Рафиханың жұмбақ әлемі

1128

Сіңлім Рафиха Омарқызы 1939 жылы дүниеге келіп, 2020 жылы                                      1 маусымда бақилық дүниеге кеткеніне, міне, бір жыл болды.

Біздің әкеміз Омар Ахметұлы Арқа даласында, Қарқаралыда балалық шағы өтіп, тағдырдың айдауымен 16 жасында шекара асып, керуен саудасымен Қытайда тұруына тура келген. Әкесі де жүздеген түйемен керуен саудасын жүргізген көрінеді. Этникалық территория жағынан алғанда Қарқаралы арғынның қаракесек руының жері екені белгілі, ал қазақта руға сіңген төрелер көп, сол сияқты Ахметтің әулеті де төре болғанымен арғын арасына сіңіп кеткен еді. Шешеміз Камал да Түлік төренің қызы, өте биязы, сұлу адам болған. Заманында он үш жаста отау иесі деген дәстүрмен, анамыз он төрт жасында әкемізбен отау құрған.

Қытайдың Шығыс Қазақстанның Мақаншы ауданы Бақты кеденімен шекаралас жатқан Шәуешек қаласында біз өсіп-жетілдік. «Айқап» журналы, «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде «Шәуешек Сібірдегі заманауи қалалар сияқты көркем қала», - деп жазыллған. Шынында да, Шәуешек сондай бір тыныш, батыс пен шығыстың шаһар өркениеті тоғысқан жанға жайлы қала болатын.  Осындағы Махмұд Қашғари атындағы мектепте орта білім алдық. Шәуешек гимназиясы 1934-шы жылдары ашылған. Қалада екі мұнаралы мешіт болатын, қазір оның мұнарасы ғана қалып, көп мешіттер жабылған. Осында тіліміз калимаға келіп, ислам канондарын да үйрендік. Бұл жерде 1940-1950-жж. қазақтар саны 70 пайыз құраған. Қалада орыс, украин, ұйғыр, өзбек, татар, дүнген, сібе сияқты ұлттар да мекендеген. Шәуешектің өзіне тән диалектісі бар, түркі тілдес басқа ұлттар «қазақ акцентімен», қоңыр әуезбен айтатын, былайша айтқанда, олар қазақ тілінде еркін сөйлейтін. Бұлардың бір-бірімен мәдени ықпалдастығы жүріп жатты. Бас қосулар, той-томалақ қазақ әндерімен қоса, татардың жырларын гармонмен сүйемелдеп айтқанда, сөздері де мағыналы, әуендері де әдемі болып қалықтайды.

Әкеміздің араласқан ортасы ауқатты адамдар болды. Талай үкірдай, зәңгілер біздің үйге ат басын бұрып, шаруаларын тындыратын. Домбырамен күй тартып, өлеңдерін айтып жақсы отыратын. Сәлімжан зәңгі қонақ болып жатқан кезде бауырымыздың атын Сәлімжан деп қойған еді. Ағамыз Ғалымжан үйдің тұңғышы болғандықтан, шешем оны өте жас кезінде тапқандықтан, оған бауыры сияқты қарайтын. Ол Құранды жатқа білетін, қасиетті адам болды.

Жұмыстың бабымен мен де, Рафиха да Үрімжіде болып жүрдік. Рафиха қытай тілін жақсы білді, жиналыстарды да қытайша өткізетін.

Үрімжі, қытайша Дихуа - Қазақ xандығының ең шығыстағы шекарасы болды. Абылайхан Цин патшалығымен араны жақсартқаннан кейін екі жаққа да ортақ бір жерді таңдап, еркін сауда жасамақшы болды. Қазақтар төрт түлік малын Үрімжіге айдап әкеп, Цин патшалығымен айырбас сауда жүргізді. Осылайша, Үрімжі қаласы салынды. Бұл қаланың салынуына Қазақ xандығының ықпалы болғаны сөзсіз.

1883-1884 жж. Үрімжі қаласы ресми түрде Шыңшаң өлкесінің саяси орталығы болды. Оған үш үлкен аймақ кірді. Қазақтар мекендеген Алтай, Іле, тарбағатай аймақтары үш аймақ көтерілісімен белгілі.

Біз Қытайдағы 1958-1962 жж. ұжымдастыруды көрдік.   1958-1962 жж. ұжымдастыруда Алтайда үлкен көтерліс болды, елде жаппай ашаршылық етек алды. Ұжымдасуға қарсы елді-мекеннің көтерістер де болып жатты. Олардың көпшілігін Тарымға сүргінге айдады. 1955-62 жж. ел Қазақстанға дүрлігіп көшті. Біз де осы ұлы көшпен келдік. Адамдардың үркіп көшкені сонша, Шәуешек бос қалған.

Семей өңіріне келгеннен кейін Рафиха өзінің зеректігімен, орыс тілін де үйреніп алды, Семей қаласындағы техникумды да бітірді. Сөйтіп, жұмысқа да тез араласып кетті. Аякөз қаласындағы Автокөлік экспедиторлық өндірісінде істеген көз көргендер Рафиханың пысықтығын, адамгершілігін әлі күнге дейін айтады. Тағдыр оны Ахметқали Көпенов сынды тамаша жігітпен жолықтырып, отау құрды. Өкінішке орай, екеуінің жұбайлық өмірі ұзақ болмады, Ахметқали 37 мүшел жасында дүние салды. Көзінің ағы мен қарасындай Салтанат пен Ержанды Рафиха өзі келін болған Көпеновтар әулеті ортасында жеткізді. Ахметқали тұңғышын «атын өзім қойдым Салтанат деп, қызды берген құдай ұлды да береді» дейтін.

Атамыз Заманбек ақсақалдың шаңырағында келіндік міндетін де жақсы атқарды, енесімен де, қайын сіңлі, қайын інілерімен де өте тату ғұмыр кешті. Қазақта атасы мен әжесіне бала сіңіп кетеді. Келіндер ұрлана қарап жүреді. Бұл да біздің болмысымыз. Ұлы Абай мен Шоқанды да әжелері тәрбиелеген.

Рафиханың өмірінің соңы Ертістің Семей өңірінде балары, немерелерінің қасында өтті. Ажал жақындағанда, түсіне ағасы кіріп, «Қамай шақырады» деп түнде ұшып тұрып, есікті ашпақшы болып, құлап, жамбасы сынып, содан оңалмады. Менімен видеомен сөйлесіп жүрді, өңі жүдеу еді. Айтатыны атымды «Мәскен, Мәскен», одан көзі жұмылып, талықсып кететін. «Өзіңді ұста, екі балаңнан басқа ешкім қарамайды, екеуін тыңда», - деп айттым. Мұны соңғы сөйлесу деп кім ойлаған...

Міне, сенің мәңгілік сапарға аттанғаныңа бір жыл болды. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болып, Алла өз панасына алсын. Біз сені ұмытпаймыз, үнемі еске алып, Құран бағыштап отырамыз.

Мастура ОМАРТӨРЕҚЫЗЫ,

зейнеткер

 

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы