Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдын-ала мәліметтер бойынша 2020 жылдың аяғында коронавирустан қайтыс болғандардың саны кем дегенде 3 миллион адамды құрағанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі CentralAsia-ға сілтеме жасап.
Сарапшылар өлімнің нақты көрсеткіштері ресми мәліметтерге қарағанда екі-үш есе жоғары болуы мүмкін деген тұжырымдамаға келген.
Сондай-ақ, баяндамада коронавирустық пандемия бүкіл әлемдегі адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатына әлі күнге дейін қауіп төндіріп жатқаны туралы айтылған. ДДҰ кейбір елдердің өлім санын жүйелі және дәл бағалай алмайтындығын атап өтті.
Айта кетейік, ұйым статистиканы неғұрлым дәйекті ету үшін Covid-19-дан, оның ішінде жанама инфекциямен байланысты өлім-жітімді бағалаудың жалпы әдістерін жасайтын арнайы кеңесшілер тобын құрған болатын. Топқа әлемнің әртүрлі елдерінен жетекші демографтар, эпидемиологтар және статистика мамандары кірді.
Сарапшылар аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, әр ел үшін санау моделін жасады. Осылайша өлім-жітімнің саны нақты есептелмегенін анықтады.
«Адырна» ұлттық порталы