Келгеніме екі айдай болып қалды. Жетінші маусымда екі ай болады.

- Енді қанша уақыт отыру керек?

Келесі жылдың 4 сәуірінде мерзім бітеді.

- Балаңыз қазір неше жаста?

Балама қазір 2 жас 2 ай болды. 3 жасқа толып менімен бірге шығады.

Айтайын дегенім, бізде заң бәріне біркелкі қолданылмайды. Мысалы, менің шығып кетіп, қайта оралым менің кінәм емес қой. Маған да, менің отбасыма да оңай тиген жоқ. Өз қолымен қыздарын түрмеге апару – ол да оңай нәрсе емес.

- Демек, марқұмның туыстары шағым айтқан соң қайтадан отырғызып отыр ғой?

Иә, оның бәрі осы колонияның сот алқасының қателігі. Себебі олар уақытында марқұмның туыстарына менің сотқа өтініш түсіргенім туралы ешқандай ескерту жібермеген. Бір жыл үш айдан кейін қайтадан келіп отырмын. Бір жыл болған кезде бүкіл сайт "Толыбаева бостандыққа шықты, бір жыл болды" деп жаза бастады. Оған дейін ешкім ештеңе жазған жоқ болатын.

Іс туралы бәрін ашып айтып беремін деп ойлағанмын, бірақ дайын емеспін.

- Сол күн есіңізде ме?

Сол күннің әр сағат, әр минут, әр секунды менің есімде. Мен шыққаннан кейін де түсіме жиі кіретін. Бұл жерге қайта келгенде де түсіме жиі кіріп, шошып оянатын күндерім болды.

- Бір жыл түрмеден шыққан кезде соның бәрін ұмыта алдыңыз ба?

Ұмыту мүмкін емес сияқты, түсіңе әр күн сайын кіріп отырса, сен оны ұмыта алмайсың. Немесе таныстарымды көріп қалғанда... бетіме басып айтты деп айта алмаймын. Себебі барлығы түсіністікпен қарады. Таныстарымның, жақындарымның барлығы жанашырлықпен қарады. Мен туралы Қазақстанның жартысы жақсы ойда, жартысы теріс ойда ғой.

- Ал сіз өзіңіз туралы не ойлайсыз?

Бұл уақытқа дейін мүмкін ойланбай, асығыс шешім қабылдап жүрген шығармын. Бірақ қазір жазамды өтеу барысында менің түсінгенім: ең бастысы достар емес, ең бастысы сенің қалай өмір сүруің емес, ең бастысы – сенің жақындарың, ата-анаң, бауырларың екен. Болды. Басқа ешкім маңызды емес.

Осы уақытқа дейін достарымды Құдайдай сыйлап, бәріне көмектесіп... өзім сондай адаммын, біреу жағдайын айтса, көмектесуге әрқашан дайын тұрамын. Сол іс болған сәтте де көмектесу үшін ғана барған болатынмын.

- Қалай көмектесуге бардыңыз?

Оның бәрі сот барысында айтылған болатын. Екі жігіттің бірінің қызы екіқабат болып қалып, дәрі керек болды. Сол дәріні "ер адамдар ала алмаймыз, сен келіп, алып берші" деді. "Жарайды" деп мен бас тартқан жоқпын.

Қайтадан бәрі есіме түсіп, өзімді ұстай алмай отырмын, толқу ішімде...

- Колонияға түскен соң ол кісілермен хабарластыңыз ма? Олар да түрмеде отыр ғой.

Олар да отыр. Ешқандай байланысқан жоқпыз. Себебі мен шықтым, бұл жақта болғанда да хат-хабар, байланыс болған жоқ.

- Шыққаннан кейін байланысуға тырыспадыңыз ба?

Жоқ, себебі менде бас бостандығын шектеу болды. Ауданнан алысқа шыға алмаймын. Сағат 10-нан кейін үйде отыру керек деген сияқты шектеулері бар.

- Өкініш бар ма?

Өкінетін нәрсем көп. Ең бастысы сол кезде ата-анамның айтқанын тыңдап, өзімді тыю керек пе еді?! Әрқашан солардың қасында болу керек пе еді? Сол кезде тып-тыныш қосымша жұмыс істемей, сол жұмысымды қанағат тұту керек пе еді деген сияқты өкініштер бар. Қазір енді бәрін түсініп отырмын..

- Түрмеге қайта оралғаннан кейін ұлыңыздың бойында өзгеріс болды ма?

Шыққысы келеді, мына жерден кеткісі келеді. Ұлымды ата-анама қалдыра алмаймын, себебі қазір олардың жағдайы мәз емес. Үйде де көпшілікпіз, Құдайға шүкір, бала-шаға көп. Өзімнің үлкен ұлым да сол кісілердің жанында. Ағамның, бауырымның бала-шағасы бар. Барлығымыз бір үйде тұрып жатқаннан кейін таршылық етеді. Кіші бала болғаннан кейін бұған да жеке күтім керек сияқты. Сол себепті қазір өзіммен бірге алып келдім. Бір жағынан бұл жақта баламен ойым да бөлінеді. Уақыт тезірек өтеді. Өзіңнің жақын адамың болады, оған да шүкір етесің.

- Не туралы ойлайсыз?

Ойлайтын нәрсе көп. Алға қойған мақсаттарым бар. Ең бастысы сол.

- Шыққаннан кейін іске асыратын жоспарыңыз бар ма?

Бұл жолы шыққанда да бос отырған жоқпын. Шаштараздың оқуын оқыдым. Өзіме шаштараз ашпасам да, таныстарымның шашын алып, нәпақамды тауып отырдым. Бұрын мұғалім болып жұмыс істегенмін. Қосымша сабақтар бердім, саудамен де айналыстым. Өз күніңді көру үшін талпынасың, тырысасың. Ешқашан бос уақытым болған емес. Таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 11-ге дейін графигім толып тұрған болатын.

- Үлкен ұлыңыз неше жаста?

Үлкен ұлым 7-ге толады биыл.

- Сіз үйге оралған кезде қалай қабылдады?

Әрине, таныды. Екі ай сайын осы жерге кездесуге келіп тұрады. Қазір де келуге болар еді, бірақ мүмкіндік шектеулі. Карантин шарасына байланысты балаларды кіргізуге болмайды. Сондықтан таксофон арқылы қоңырау шалып тұрамын: "Сағындым, мама, қашан келесің?" деп сұрайды. Сол сөздерді естіген кезде жүрегің елжіреп, тезірек шықсам екен деп ойлайсың.

- Ұлдарыңыздың әкесі хабарласып тұра ма?

Ұлдарымның әкесі хабарласып тұрады. Үлкен ұлым бірінші некемнен. Кіші ұлымның әкесі басқа, онымен де тұрмыс құрамыз деген ой болған. Тамызда тұрмысқа шығамын деп жүргенмін, бірақ өкінішке қарай шілдеде осындай жағдай болды да, қамалып кеттім. Ұлымның әкесі басқа, сотталған Арман Құдайбергенов емес.

Маған тергеу барысында қысым көрсетілді. Оның бәрін ашып айтамын деп ойлағанмын. Қысым көрсетілді, ұрып-соқты. Оның барлығы бөлек анықтамаға енгізілген болатын. Бірақ тергеу изоляторына барған кезде ол жерде бір айға жуық уақыт ұстады. Сол уақыттың ішінде ұрып-соғудың ізі кеткен соң ғана алып барды.

Ал сот барысында ұрып-соққанды айғақтайтын анықтаманың неге жоқ екенін сұрадым. Маған қысым көрсеткен кезде "сен осылай айтасың, баламның әкесі біреуі деп айт, сол кезде сен шығып кетесің, сен балаңның әкесінің қылмысын жеткізе алмайсың" деп айтты. Мен солай айттым. Бірақ ұлымның әкесі ол емес, ұлымның әкесі басқа. Қазір сол кезде олай айтпау керек пе еді, мүмкін қателік жасадым ба деген ой-өкініш бар. Менің ең басты өкінішім – осы. Ұлымның әкесі бостандықта, ол туралы қазір ашып айтқым келмейді.

- Жалпы, хат-хабар бар ма?

Иә, хат-хабар бар. Хабарласып тұрамыз.

- Ұлыңыздың әкесі бала басқадан деп жариялағаныңызды қалай қабылдады?

Басқа біреу деп айтқанда... кез келген адам... басында ол менің жүкті екенімді білген де жоқ. Бәрібір ішінде күдік болады. Шыққаннан кейін "жарайды, көрем" дегендей болды. Ол туралы айтқым келмейді, бірақ хабарласып тұрады.

- Ұлын көруге келді ме?

Келді.

- Балаңыз туралы айтарыңыз бар ма? Есін біліп қалды...

Ең бастысы балам өзімнің қасымда болса... Қорқатыным сол ғой. Сондай жағдай болғаннан кейін өзімнің балам үшін қорқамын. Әр сәт қасымнан жібермей, бірге ұстап жүруге, ешқайда жібермеуге тырысамын. Кейде ауруханаға алып кетеді, сондай сәтте қимай жіберемін. Есіктің алдында күтіп отырамын. Осындай іс болғаннан кейін адамның басында әртүрлі ой болады. Жаман ойлар болады. Мүмкін менің де балама қастандық ойлайтындар бар шығар деген сияқты. Сондықтан өзімнің қасымда ұстап жүруге тырысамын.

- Денис Теннің анасымен жүзбе-жүз сөйлесіп көрдіңіздер ме?

Жоқ, жүзбе-жүз сөйлескен жоқпын. Шынымды айтсам, оған батылым жеткен жоқ.

- Сөйлескіңіз келе ме?

Негізі кешірім сұрап алдына барамын деп ойлағанмын. Әрине, баладан айырылу оңай емес қой. Екі ата-анаға да оңай емес. Менің ата-анам баласын осы жаққа жіберіп, тірідей айырылып отыр. Денис Теннің ата-анасы мәңгілікке айырылып отыр. Ол да оңай емес. Әрине, баруға болар еді. Бірақ жағдай жіберген жоқ. Мен шектеуде болдым. Ата-анамды жіберуге болар еді. Бірақ ата-анам мен үшін кінәлі емес. Оның барлығын жасаған мен өзім. Өзім барғым келді. Барлығы "неге барып кешірім сұрамадыңдар, алдынан өтпедіңдер" дейді. Ол менің істеген ісім ғой. Не үшін ата-анам барып, жауап беруі керек? Мен кәмелет жасқа толған адаммын. Өзім барып кешірім сұрағым келеді.

- Шыққан соң барасыз ба?

Әрине, мүмкіндік болып жатса барамын.

- Жақсы, рақмет!

Денис Теннің қазасы

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде ұрылар қолынан қаза тапты. Сот 2019 жылдың басында Денис Теннің өліміне қатысты сотталғандарға үкім шығарды.

Арман Құдайбергенов Қылмыстық кодекстің 188-бабы "Ұрлық", 192-бабы "Қарақшылық" және 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша айыпты деп танылып, 18 жылға сотталды. Ал Нұралы Қиясовқа "Адам өлтіру" және "Қарақшылық" баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жанар Толыбаева 434-бап "Қылмыс туралы хабарламау" бойынша кінәлі деп танылды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс барысында оның жүкті екені белгілі болды.

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар