Әкімдер сайлауы туралы заң: политикалық ландшафт сапалы түрде өзгермек

1064

Бүгін мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев ауыл әкімін сайлау жөнінде, жалпы әкімдер туралы жаңа заңға қол қойған болатын. Осы тақырыпқа қатысты саясаттанушы, Ұлттық кеңестің мүшесі Талғат Қалиевтың пікірін білдік.

«Бұл – өте маңызды өзгеріс. Өйткені ұлттық кеңестің отырыстарында осы әкімдерді сайлау туралы заңды қолдаған едім. Бұл заңды маңызды деуге себеп көп. Мысалы жергілікті тұрғындар мәжіліс депутаттарын, президентті сайлағанда сайлаудың нәтижесін көрмейді. Өйткені ол тез байқалатын құбылыс емес», - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар Қалиев әкімдер сайлауынан бастап президент сайлауына дейінгі аралықтағы ортақ құбылыс туралы сөз қозғады.

«Президент сайлауы – маңызды саяси үрдіс. Оның ережесіне сәйкес жергілікті халық саясаткерді таңдайды. Ол ұзақ мерзімде билікте болады. Қарапайым сайлаушы адам бұл сайлаудың нәтижесімен бірден таныс болмайды. Дәл осылай біз депутаттарды да таңдаймыз. Сондай-ақ біз олардың қалай заң қабылдайтынын, ол заңның бізге қалай әсер ететінін білмейміз. Кейін осы заңдар басымызға түскен кезде өзіміздің осы депутаттарды сайлағанымызды ұмытып кетіп жатамыз» - дейді ол.

Айта кетейік, осы сұхбат барысында саясаттанушы ауыл әкімдерін сайлау туралы, оның ішінде партияларға осы сайлаудың қалай әсер ететінін ерекше атап өтті.

«Ал ауыл әкімдерін сайлау туралы айтатын болсам, әкімді сайлағаннан кейін халық нәтижелерді бірден көретін болады. Барлық рейтинг көрсетіліп отырады. Белгілі бір ауылдың әкімі шаруақор болуы мүмкін. Ол мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жолды жөндеп, көшелерді дамытатын шығар. Ал басқа ауыл тұрғындары әкімдерін сайлағанда қателесуі әбден мүмкін. Солай нәтижелер көрсетіліп тұрады. «Көрші ауыл тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр?», «Олардың өздері қалай өмір сүріп жатыр?» деген сұрақтарға әрбір сайлаушы өзінше жауап беріп, келесі сайлауға жауапкершілікпен қарайды.

Халық солай әрбір адамның дауысының үкіметке қалай әсер ететінін және олар үшін әрбір дауыстың маңызды екенін түсінеді. Сонымен қатар осы әкімдерді сайлау туралы заң партиялардың алға жылжуына көмектеседі, әкімдер партиялардың танылуына септігін тигізеді. Қазіргі кезде отандық саяси аренада Nur Otan партиясы секілді филиалы көп дамыған партиялар жоқтың қасы. Ал егер партиялар өз филиалдарын әр аймақта ашатын болса, ауыл әкімдері сол филиалдардың өкілі бола алады. Партиялар өздерін әкімдердің арқасында танытар болса, келесі парламент сайлауына мықты қолдаумен қатысады. Оған қоса партиялардың өкілі болу арқылы әкім өзінің алға қарай жылжуына ықпал етеді», - дейді Қалиев.

Сондай-ақ ол сөзін жас әкімдерге деген жылы лебізімен аяқтады.

«Бұл нақты жұмыс жасайтын политикалық вертикаль бола алады. Ауыл әкімдерін саулау түбінде политикалық ландшафтты сапалы түрде өзгертеді. Сайлау ашық түрде болатындықтан, үміткерлер ауыл тұрғындарымен белсенді түрде қарым-қатынас жасауы керек.

Қорытындылай келе бүгінгі ауыл әкімдері болашақта ұлттық масштабта өте танымал саясаткер бола алады. Әрине, барлығы емес. Алайда кейбірі осы мүмкіндікті қолдана алады. Қазіргі амбициясы мол, креативті ойлайтын, жеңісті қолдан бермейтін жастар өзінің репутациясына және перспективасына жұмыс жасайды деп, сондай-ақ политикалық карьерасын жасайды деп сенемін», - деді ол.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы