Өлген адамдар жайына қалып, тірі адамдар бірін бірі өлтіріп, сойып жеді

6006
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда Кеңестік өкімет орнау кезеңдерінде қатарынан 3 рет зұлматты аштық жылдары болды. Бұл жылдар: 1919-1922 жылдардың аралығында өтті. Бұл жылдардың аралығында қазақтың саны анағұрлым кеміп, аштықтан миллиондап-миллиондап қырылды.

Бұдан кейінгі аштық Қазақ даласы үшін ұлы жұт пен ұлы қырғынға ұласты. Бұл зұлматты кезеңдер 1929-1934 жылдардың арасында өтті. Осы аралықта қазақтың жартысынан астамы қырылып кетті. Қырғынды қолдан жасаған большевиктер ұлттың обалынан қорыққан да, үріккен де жоқ.

Ашаршылық жоспарлы түрде іске асырылды. Қазақтың ауқатты элитасын конфискация жасап, жеке шаруашылықтарды жойып, әйгілі "колхоздастыру" саясатын жүргізді де, топ қылып тонап, бір біріне айдап салып отырды.

Үшінші ашаршылық жылдары - екінші дүние жүзілік соғыстың қарсаңында жүрді. Бұл жылдар да осы уақытқа дейін ашаршылық жылдары деп ататмағанымен, шын мәнінде аштықтың ауыр кезеңдері осы уақытта өтті.

Ал, Әулие ата өңіріндегі ашаршылық туралы профессор Мәмбет Қойгелдиевтің зерттеу жұмыстарындағы деректер төбе шашыңызды тік тұрғызады. Ұлы Ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың жеткізген мәтіметтерінде "Ашыққан адамдар бірін бірі жеп жатыр. Өлгені былай тұрсын, өлмеген адамды қуалап жүріп өлтіріп, буындырып, сойып жеп жатты" деп жазды.

Кеңес өкіметі 1928 жылы ірі бай шонжарларды тонап, жаппай ұжымдастыруды қолға алды. Ұжымдастыру деген тонаудың саяси жолы. Бұл туралы заңдар мен қаулылар шығып, бай-манаптарды қудалады. Ұжымдастыру ( халықты тонау) кезінде Қазақстанда 40,5 миллона малдан 1933 жылдың соңында 4,5 миллион мал ғана қалыпты. Малдың барлығын күштеп тартып алды. 1929-1931 жылдар арасында Кеңес өкіметінің озбырлығына қарсы 372 көтеріліс болып, оған 80 мың адам қатысты.

1932 жылы шілде айында Ғ.Мүсірепов, М. Ғатаулин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышбаев бірлесіп, халықты аштықтан құтқарып қалу үшін азық-түлікпен қамтамасыз ету қажеттігі жайында Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф. Голощекинге ашық хат жазды. Бұл «Бесеудің хаты» деген атпен тарих сахнасынан орын алғаны белгілі. Бесеудің бірі Мансүр Ғатаулин 1937 жылы соттағы соңғы сөзінде өзімен бірге айыпталып отырған жолдастарын көрсетіп:
— Бұлар халық жаулары емес. Мен жаумын, - дейді. — Сондықтан мені ғана соттаңдар! Өзімді ғана. Бірақ мен де халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын,- деп қасқайып тұрған.

Кеңес өкіметін мақтап, зауыттар салды, қалалар салды, көзімізді ашты деп жүргендер өкінішке орай әлі де жетерлік. Бірақ біз ұмытпаймыз! Біз саяси репрессияның құрбаны болып, ашаршылықтан қырылған халықты, текті тұлғаларды қашанда ұлықтаймыз! Ештеңе де естен шықпайды!

Бекболат ҚАРЖАН,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер