Түркістан қалалық әкімдігінің ғимараты сатылып кетті

3149
Adyrna.kz Telegram

Түркістан қаласының әкімдігінің аппарат қызметкерлері отырған ғимаратты қала басшылығы нарықтағы құнынан әлдеқайда арзан бағаға сатып жіберген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы жергілікті прокуратураға сілтеме жасап.

4 қабатты еңселі ғимарат Есім хан алаңында орналасқан. Ал ол жер түркі әлемінің рухани қазынасына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен небәрі 300 метр қашықтықта тұр. Қалалық әкімдіктің жүздеген қызметкері осылайша екі жылдан бері жалға алынған өзге ғимараттарды жағалап жүруге мәжбүр. Ал, қаланың қақ ортасындағы ғимараттың мемлекет меншігінен шығып кеткенін қалалық прокуратураның өкілдері біліп қойып, әкімдіктің бұл әрекетіне араласты.

Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбектің мәліметінше, әкімдік электронды аукцион өткізгенде оған бір ғана адам қатысып, жеңімпаз болып шыққан. Талап бойынша аукционға қатысушы ұйымның саны екіден кем болған жағдайда конкурс өткізілмеуі тиіс. Қызығы, бұл қағида қаперден қалыс қалып, жеңімпаз болған әйел әлгі ғимаратты қонақ үйге айналдырмақшы болады. Алайда, шенеуніктердің әрекетін прокуратура біліп қойып, әкімдікті сотқа берген еді.

«Жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалау туралы 2020 жылғы 18 тамыздағы № 99 санды келісім-шарттын жарамсыз деп танып, күшін жою. «Бағалау және сараптама» ЖШС 2020 жылғы 18 тамыздағы № H10-08 жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебін жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 7 қазандағы электрондық аукционның қорытындысының № 163366 санды хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 8 қазандағы «Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімі» ММ мен жеке кәсіпкер Құлбибі Бектасова арасындағы ғимаратты сатып алу-сату туралы № 21408-ЭТП санды келісім-шартын жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 19 қазандағы «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ мен жеке кәсіпкер Құлбибі Бектасова арасындағы № 1 санды мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату бойынша қабылдау-өткізу актісін жарамсыз деп танып, күшін жою», - деп көрсетті Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбек.

4 қабатты ғимараттың жалпы көлемі 2554,7 шаршы метрден асады. Оған әкімдік 2018 жылы 257,1 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Алайда, арада көп уақыт өтпестен сәнді саябақтың жанындағы мемлекеттің мүлкін жекешелендіру жөнінде Түркістан қаласының әкімі арнайы қаулы шығарады. Қалалық Экономика және қаржы бөлімі ғимараттың құнын бағалату үшін Нұргүл Бимурзаева есімді азаматша басқаратын Алматыдағы «Бағалау және сараптама» ЖШС қызметіне жүгінген. 2020 жылдың 18 тамызында шыққан әкімнің қаулысы негізінде ғимарат электрондық сауда-саттыққа қойылып, көкшетаулық 74 жастағы зейнеткер әйелге 313 миллион 736 мың теңгеге сатылады. Іргетасы 1972 жылы қаланған нысанды осылайша шағын бизнесі бар Кұлбибі Бектасова ұтады.

«Бізге заңды түрде электронды аукцион арқылы сатылды. Ғимаратты сатып алған кезде менің балам бірден Көкшетаудан Түркістанға ұшып кетті. Қонақ үй ашқымыз келген. Отбасылық бизнеспен айналысамыз. Ғимарат сыртынан әдемі көрінгенмен, ішінде ештеңе жоқ. Оны кейін білдік. Біз жеңімпаз болған соң 313 миллион теңгені бірден төлеп тастадық. Бір апта өтпей жатып құзырлы органдар, алдымен ҚР ҰҚК араласты. Түсініксіз жағдайлар көп. Көкшетау қаласында тұрамыз, екі ортаға шапқылаумен шаршадық», - деді жеке кәсіпкер Құлбибі Қамбарбекқызы.

Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимараттың іші бір жылға жетпей қирап қалған. Қолдан қиратылған. Ал оны кімнің қандай мақсатта істегені «белгісіз». Прокуратураның анықтауынша, жекешелендіру объектісінің нарықтық құны 29,17% дейін төмендетілген. Түркістан облысы бойынша сот сараптамалары институтының қорытындысына сәйкес, жекешелендіру объектісінің нарықтағы құны 438 миллион 604 мың теңгеден асады. Ішіндегі бүлінген дүниелерді қалпына келтіруге тағы 146 миллион 941 мың теңге қажет. «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының 18-бабы 10-тармағына сәйкес аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары аудандық коммуналдық мүліктің пайдаланылуын және сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді. Алайда, Түркістан қаласының әкімдігі басқа ғимаратқа көшкеніне көп уақыт өтпесе де (07.12.2019ж.), аппарат теңгеріміндегі жылжымайтын мүліктің бүлінуден қорғалуын қамтамасыз етпеген. Яғни, бағалау жұмыстары басталғанға дейін ғимаратты заңсыз бұзу (кабинеттердің төбелері, есік пен терезелері, қабырғалары бұзылған) жұмыстары басталып кеткен.

«08.10.2020ж. Түркістан қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі мен Кұлбибі Бектасова арасында ғимаратты сатып алу-сату туралы № 21408-ЭТП келісімшарты түзілген. Аталған ғимаратқа қатысты іс-әрекеттер заңсыз болып табылады және келесі мән-жайлар бойынша бұзылуға жатады. Бағалау талаптарын бұза отырып, ЖШС физикалық сипаттамалары тура келмейтін, бәсекелес бола алмайтын жылжымайтын мүліктің шаршы метрін үш есе төмен объектілермен салыстырған. Яғни, ғимараттың құны нарықта мағыналас нысандардың жоқтығына қарамастан баламалы әдісті заңсыз қолдану арқылы шығарылған. 2018жылы жүргізілген жөндеу жұмыстары (257,1 млн. теңге) бағалау құнына кіргенде, ғимараттың нарықтық құнын едәуір жоғары бағалауға мүмкіндік беретін еді», - деді Түркістан қалалық прокуратурасының қызметкері Нарбек Мықтыбаев.

Түркістанға жеке статус берілген соң ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары үшін 257,1 млн теңгенің қаржысы бөлінеді. Аппарат пен «Шаңырақ» өндірістік кооперативі арасында келісімшарт жасалады. 181 млн.теңге ғимараттың қасбеті қапталып, 76,1 млн.теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалады. 4 380 шаршы метр ішкі қабырғалар эмульсиялық композициялармен боялса, 3269 шаршы метр төбе жаңартылып, 3800 шаршы метрлік еденге паркет төселеді. 68 дана есік пен 426 люстра, дәретханаларда түгел жаңартылады. Алайда, осыншама жұмыстардан кейін ғимаратты сатуға шығарған әкімдік нысанды бағалаушылардың әрекетіне көз жұма қараған.

«Бағалау әдiстерiн таңдау және қолдану кезiнде бағалаушы құқықтық талдау жүргiзу, мүлiктiк құқықтар мен ауыртпалықтарды сәйкестендіру, бағалау туралы есепте шынайы деректердi, есептiк көрсеткiштердi және жүргізілген бағалауды айқын түсіндіру үшін нәтижелердi толыққанды және түсiнiктi жазуды қамтамасыз етуі қажет. Алайда, ЖШС ғимараттың нарықтық құнын бағалау кезінде құқықтық талдау жүргізбеген, бағалау туралы есепке шынайы деректерді енгізбеген. Атап айтқанда, ЖШС жер теліміне тұрақты пайдалану құқығын беретін акт пен ғимараттың техникалық паспортын зерттеумен шектелген, жылжымайтын мүлік иесінің құқығын растайтын құжаттарды сұратпаған. Құқықтық талдау жүргізбеген», - деді прокуратураның өкілі.

Жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi басқаның меншігіне беруге жол берiлмейдi. Заңнамалық талаптарды бұза отырып сараптама жүргізген бағалау компаниясы жылжымайтын мүлiк орналасқан жердің құнын да есепке алмаған. Бұл әрекет те шынайы бағаны арзан етіп көрсетуге әсер еткен. Аппараттағылар ғимарат орналасқан жер телімдерін дербес жер учаске ретінде бөлмеген. Бұндай жағдайда аппараттың коммуналдық басқаруындағы жер учаскесіне меншiк құқығы жүргізілмей-ақ, нысанды сатып алушыға жер тегін өтіп кетеді. Прокуратура «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ, «Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімі» ММ, Жеке кәсіпкер Кұлбибі Бектасова мен «Бағалау және сараптама» ЖШС сотқа берген. Жауапкер тараптардың бәрі сотта өз әрекетінің заңды екенін дәлелдеуге тырысып, қателіктерін мойындамаған. Соттан прокуратураның талабын толық қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Алайда, азаматтық процестік кодекстің 117, 223, 226-баптарын басшылыққа алған судья олардың талабын қанағаттандырған жоқ.

«Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімі» ММ мен жеке кәсіпкер Бектасова Құлбибі Қамбарбекқызының арасындағы ғимаратты сатып алу-сату туралы 2020 жылдың 8 қазанындағы № 21408-ЭТП санды келісім-шартты жарамсыз деп танып, күшін жойылсын. 19 қазандағы «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ мен жеке кәсіпкер Қ.Қ. Бектасова арасындағы № 1 санды мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату бойынша қабылдау-өткізу актісі жарамсыз деп танылып, күшін жойылсын. Жауапкер жеке кәсіпкер Қ.Бектасовадан мемлекеттің пайдасына мемлекеттік баж салығы 2 917 теңге өндірілсін», - делінген судья Қуандық Мырзахметов шығарған сот шешімінде.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ. Шешіммен келіспеген тараптар бір айдың ішінде Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты арқылы шағым түсіре алады. Мемлекеттің құнды мүлігін жекеге өткізудің жолын тапқан әкімдіктің қызметкерлеріне қатысты экономикалық тергеу департаменті қылмыстық іс ашқан.

«Бұл ғимараттың шынайы бағасы 57 миллион теңге. Біз оны 313 миллион теңгеге қымбатқа сатып алдық. Сот ісін жалғастыра береміз, апелляциялық шағым түсіреміз, өйткені біз оған көп ақша салдық, ақшаны қарызға алдық. Біздің мақсатымыз ақшаны қайтару емес, ғимаратты өзімізде қалдыру. Өйткені, ғимарат ішінде ештеңе болған жоқ. Кабинеттердің іші бүлінген, шашылып жатыр. Бөлмелердің арасындағы қабырғалар да ашық. Көп дүние бүлінген. Түркістанға статус берілген кезде «BI Group» бір нәрсе жасағысы келген, сондықтан оның іші бұзылған дейді. Ғимараттың іші цемент пен сынған, шашылып жатқан құрылыс заттарына толы», - деді соттың шешіміне наразылығын білдірген Құлбибі Бектасова.

Кәсіпкердің сөзінше, нысан жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимаратқа ұқсамайды. Ал өздеріне әлі толыққанды тұрақ таппаған қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жаңарған ғимаратты сатуға не түрткі болғанын айтуға ресми сауалхат сұратты. 8 айға созылған даулы істің тағы қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз.

Пікірлер