Балалардың құқығын қалай қорғаймыз?

3378
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Бала құқығы бүгін де Қазақстандағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Ата-анасының тарапынан ауыр соққыға ұшыраған бейкүнә сәбилердің жағдайы әлемді алаңдатып отыр. 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні. Балаларды қорғау күні ересектердің назарын балалардың пікір бостандығы мен білім алуын қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтан және өмір сүру құқығын сақтау мақсатында өткізіледі. Ата-аналар, мемлекет қашан да  балалардың құқықтары мен бостандықтарын мойындауы және сақтауы тиіс. Бұл туралы БҰҰ 1959 жылы қабылдаған Бала құқықтары декларациясында айтылған.

Аталмыш мерекеге орай, 2021 жылы 19 мамырда ҚР ІІМ  Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы "TALAP" қолданбалы зерттеу орталығымен бірігіп, жаңа идеяны жүзеге асырды. Президент тапсырмасына сәйкес, ІІМ полицияның генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлының бастамасымен "Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл: проблемалар мен шешу жолдары"атты Халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияны онлайн форматта өткізді.

Конференцияның басты мақсаты - отбасылық және сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін арттыру. Сонымен қатар, кәмелет жасына толмағандардың құқықтық сауаты мен санасын қалыптастырып, өзін қорғауға баулу. Себебі соңғы жылдары жасөспірімдердің толыққанды дамуына кері әсерін тигізетін зиянды факторлар шектен тыс көбейіп кеткен.

Іс-шара барысында талқыланған мәселелер:

- Психологиялық көмек көрсету;

- Зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою;

- Экстремистік ұйымдар мен террористік әрекеттерге тартуға қарсы қимыл;

- Оларды қорғаудағы ведомствоаралық тәсілдер;

- Бала құқықтарын қорғайтын, жауапкершілікті реттейтін заңдарды жетілдіру.

Балалардың өз құқығын қорғап, кез келген тығырықтан шығуы да аса маңызды фактор. Олардың құқықтық сауатын арттыруға мемлекет қолдан келгенше брифингтер, дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізіп, заңдар мен жобаларды қолға алып жатыр. Мәселен, ҚР 2001 жылы 12 ақпанда Үкімет қабылдаған “Бала құқықтарын қорғау туралы” ҚР Заңы бар.

 

Пікірлер