Абзал ҚҰСПАН: Қарапайым фашизм

1399
Қарапайым фашизм
Мен шынымды айтсам, Ислам Әбішевтың осы кезге дейін тірі жүргеніне таң қаламын. Істемегендері жоқ қой жауларының. Иә, ол кісіге өлердей өштесіп, жауығып, түрмеден тірі шығармаймыз деп бекінген топ бар.
Исекең басынан тапсырыспен қамалып, тапсырыспен сотталған адам. Берілген тапсырыстың негізгі мәні - ол кісінің мүддесінде берілген барлық өтініштерге бас тартылу керек екен, солай болды да.
Сөзім дәлелді болуы үшін, басынан бастайын, онда да ең негізгілеріне тоқталып кетейін:
Мен адвокат боп іске кіріскенде, тергеушінің істі қазақ тілінде жүргізуге тиым салғанын естіп бір шок болдым. Ол тек басы екен. Менің жазған арызымды Бас прокуратура қанағаттандырусыз қалдырады. Тергеу сотына беріп, соттасып жүріп әупірімдеп қазақша сөйлеуге рұқсат аламыз.
Одан кейін бірінен соң бірі басталды. Айдың күні аманда тергеушілер Ислам Әбішев пен Серік Түкиевті адвокатсыз алдыртып, екеуіне “өз еріктерімен” арыз жаздыртып, халықаралық “Қазақ күресі” федерациясынан кетіріп, орнына Шпекбаев өзі отырып алады.
Арыз жазған пара беруші Азамат Шаймерденовтың сексот екенін айтамын, айтып қана қоймай оны құжат түрінде дәлелдеп береміз.
Осы істі қолдан ұйымдастырған Антикордың жедел қызмет департаменті басшысы, яғни өз тілдерінде айтқанда Шаймерденовтың “қожайыны” мен провокатор екеуінің өзара тығыз байланысын дәлелдеп береміз.
Істің провокацияға құрылғанын құжат түрінде, байланыс құралдары және куәлердің жауаптары арқылы дәлелдеп береміз.
Үш ай бойы телефоны тыңдалып, параға қатысты еш әңгіме айтылмаса да, “пара алғысы келген сияқты” - деп қорытынды жазып берген сарапшылардың әрекеті заңсыз екенін, өздерінің ең үлкен басшылығы - Республикалық сараптама орталығы қорытындысымен дәлелдеп бердік. Жіберген өрескел заң бұзушылығы үшін сарапшыны жауапкершілікке де тартқыздық.
Үш ай бойы “разработкада” жүрсе де, пара алмай қойған Әбішевке, пара алуға оқталды, яғни пара алғысы келді деп айып тағудың жалпы абсурд екенін дәлелдеп бердік.
Қазақша бір ауыз сөз айта алмайтын судьяның, біздің істі қарап жатқан судьяға қатысты қарсылықты (отвод) қарай алмайтынын дәлелдедік. Ол судьяны жұмыстан кетірдік.
Бірде-бір дәлелді, негізді өтінішіміз не тергеуде, не сотта өтпей қойғасын, бес адвокат Жоғарғы Сот алдына митингіге шығуға да мәжбүр болдық.
Бірақ сонда да, Исекеңе байланысты заң еш жұмыс жасамай қойды.
Енді бүгін адвокаты Макиш Ескараевпен хабарласып тағы шок болып отырмын. Исекеңді бұлар тура мағынасында өлтіргелі отыр дейді! Соңғы 6 айда колония басшылығы не өздері ем жасамайды, не арнайы емдеу мекемесіне жібермейді, тым құрыса, ковидке қарсы екпе алайын десе оған да рұқсат етпейді! Зейнет жасындағы, жүректен есепте тұрған адамға неге олай істейсіңдер десе, жоғарыдан тапсырма солай дейтін көрінеді! Былтыр сот тергеуі кезінде, сот залында, елдің көзінше жүректен приступ ұстап төрт рет құлап, жедел жәрдем шақырғанымыз есімде. Ал қазір жедел жәрдем тұрмақ, ковидке қарсы екпе алуға да рұқсат бермей, қатайып отыр колония басшылығы!
Шынымды айтсам, алдағы соттан өз басым еш үміт күтпеймін. Тергеу ісін заңдастырып беретін нотариустардан не қайран? Үмітім тек қана «Human Rights Watch», БҰҰ жанындағы адам құқығы комитеті сияқты халықаралық ұйымдарда ғана. Бүгін түске дейін аталған ұйымдарға ағылшын тілінде хабарлама жолдадым!
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар