Ант етемін!

816

(Қышқыл сатира)

Сіз ант бере аласыз ба? «Қант бер!» деп жатқан жоқпын, Гиппократ анты сияқты кәдімгі ант...

Жас келіннің анты:

–Еркек сияқты насыбай атпауға, түске дейін ұйықтап жатпауға, не болса соны тойламауға, бұрынғы жігіттерімді ойламауға, тортты жақсы көрем, кескілеп, «пышақтауға», күйеуімді жақсы көрем, аймалап, құшақтауға, көршілер тұз, ұн сұраса, бере салам, құрбыларым "вацаппен" өсек айтуға шақырса, келе салам, алдымда мысық жатса, тебе салам, кірімді күнде жууға, құдай бұйыртса, егіздетіп тууға ант етемін!

Қайыршының анты:

–Таза киім кимеуге, өлімге басымды имеуге, «мусордан» оны-мұны жемеуге, «Барлық елдердің қайыршылары, бірігіңдер!» демеуге, шашымды тарамауға, сары май жаламауға, халық арқасында байып кеткендерге күлмеуге, өміріме қапа болып, ит сияқты үрмеуге, мұнайымды жаламауға, алтыныма қарамауға, уранымның ақшасын санамауға, жын-шайтанға жоламауға, ел байлығын тонамауға ант етемін!

Әкімнің анты:

–Бүгіннен бастап, осы орнымнан түспеуге, тойшыл болып, коньяк, виски ішпеуге, кісі көңілін жараламауға, кадр біткенді қуғындап, руға бөліп алаламауға, Астанадағы «крышама» бара бермеуге, жер біткенді өзіме, туысыма ала бермеуге, ұсталып қалсам, финполға: «мә, мә!» деп пара бермеуге ант етемін!

Ал сіз ше? Сіз қалай ант берер екенсіз?

Мұхтар ШЕРІМ

Пікірлер
Редакция таңдауы