440 миллион теңгеге жөндеуден өткен мектеп еденінің тесігін мұғалімдер жамап жатыр

3062
Adyrna.kz Telegram

Мұнайлы өлке Атырауда былтыр 440 миллион теңгеге жөндеуден өткен мектептің еденін мұғалімдер өздері жамап жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қазынаның қаржысы игерілген. Біткен жұмысты жауаптылар қабылдап алған. Алайда миллиондап қаржы бөлінсе де сапа сын көтермейді. Білім ордасының есік-терезесі қаңырап, едені шұрық-тесік күйінде қалған. Атырау қаласындағы Мақаш Бекмұханбетов атындағы мектептің мәселесін қызметкерінің бірі әлеуметтік желіге салған.

Тіпті 440 миллион теңгеге толықтай күрделі жөндеуден өткен мектептің еденінің тесіктерін қызметкерлер өздері жамап жатыр деп, айтқанына дәлел болатындай суреттерді де жариялапты. Мұны мектептің мұғалімдерінің бірі растады. Оның сөзінше миллиондап қаржы бөлінгенімен сапасы сын көтермейді.

“Еріксіз мәжбүрлі түрде. Сырттағы бітпей қалған жұмыстың барлығын мұғалімдер жасады. Жер-жерде боқтық қалды.Соның барлығын қызметкерлер жасады. Жігіттер жағын шақыртып жасатты”, – дейді М.Бекмұханбетов атындағы орта мектеп мұғалімі Раиса Жумабаева.

Ал мектеп директорының сөзінше жөндеу жұмысын жасауға мұғалімнің өзі ұсыныс жасапты.

“Дене шынықтыру мұғалімі ұсыныс жасады. Еден көрікті болуы үшін, одан әрі жақсарту мақсатында бір-екі саңылау болды соны апай бітеп тастасақ қайтеді деп өз еріктерімен 2-3 жерді бітеді”, - дейді М.Бекмұханбетов атындағы орта мектеп директоры Айнұр Салықова.

Атырау облыстық Білім беру басқармасы өкілдерінің сөзінше қазір мектеп директорына тәртіптік шара қолданылған.

 

Пікірлер