Түркістан: Құрылысы бір жыл бұрын аяқталған 600 пәтер қаңырап тұр

3209
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысының Кентау қаласында құрылысы былтыр аяқталған дайын пәтерлер әлі күнге қаңырап бос тұр. Су жаңа баспананың қолданысқа берілмеуіне көгілдір отын мен жылу қазандығының орталыққа қосылмауы себеп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кентауда қаңырап тұрған үйлердің құрылысы 2020 жылдың күзінде аяқталған. Түскейдегі кеншілер қаласында 5 мыңнан астам адам үйдің кезегінде тұр. 5 қабатты 10 үй жоспар бойынша пәтер кезегінде тұрған 600 отбасына берілуі тиіс еді. Бірақ, он жылдам астам үй кезегінде тұрған кентаулықтар дайын үйді ала алмай отыр. Олардың арасында мүгедек, көп балалы отбасы сынды әлеуметтік осал топтарға жататын жанұялардың саны аз емес. Қоныс иелерін күтіп тұрған пәтерлер де дәл осы әлеуметтік жағдайы нашар, жетім балалар, көпбалалы аналар, бюджеттік саланың қызметкерлері, апатты үйдің тұрғындары сынды барлығы бес санатқа жататын адамдарға берілуі тиіс болған.

«Үш баламның екеуі мүгедек. Екі бөлмелі пәтерді жалдауға ақшамыз жетпегендіктен бір бөлмелі тар үйді жалдадық. 9 жыл болды үйдің кезегін күтіп жүргелі. Мүгедектікке алып отырған жәрдемақыны не тамаққа жеткізе алмаймыз, не киімге жеткізе алмайсың. Пәтерақысы бар, бұлардың ішетін дәрісі бар. Өзімнің дәріме де жетпей қалатын күндер болады», - деген еді өткен жылы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Айгүл Құдайбергенова.

Арада 8 ай өтсе де мәселе сол қалпы шешілмеген. Қаңырап тұрған әрбір үйде 60 пәтер бар. Жаңадан салынған үйлер орталық жылу қазандығына қосылмаған. Табиғи газ тапшы, Кентау қаласындағы газ қысымы төмен. Құрылыс-монтаж жүргізген мергідер компания болса дайын үйді қаланың қарамағына өткізе алмай, күзетумен келеді. Қала әкімі бастапқы жобада жылу беру жүйесі нақты көрсетілмегенін, орталық жылу қазандығына қосуға қаражат жоғын айтып отыр.

«Белгіленген уақытта берілмеуінің себебі, аталмыш көпқабатты үйлердің жылыту жүйесі газбен жылытуға арналған. Бүгінгі таңда қалаға газ беру жұмыстары жүргізілуде. Комиссия өз жұмысын аяқтаған соң тұрғын үй кезекпен тұрғындарға берілетін болады. Кентау қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы құрылысы аяқталған «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырының 1230 шақырымында №14 «Қызыләскер» автоматтандырылған газ таратушы стансасы Кентау қаласына дейін газ тарату құбырын салуды мердігер «Газовое хозяйство «Шымкентгаз» ЖШС атқарған. №14 «Қызыләскер» АГТС бойынша қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан қайта қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру жұмыстары толыққанды аяқталғаннан кейін магистралды құбырға қосылу және толтыру жұмыстары жүргізілетін болады», - деп хабарлады Түркістан облысы Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыстағы газ тарту жұмыстарына қатысқан компанияларды тізіп шыққан әкімдік өкілдерінің хабарламасынан ұққанымыз – Кентау қаласын көгілдір отынмен қамтамасыз ету толыққанды жүргізілмеген. Ал, жалпы аумағы 33 470 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлерді салуға бюджеттен 3,9 млрд теңге жұмсалған.

«Кентау қаласын табиғи газбен қамтамасыз ету (сақиналау және І, III кезеңдер) мердігер мекемелер «Жол серік» ЖШС және «Комби Строй-1» ЖШС тарапынан құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстар 2019 жылы аяқталып қабылданды. Сақиналау және І, III кезеңдерінің құжаттары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на тіркелген. Газ құбырының 2-кезеңі кәзіргі таңда толығымен аяқталмаған. Мердігер мекеме «Ынтымақ Құрылыс» ЖШС-і тарапынан нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін тапсырылуы қажет. Жоғарыда аталған жұмыстар толыққанды аяқталғаннан кейін қалаға табиғи газ берілетін болады. Салынған көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу және абаттандыру бойынша бүгінгі таңда 3 ауланың құрылыс жұмыстары аяқталған», - деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Пікірлер