Абыралы көтерілісі — 85 адам атылып, Семейден басталған зобалаң

1878

Тарих тереңіне үңілсек Абыралы көтерілісі - Шығыс Қазақстан облысы, Абыралы ауданы шаруаларының 1931 жылдың ақпан-наурыз айларында күштеп ұжымдастыру саясатына және артық иемденуге қарсы іс-қимылдар болатын.

Көтеріліс неден бастау алды, себебі неде?

Көтерілістің негізгі себебі ұжымдастыру саясатына қарсы жұмылдырылған. 1931 жылы 12 ақпанда облыстың барлық ауылдарында шаруалар толқуы басталды. Төртінші және алтыншы ауылдарда (қазіргі Қарағанды ​​облысының Қарқаралы ауданының Бақты, Еңбек, Прогресс ауылдары) Есімбек Мұсабекұлы бастаған 300 көтерілісші ОГПУ әскерлеріне қарсы тұрды. Олар үкіметтен зорлық-зомбылықты тоқтатып, іріктелген мал мен астықты адамдарға қайтаруды талап етті.

Көтеріліс жетекшісі кім?

Көтеріліс жетекшісі – Ысқақ Кемпірбаев болды. Ол 1899 жылы, Семей облысы бұрынғы N2 ауылда дүниеге келді. Ысқақ Кемпірбаев 1918 жылы Алаш полициясы қатарына қосылды.

1931 жылы Томар, Аққора, Жорға және басқа да Абыралы аймағындағы 300-ден астам шаруа ауылдары Кеңес үкіметі жүргізген күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы шықты. Көтеріліс жетекшісі Кемпірбаев шаруалардан бопсалауды тоқтатуды, малды халыққа қайтаруды, олар тапсырған ет пен басқа керек-жарақтың ақысын төлеуді талап етті.

Азаматтардың бас қосқан жиындарының бірінде көтеріліс басшысы Кемпірбаев Ысқақ  сөйлеген сөзінде:

«Көтерілісші азаматтар!

Біздің алдымызда қиын, бірақ қасиетті міндет тұр – тонаушылардың бірі Сталин басқарған советтік езуші билікті құлату міндеті тұр. Совет өкіметінің Қазақстандағы тонаушылық саясатының мәні мен міндеттері туралы айтудың қажеттігі жоқ. Совет өкіметінің өзі сөзбен емес, іс жүзінде өзінің осы саясатының мәнінің қандай екенін көрсетті.

Алысқа бармай-ақ таяудағы өткенімізге көз салып байқайықшы: 1928 жылы осы саясатты іс жүзінде жүзеге асырудың алғашқы қадамы жасалды, совет өкіметі қауқарсыз болғандықтан мұны одан ерте бастай алмады. 1928 жылғы «ірі бай шаруашылықтар» деген атаумен тәркілеу Қазақстанның экономикасына қатты соққы болып тиді, біздің алдыңғы қатарлы, парасатты азаматтарымыз бұдан әлдеқайда бұрын болжаған тонау басталды.

Сіздердің баршаңыздың естеріңізде болар, 1928 жылы-ақ біздің ғалымдарымыз былай деді: «Алдымен «ірі байларды» тәркілейді, сосын «ұсақ байларды» іздеп тауып, оларды кедейлендіреді, содан соң «орташаларды» қолға алады және ақыр соңында «кедейлердің» өзіне ауыз салады...

Совет өкіметінің саясатының мәні осындай, өзгеше болуы мүмкін емес, өйткені ол жеке меншікті құртады, сөйтіп жұмыс істемей, жалқауланып, басқа да ауқатты адамдардың есебінен күн көргісі келетіндерге мүкіндік береді. Бірақ мұндай саясатпен алысқа бара алмайтының табиғи нәрсе, солай болып шықты да...

Совет өкіметі байларға қоса, орташалар мен кедей шаруашылықтарды тәркілеумен бірге сөз жүзінде социализмге бағытталған, іс жүзінде жаппай азып-тоздыруға жетелейтін, шаруашылық-саяси науқан деп аталған бірқатар дайындау науқандарын енгізді. Ақиқатын айтыңыздаршы, барлық дерлік кедейлер мен жарлы-жақыбайды жұрдай қылған қазіргі ет дайындау науқанынан-ақ бұл айқын көрініп тұрған жоқ па. Сәл қарсылық жасасаң – түрме, «контрреволюция», ату және т.б. бұдан әрі де еңсеміз түсіп, осылай қимылсыз отыра береміз бе, көтеріліс өрті бүкіл ССРО-ны шарпып барады. Бой тасалау – Алла алдында да, қазақ халқының алдында да қылмыс. Біздің міндетіміз – жан аямай және аяғына дейін күресу» деп  баса айтты. Байқағанымыздай, үндеуде кеңес үкіметіне халықтың сенімсіздігі күшейе түскенін аңғарамыз.

Көтерілісте кімдер бой көрсетті?

ОГПУ-дің шындығы өзге де аралас мәліметтеріне сәйкес ұжымдастыруға қарсы көтерілістер мен қарсы іс-қимылдарды алашордалықтармен, байлармен байланыстырады. Бұл айтылғанға да себеп бар. Мәселен, «Алаш қозғалысының» кең етек алуына үлкен тамызық болған 1905 жылғы Жақып Ақпаев пен Әлихан Бөкейхан ұйымдастырған Қарқаралы петициясы болса, сол  шараға қосылғандардың ішінде Абыралы өңірінің абыройлы азаматтары да бар. Олар:

  1. Абыралы болысынан: Мұса Құлбаев, Сүлеймен Қойсоймасов
  2. Ақбота болысынан: Жүсіп Құлбатыров, Бектібай Ботабаев
  3. Бөрлі болысынан: Толмұхамет (халық «Тоқмет қажы» деп атайды) Алтынторин, Рақия Сатпаев
  4. Дегелең болысынан: Керімхан Төлебаев, Тышқанбай Қашақов
  5. Темірші болысынан: Секербай Қанғожин, Оспан Жанғабылов.

Оқиға немен аяқталды?

1931 жылы 15 ақпанда 20 қарулы адамнан тұратын отряді қолға түсті. Тұтқындардың арасында ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің басшыларының бірі Айдарбек Масанов та болды. Ол көтерілісшілердің талаптары Кеңес үкіметінің басшылығына өту шартымен босатылды. Кейін Кемпірбаев тұтқынға алынып, 1931 жылы қарашада Кемпірбаев пен оның серіктері өлім жазасына кесілді.

1931 жылдың күзінде тек Кемпірбаевтың жақтастары тізімінен Абыралы көтерілісіне қатысушылар - 274 адамды құрап, 85 адам ату жазасына кесілді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар