Отбасының бақытты немесе бақытсыз болуы неге байланысты?

9392
Adyrna.kz Telegram

Отбасылық бақытты баянды ету жолдары

 

      «Отбасының бақытты немесе бақытсыз болуы неге байланысты?» кітабында доктор Готтман «Жұбайлар қайтсе өзара тіл табысып, отбасы бақытын баянды ете алады?» деген сұраққа жауап береді. Шығармаға жай ғана маманның пікірі мен кеңесі деп қарамаған жөн. Бұл кітап – неке мен отбасы мәселелерін зерттеуге бар өмірін арнаған ғалымның көп жылғы еңбегінің нәтижесі.

Татулық пен келісім – бақытты отбасының кепілі

        Кімді болса да отбасының болашағы алаңдататыны анық. Алайда алаңдайтын жалғыз сіз емессіз, әрине. Әлемнің әр түкпірінде бұл мәселеге көп адам бас қатырады.

Джон Готтманның пікірінше, қазір ерлі-зайыптылар үшін қиын кезең [1] болып тұр: алғаш рет шаңырақ көтерген жұптардың жартысына жуығы ажырасып кетеді екен. Екінші рет үйленгендердің жағдайы тіпті мәз емес: мұндай жұптардың 60 пайызы ірге ажыратып жатады. Жалпы алғанда, үш жұптың [2] екеуі отбасылық өмірінде қиындыққа тап болады. Сондықтан көп ерлі-зайыпты отбасын сақтап қалу үшін нені өзгерту қажеттігі жайлы ойланып, қарым-қатынасты қалай түзеуге болатынын білмекке ұмтылады.

        Әрине, бұл келтірілген деректердің қапаландыратыны [3] анық. Ал отбасы іргетасының неге сонша әлсіз [4] болып бара жатқанының себебі көп ешкімді ойландырмайтыны жағдайды тіпті ушықтыра түседі. Автордың басты мақсаты – осы мәселенің бетін ашып, шаңырағы шайқалудың аз алдында тұрған жұбайларға көмектесу.

Джон Готтманның кеңестері отбасының берік болуына септесетін факторларға және ажырасудың басты себептеріне қатысты зерттеулерге негізделеді. Ол өте терең, кейде тіпті таңғалдырарлық қорытындылар жасайды. Олардың көпшілігін ерлі-зайыптылардың қарым-қатынас жасау тәсілдерін зерттеудің, жанжалдасқан кездегі жұбайлардың физиологиялық әрекеттерін өлшеудің және олармен ашық әңгімелесудің нәтижелеріне сүйене отырып жасаған.

        Автор отбасы бақыты баянды бола ма, әлде неке уақытша ма, соны болжауға болатынын айтады. Ол отбасылық қарым-қатынасты ғылыми тұрғыдан қарастырып, отбасын сақтап қалу немесе оны нығайта түсу кез келген адамның іс-әрекетіне байланысты екенін айтады. Кітаптың басты идеясы да – осы.

Отбасын сақтап қалғысы келген жұп ортақ дағдыларды қалыптастырумен қатар, сәтті және сәтсіз некелерді жіктей білуді, жанжалды ескертетін белгілерді [5] ажырата алуды және қарым-қатынасты жақсартатын ережелерге берік болуды үйренуі керек. Сондай-ақ, отбасында тату-тәтті қарым-қатынас пен бейбіт келісім орнатуға көмектесетін авторлық тәсілдің кейбір бөліктерін көкейге тоқығандары жөн.

 

Отбасылық өмірге қатысты ескі мифтерден құтылыңыз

        Әңгіме басында Джон Готтман өзі ұйымдастырған махаббат лабораториясы туралы сөз етеді. Онда автор көмекшісімен бірге бірнеше жыл бойы түрлі жұптарды бақылап, не нәрсенің отбасын нығайтатынын, ал не нәрсенің жақын адамдардың арасын мүлде ажырататынын зерттеген.

        Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде автор мен оның тобы үйленген соң, қай жұптың үш жылдан кейін ажырасып кететінін, ал қай жұптың ұзақ жылдар бойы бірге тұратынын болжай [6] алған. Осы болжамдарының 94 пайызы (!) дұрыс болып шыққаны таңғалдырарлық. Зерттеушілер мұндай қорытынды мен болжам айту үшін жұбайлардың қарым-қатынас жасау принциптеріне деген көзқарастарын негізге алған әрі олардың отбасы тарихын егжей-тегжейлі зерттеген.

Отбасын сақтап қалуға тырысатын жұбайларды адастыратын, олардың арасында түсініспеушілік [7] тудыратын мифтердің көп екені рас. Соған қарамастан автордың отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға арналған тәсілінің пайдасы зор. Джон Готтман бұл ескірген мифтерден біржола құтылуға кеңес береді.

Бұл мифтердің біріншісі ақшаға байланысты, яғни жағдайы жақсы жұптарға қарағанда, үнемі қаржы тапшылығын көретіндер жиі ажырасады деген түсінік бар. Бірақ табысы мардымсыз жұптардың арасында да өмір бақи бірге тұратындар бар. Әрі жұбайлар әлдеқандай қаржылық дағдарысты бастан бірге өткерсе, олардың қарым-қатынасы одан сайын нығая түседі. Дегенмен отбасында басқа да себептерге қатысты келіспеушілік бұрыннан бар болса, кез келген сыртқы фактор әсерінен, айталық жұмыссыздық кесірінен ақшасыз қалған жұбайлардың ажырасып кетуі әбден мүмкін.

Төсек қатынасындағы келіспеушіліктер [8] кез келген отбасын ойран етуі мүмкін деп ойлайтындардың көпшілігі бұл қайшылықтардың жағымсыз рөлін тым әсірелеп жіберген. Біраз уақыт бұрын психологтардың жұбайлар төсек қатынасына неғұрлым жиі барса, аралары соғұрлым жақсы болады деп есептегені рас. Бірақ қазір бұл мәселеде жұбайлардың екеуі де қалайтын және қабылдай алатын нәрсенің маңызды екені дәлелденді.

        Жұбайлардың көзқарасының сәйкес келуі [9] бақытты отбасының негізін қалайды деген тағы бір миф бар. Бір қарағанда бұл пікірдің жаны бар сияқты. Бірақ автор өз зерттеуі барысында көзқарасы мен түсінігі әртүрлі жұптарды да бақылағанын, ал бірнеше жылдан соң олардың кейбірінің қарым-қатынастарының жақсарып, отбасыларының нығая түскеніне көз жеткізгенін айтады. Демек, жұбайлардың өз араларындағы дау-жанжалды дұрыс шеше білуі маңызды. Сонда олардың кейбір мәселелерге деген көзқарастарының әртүрлі болуы аса қиындық тудырмайды.

Көріп отырғанымыздай, жұптардың арасын ажыратпай, байлап тұрған жалғыз нәрсе – отбасылық бақыт, сәйкестік пен үйлесімділік емес екен. Жалпы Джон Готтман тобының міндеті берік отбасын [10] құрайтын негізгі бөліктерді анықтау еді. Осы процесс барысында зерттеушілер отбасылық жұптарды бірнеше түрге бөлген болатын.

Бақытты отбасына тән қарым-қатынас стилі

        Автордың айтуынша, отбасының беріктігі мен қай түрге жататынын жұбайлардың араларындағы қиындықтарды қалай шешетініне қарап анықтауға болады. Жұбайлардың ынтымағы мен татулығын көрсететін басқа да өлшемдер болғанымен, араларындағы дау мен жанжалдың қалай туып, қалай өршитіні отбасының қандай екенін өте жақсы анықтап береді.

Отбасы мен некені түрлерге бөліп, жіктеу үшін зерттеушілер жұбайлар арасында жанжалдың қаншалықты жиі болып тұратынын есепке алып, олардың эмоциясы, бойларындағы физиологиялық өзгерістерге (жүрек қағысының жиілігі немесе тершеңдік) және ұрысқан кезде бір-біріне қандай дауыс ырғағымен сөйлейтініне ерекше назар аударып отырған. Осы бақылаудың нәтижесіне сүйене отырып, Джон Готтман берік отбасының үш түрін көрсетеді. Оның айтуынша, берік отбасындағы жұбайлардың қарым-қатынасының қандай екенін: а) қолдап-қуаттайтын стиль; ә) құбылмалы стиль; б) қашқақтайтын стиль көрсетеді.

  • Қолдап-қуаттайтын стиль. Бұл – идеалға ең жақын стиль. Мұны қолданған ерлі-зайыптылар ең өткір мәселенің өзін жеңіл әрі сабырлы түрде [11] талқылай алады. Олардың көпшілігі – өзгелерді тыңдай білетіндер мен басқалардың эмоциясын түсіне алатындар. Олар «Иә, әрине» және «Мен сені түсінемін» деген сөздерді жиі айтып, жұбайының өз ойын ашық білдіруіне себепкер болады. Мұндай ерлі-зайыптылар еркек пен әйелдің отбасылық рөлін дұрыс атқаруға тырысады әрі бір-бірімен жақсы дос болуға ұмтылады. Бірақ мұндай отбасылық қарым-қатынастың қауіпті жағы да бар: жұбайлар романтика мен өзіндік «менін» достық пен тыныштық үшін құрбан етсе, олардың некесі мен отбасылық өмірі жай ғана салқынқанды келісімге [12] айналуы мүмкін.
  • Құбылмалы стиль. Бұл стильді қолданатын ерлі-зайыптылар жиі жанжалдасады. Олардың қатты дауласатыны соншалықты, тіпті бір-бірінің сөзіне құлақ аспауы мүмкін. Дауға себеп болған нәрсе түкке тұрғысыз болғанымен, олардың екеуі де қалайда жеңіп шығуға ұмтылады. Осыншалық қызбалықпен және жан-тәнімен беріле ұрсысатын адамдар қалай ғана бақытты отбасы болып, бірге өмір сүре алады? Мұның жауабы қарапайым. Олар жанжалдасқанда бәрін қирата жаздайды [13] және татуласқанда да бар ынты-шынтысымен татуласады. Олар нағыз адалдық [14] пен тәуелсіздікті қатты бағалайды. Ал бұл стильдің қаупі мынада: жанжал кезінде жұбайлар сөзбен бір-бірінің жанын жаралауы немесе тіпті зорлық [15] көрсетіп, қол жұмсауы да мүмкін.
  • Қашқақтайтын стиль. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл стильді ұстанатын жұбайлар ұстамдылық пен сабырға баса көңіл бөледі. Мұндай ерлі-зайыптылар конфликттен қашқақтайды, егер тығырыққа [16] тірелетіндерін білсе, кей мәселелерді талқыламауға тырысады. Олардың одағының беріктігі сонша, ешқандай келіспеушілікке жол бермейді. Мұндай отбасыларда әлдебір қиындықты шешу үшін жұбайлардың бірі не істесе, екіншісі де соны істеуге келіседі немесе жағдайды шешпей, сол бетімен жабулы күйінде қоя салғанды жөн санайды. Мұндай стильдің қауіпті жағы мынау: жұбайлар қиындықты шешудің жолдарын іздемейді және бірін-бірі жақын тануға ұмтылмайды. Ақыр соңында олардың біреуі «жұбайым мені түсінбейді» деген ойға келуі мүмкін.

Жағымсыз нәрсенің отбасыңызды бұзуына жол бермеңіз

        Зерттеу барысында автор мен оның тобы жұбайлардың ұрыс-жанжалға қанша уақыт шығындайтынын және бір-біріне махаббатын паш етуге, яғни жұбайын құшақтап, аялауға, күлімсіреп, ілтипат білдіруге, күлкі мен достық көңілмен айтылатын әзілге қанша уақыт жұмсайтынын анықтап отырған.

Сонда белгілі болғаны, бақытты отбасыларда жағымды сәттер мен жағымсыз сәттердің арақатынасы бес және бірге тең болған. Демек, жұбайлар жағымсыз эмоцияға қарағанда жағымды эмоцияларға бес есе көп уақыт жұмсаса, отбасы берік болады.

Қажетті эмоциялық теңдікті сақтап, отбасын нығайту үшін ақылды ерлі-зайыптылар не істейді? Джон Готтман отбасылық қарым-қатынаста жағымды эмоцияларды арттыруға көмектесетін тәжірибелерге қатысты бірнеше кеңес береді.

  1. Қызығушылық танытыңыз. Жұбайыңыздың айтқанын бар ынтаңызбен тыңдаңыз. Оған сөзін мұқият тыңдап отырғаныңызды көрсетіп, қызығушылығыңызды жай ғана [17] білдіруіңізге болады.
  2. Жұмсақтық көрсетіңіз. Ұсақ-түйек нәрселердің өзінде жарыңызға деген махаббатыңызды көрсетуге тырысыңыз. Оның қолынан ұстап немесе жай ғана аялап, сезіміңізді сөзсіз білдіруге [18] ұмтылыңыз. Сонымен бірге, жарыңыз үшін әлдене жасауға, оған арнап жақсы сөз айтуға, тіпті романтикалық сыйлық жасауға болады.
  3. Жұбайыңызға қамқорлық көрсетіңіз. Бұл – отбасындағы жағымды эмоцияны арттыратын тамаша тәсіл. Жарыңызды ойыңыздан шығармаңыз, оған кішкентай ғана болса да үнемі сыйлық беріп отырыңыз, басқа мәселелерге қатысты да көңіл бөліп қойыңыз.
  4. Алғыс білдіріңіз.[19] Жұбайыңызбен арадағы қызықты сәттерді, жағымды оқиғаларды есіңізге алып отырыңыз. Сол үшін оған алғысыңызды білдіру арқылы отбасындағы жағымды қуатты арттыра аласыз. Жар таңдауда жолыңыздың болғанын, оны кездестіргеніңіз үшін қуанатыныңызды жұбайыңызға жиі айтыңыз.
  5. Қолдап-қуаттаңыз.[20] Жұбайыңыз өзінің қиындықтары туралы айтқан кезде, оған көңіл бөліп, көмектесуге тырысыңыз.
  6. Эмпатия мен жанашырлық танытыңыз. Эмпатия – махаббатты көрсетудің тиімді жолы. Жарыңызға оны түсінетініңізді және оның сезімдерін сезіне алатыныңызды көрсетіңіз. Бірақ эмпатия танытуда жасандылық болмайтынын[21] ұмытпаңыз.
  7. Сезімталдық танытыңыз. Жұбайыңыз айтқан нәрсемен келіспесеңіз де, оның сөзінің сіз үшін салмағы барын, маңызды екенін және оған құрметпен қарайтыныңызды білдіріңіз.
  8. Жиі әзілдесіңіз. Ойын мен қалжыңның,[22] әзіл-сықақ айтып, бала секілді тентектік жасаудың және уақытты бірге көңілді өткізудің жұбайлар үшін маңызы зор. Өздеріңіз ғана түсінетін, екеуара айтылатын анекдоттар мен әзілдер езуге күлкі үйіріп қана қоймайды, сонымен бірге, араларыңыздағы жақын әрі ерекше байланысты көрсетеді.
  9. Қуанышыңызды айтыңыз. Әлдебір себеппен масаттанып, қуансаңыз немесе екеуіңіз өткізген сәттерден ләззат алсаңыз, мұны жұбайыңызға қалайда айтыңыз.

        Термодинамиканың екінші заңына сәйкес жабық қуат жүйелеріндегі элементтер шашырап, жүйесіз күйге түседі. Неке мен отбасылық қарым-қатынас та тұйықталса, дәл осындай күйге түсетін болса керек. Автордың пікірінше, егер сіз қарым-қатынасыңызды нығайту үшін еш әрекетке бармасаңыз, тіпті ешқандай жаман нәрсе істемесеңіз де, отбасыңыздағы жағдай бәрібір нашарлай береді.[23] Бұған жол бермеңіз, отбасыңызда жағымды және жағымсыз эмоциялардың арақатынасын дұрыс сақтауға тырысыңыз.

Бақытсыз отбасылардың қарым-қатынас стильдері қандай?

        Автордың айтуынша, жағымды және жағымсыз эмоцияларды тепе-тең ұстай алмаған жұбайлар бір-бірімен түсінісе алмайды. Мұндай отбасылардың ішкі атмосферасы жағымсыз болады, ал жұбайлар қарым-қатынасын бақылай алмайды.[24] Олар тепе-теңдігі бұзылған, қарым-қатынасты талқандайтын отбасы түрінің қақпанына түседі. Зерттеуші топ мұндай некенің екі түрін анықтаған.

Некенің мұндай түрлеріне жататын отбасыларға ажырасу қаупі төнеді. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынастарына не нәрсенің кері әсер етіп, отбасын ойран ететінін [25] біліп алғаны жөн. Кезінде бір-біріне етене жақын болған жұбайлардың да ажырасып жататыны болады.

Шаңырағы шайқалуға жақын отбасылардың алғашқы түрін «дұшпандық ниеттегі отбасы» деп атаса болады. [26] Мұндай отбасылардағы ерлі-зайыптылар бір-бірімен жиі жанжалдасып, керісіп жатады. Бір-біріне орынсыз соқтығу, тіл тигізу, өкпе-реніш, кекесін мен мысқыл – мұның бәрі олар үшін үйреншікті жағдайға айналып кетеді. Мұндай бір-біріне дұшпан секілді қарайтын жұптардың әдеттегі әңгімесі былай болып келеді:

Күйеуі: Менің киімімді химтазалаудан алдың ба?

Әйелі (кекесінмен қайталайды): «Киімімді химтазалаудан алдың ба?» Керек болса, өзің ал. Мен сенің қызметшің емеспін!

Күйеуі: Не десем де бәрібір... Қызметші болсаң, тым болмағанда оларды өзің жуып, тазалар едің. Бірақ саған бірдеңе деуден пайда жоқ.

Сонымен бірге, отбасында тепе-теңдік сақталмаса, жұбайлар бір-біріне айқайлап,[27] басына[28] бастайды, бірақ екеуі де бір-бірінің не айтып жатқанын тыңдамайды да, түсінбейді де. Олар тіпті бір-бірінің жүзіне қарамайды. Мұндай отбасында жұбайлар физикалық жағынан да, эмоциялық жағынан да алыстап кетеді. Олардың қарым-қатынасы тек шабуыл жасау мен қорғанудан тұрады. Бір-біріне дұшпан сияқты қарайтын жұбайлардан бөлек, тағы бір отбасы түрі бар. Бұларды автор бір-біріне «дұшпандық ниеттегі селқос жұп»[29] деп атайды. Олардың әңгімесі әдетте былай өрбиді:

Әйелі: Қалай ойлайсың, біз қарым-қатынасымызды жақсартсақ, арамызды жақындата аламыз ба?

Күйеуі: Білмеймін... Мен осы әңгімені тыңдаудан шаршадым.

Әйелі: Иә, бірақ әдетте адамдар бұл туралы сөйлеседі емес пе.

Күйеуі: Бірақ бұл жай ғана ауа райы туралы әңгіме емес қой. Маған ұнамайтын нәрсені тыңдауға құлқым жоқ. Егер әңгіме мені қуантпайтын жағымсыз нәрсе туралы болса, менің тіпті сөйлескім де келмейді.

Әйелі: Не болса да, саған ұнамаса болды, ол туралы сөйлесуден қашқақтайсың.

Күйеуі: Дұрыс айтасың. Жағымсыз мәселелер туралы сөйлескім келмейді.

Әйелі (дауыс көтеріп): Солай ма?! Құрып кетсін, сен – менің жалғыз жақынымсың, ал мен қиындықтың бәрін ішіме сақтасам,[30] саған айта алмасам, онда жалғыз өзім-ақ өмір сүре бермеймін бе?!

        Джон Готтман өз зерттеуінің көп бөлігі жақсы отбасын нашар отбасыға айналдыратын, ал нашар отбасын мүлде күйрететін не нәрсе екенін анықтауға арналғанын айтады. Оның жұмыс тобы жұбайлардың әрекеті мен жағымсыз эмоцияларының нақты реттілігі [31] барын анықтады. Отбасы жаңылыс жолға[32] түсіп, сонымен жүре бастаса, жұбайлардың әрекеті мен жағымсыз эмоциялары қарқын алып, бара-бара бәрін қирататын күшке ие болады.

Отбасыңызға ақырзаманның төрт хабаршысы қауіп төндірсе,

барынша абай болыңыз

        Иә, автор қарым-қатынастың түбіне жететін төрт тәсілді [33] дәл осылай атаған. Бұл тәсілдер жұбайлардың арасын суытып, отбасының іргесін шайқалтуға себеп болады. Ақырзаманның хабаршылары отбасында жағымсыз ахуал тудырады да, жұбайлар бір-бірінің татулық орнатуға [34] деген ұмтылысына назар аудармайтын болады. Бұл төрт хабаршының әрқайсысы, яғни сын, тіл тигізу (жек көру), қорғану (ақталуға тырысу) және селқостық бір-біріне ыңғайлы жағдай туғызып, бір-бірінің әсерін күшейте түседі.

  • Сын айту (ашулану немесе әлденемен келіспейтінін айту). Жұбайыңның атына қандай да бір шағым айту аса жағымды нәрсе емес, дегенмен ол сынды дұрыс қабылдай алса, отбасы нығая түседі. Айтқан шағымыңыз елеусіз қалса, ал жұбайыңыз сізді сынап, тіл тигізсе, міне, осы кезде қиындық туындайды. Орынсыз сын дегеніміз – адамның жеке басына тиісіп, айып тағу.[35] Ал шағым дегеніміз – бар болғаны өзіңіз өзгерткіңіз келген нәрсе туралы жағымсыз пікір айту. Орынды сынның зияны жоқ, бірақ ескерту айтқанда абай болу керек. Сын отбасының іргесін шайқамасын.
  • Тіл тигізу.[36] Тіл тигізудің сыннан айырмашылығы – адам жұбайының жанын ауыртып, психологиялық соққы беру үшін әдейі ауыр сөздер айтады. Жеккөрініш жаман сөздер мен әдепсіз іс-әрекетке ұласып, жарыңыздың жүрегін жаралауы бек мүмкін. Жұбайыңыз туралы үнемі жағымсыз нәрсені ойлау оған тіл тигізуге түрткі болып жатады. Адамды сыйламайтыныңды ашық білдіру, ол туралы жаман нәрселер айту, мысқылдап, кекету, күлкіге айналдыру,[37] көзіңді аларту, жеккөретініңізді көрсету сияқты іс-әрекеттер оны қорлап, намысына тиеді.
  • Қорғану. Ақталуға тырысу конфликтті шешуге көмектеспейді, қайта күшейте түседі.[38] Егер үнемі ақталып, қорғана берсеңіз, отбасылық қиындықтар қордалана береді. Еш кінәсіз құрбан [39] болып көріну жұбайыңызды шаршатып, ренжітуі мүмкін. Әдетте адам өзіне айтылатын орынсыз айыптауға қарсы қорғану позициясын ұстанады. Бірақ кейде орынды сын мен шағым айтылған кезде де, осылай әрекет ететіндер бар.
  • Селқостық. Жұбайлар кейде өз араларына көзге көрінбейтін тас қабырға тұрғызып алады. Мұндай қабырғаны тұрғызған кісі жұбайына деген немқұрайлылығын көрсетеді. Ол жарының сөзін тыңдағанымен, мән бермеуі, оның қарым-қатынасты қалыпқа келтірмек болған ұмтылысына бейжай қарауы мүмкін. Бұл төртінші хабаршы жұбайлардың отбасылық өмірі соңына тақады дегенді білдірмейді. Бірақ жұбайлардың арасы тым алыстап, қарым-қатынасы бұзылса, отбасындағы ахуал нашарлай береді. Ұдайы болатын жанжал мен жағымсыз эмоциялардан шаршаған ерлі-зайыпты ақыр соңында ажырасып кетуі мүмкін.

        Бақытсыздық әкелетін осы төрт хабаршының әсерінен  отбасыңызды қорғауға тырысыңыз. Бұлар алауыздық пен келеңсіздіктің үзілмейтін циклін [40] қалыптастыратынын естен шығармаңыз.

Отбасыңызды нығайтатын

төрт ережені қолданыңыз

        Джон Готтман отбасындағы жағдай қаншалықты нашар болса да, келеңсіздіктерден құтылып, қарым-қатынасты қалыпқа келтірудің табиғи механизмдерін [41] іске қосуға болатынына сенімді. Мұндай механизмдер барлық адамның бойынан табылады.

Мұны отбасы мен некені жақсартудың төрт ережесін (кілтін) қолдану арқылы іске асыруға болады. Бұл ережелер отбасындағы күрделі жағдайларды шешуге және өмірімізді реттеуге, осылайша, өзімізді әлдеқайда жайлы сезінуімізге көмектеседі. Жұбайыңызға айтқаныңызды жеткізу үшін әрі араларыңыздағы қайшылықтарды талқылап, өзара түсінісу үшін қажет кезінде осы төрт ережені пайдаланыңыз.

1-ереже: сабырмен әрекет етіңіз

Алғашқы қадамыңыз – сабырмен әрекет етіп үйрену. Сабыр сақтай білу дұрыс шешім қабылдауға, конфликтті болдырмауға көмектеседі және ойланбай іс істеу мен аңдамай сөйлеуден сақтайды.

Ашуға ерік бергенде тіліңізге ие бола алмай қоятыныңызды білгендіктен, сабырға келу үшін үзіліс жасау [42] қажет. Әрине, бұл отбасындағы келеңсіздіктің бәрін шешпейді, бірақ жұбайлардың қарым-қатынасын жақсартудың келесі маңызды ережелерін сақтауды жеңілдете түседі.

   2-ереже: өзіңізді қорғамай сөйлеп үйреніңіз

Басында бұлай істеу қиын болатыны анық, өйткені әңгіме барысында өзіңді қорғамай сөйлеу [43] әдетін еш жерде үйретпейді. Бірақ бұл әдетті қалыптастырған жұбайлар қарым-қатынасын тез арада жақсарта алады.

Егер әлденеге дауласқан кезде үнемі өзіңізді қорғап сөйлесеңіз, онда Ақырзаманның төрт хабаршысы отбасыңызға дендеп еніп алған болуы да мүмкін. Қарым-қатынастағы келеңсіздік жағымды және жағымсыз эмоциялардың теңдігін бұзатындықтан, жұбайыңызбен араңызда кикілжің туа береді. Мұны түзету үшін жұбайыңызға қатысты жағымды ойлау салты [44] тактикасын қолданыңыз. Оны жиі мақтап, ісіне тәнті болғаныңызды [45] айтып отырыңыз.

  3-ереже: жұбайыңызды қолдап-қуаттаңыз

Қолдап-қуаттау дегеніміз – өзіңізді жұбайыңыздың орнына қойып көріп,[46] оның эмоциялық күйін түсіну. Жұбайыңызға оның не сезінгенін білетініңізді және ойымен келіспесеңіз де, оны қолдайтыныңызды айтыңыз.

Қолдау – өте тиімді тәсіл. Қолдау көрсету дегеніміз жұбайыңыз келгенде есік ашып, қуана қарсы алғанмен бірдей. Мұндай қарым-қатынасты көрген соң, ол өзін әлдеқайда сенімді сезінеді де, сіздің пікіріңізді тыңдауға құлықты болады.

     4-ереже: қайта-қайта тырысып көріңіз 

Айтылған ережелердің көмегімен отбасылық қарым-қатынасты нығайту техникасының пайдасына бірден көз жеткізе алмауыңыз мүмкін. Әсіресе, отбасыңызда жанжал жиі болып тұрса, оның жақсы әсері бірден көзге көрінбейді. Үнемі сабыр сақтау, өзіңді қорғамай сөйлеу, жұбайыңызды қолдап- қуаттау – мұның бәрін істеу оңай емес. Дегенмен шаршасаңыз да, бұл ережелер сізге ұнамаса да, жалғастыра беру керек.

Уақыт өте келе бұл тәсіл конфликтті басқару дағдысын [47] қалыптастыруға көмектеседі. Осылайша, сіздер  ұрыс-керіс пен жанжал, бір-біріңізді айыптау, қорқыту секілді әрекеттерден тыйыла бастайсыздар. Ал бұл өз кезегінде бір-біріңізбен дұрыс сөйлесуге, қарым-қатынастарыңызды жақсартуға және отбасының іргесін нығайтуға көмектеседі.

 

Болашаққа бақытты болам деген үмітпен қараңыз

        «Отбасының бақытты немесе бақытсыз болуы неге байланысты?» кітабы нақты ғылыми негізге[48] сүйеніп жазылған. Ал ондағы дәйектердің дәлелі ретінде мыңдаған ерлі-зайыптының тәжірибесін келтіруге болады.

Джон Готтман мен оның тобы аса ауқымды зерттеу жұмысын [49] атқарды, соның арқасында бақытты және бақытсыз отбасыларды көрсететін мінез-құлықтың ортақ заңдылықтары [50] мен бірлесе әрекет етудің механизмдерін анықтады.

Отбасылық өміріңізді жақсарту үшін сіз ең алдымен, неке мен отбасына қатысты ескірген стереотиптер мен мифтерден құтылуыңыз керек. Себебі олар жұбайлардың өзара түсінісуіне кедергі келтіреді.

Автор бақытты отбасы мен сәтті құрылған некенің негізгі үш түрін бөліп көрсетеді. Сіздің міндетіңіз – олардың қайсысы өзіңізге жақын екенін анықтап, жұбайыңыз екеуіңіздің араңызды жалғап тұрған байланысты нығайту.

Кітаптың негізгі идеясы [51] жұбайлардың қарым-қатынасындағы жағымды және жағымсыз байланыстың тепе-теңдігін есептей білу. Бұл тепе-теңдік отбасы бақытының баянды болуына себеп болады. Жағымды және жағымсыз эмоциялардың арақатынасы бес пен бірге тең болса, бұл тепе-теңдік сақталады. Өз отбасыңыздағы жағдайды бағалаңыз да, қажет болса, кітаптағы кеңестерге сүйене отырып, қарым-қатынасыңыздағы жағымды және жағымсыз нәрселердің арақатынасын реттеңіз.

Джон Готтман отбасыңызға қауіп төндіруі мүмкін қарым-қатынастың жағымсыз стилінің екі түрін де суреттейді. Олар Ақырзаманның төрт хабаршысымен, яғни отбасыңызда қиындықтар бар екенін көрсететін белгілермен тығыз байланысты.

   Мұнан соң автор оқырманға отбасындағы жағымсыз жағдайлармен күресуге көмектесетін және жұбайлардың қарым-қатынасын қалыпқа келтіріп, олардың өзара түсінісуіне жол ашатын әмбебап төрт ереже туралы баяндайды.

        Бұл ережелерді сақтасаңыз, жұбайыңызбен араңыздағы түсініспеушіліктердің отбасыңызды ойран етуіне [52] жол бермейсіз. Осылайша, отбасыңыздың өткеніне мақтанышпен қарай аласыз. Жұбайыңызбен бірге отбасының бақыты үшін күрескен күндеріңізді естен шығармай, болашаққа тек үмітпен қарайтын боласыз!

 

[1] қиын кезең – frightening time– страшное время

[2] жұп – couple – пара

[3] қапаландырарлық – distressing – удручающий

[4] әлсіз – fragile – хрупкий

[5] ескертетін белгілер – warning signs – предупреждающие знаки

[6] болжау – foretell – предсказать

[7] түсініспеушілік – misunderstanding – недопонимание

[8] төсек қатынасындағы келіспеушіліктер – sexual disagreements – сексуальные разногласия

[9] сәйкес келу – compatibility – совместимость

[10] берік отбасы – sound marriage – крепкий брак

[11] жеңіл әрі сабырлы – ease and calm – легкость и спокойствие

[12] салқынқанды келісім – passionless arrangement – бесстрастная договоренность

[13] жанжалдасқанда бәрін қирата жаздау – fight on a grand scale – скандалить с размахом

[14] нағыз адалдық – full honesty – полная честность

[15] зорлық – violence – насилие

[16] тығырық (тұйық) – deadlock – тупик

[17] жай ғана – subtly – ненавязчиво

[18] сезімді сөзсіз білдіру – quiet acts of tenderness – проявление нежности без слов

[19] алғыс білдіру – be appreciative – будьте благодарны

[20] қолдап-қуаттау – be supportive – оказывать поддержку

[21] эмпатия танытуда жасандылық болмайды – empathy can’t be faked – эмпатию невозможно подделать

[22] ойын мен қалжың – playful teasing – игривое поддразнивание

[23] нашарлау – get worse – ухудшаться

[24] бақылай алмау – spin out of control – выходить из-под контроля

[25] отбасын ойран ету – corrode your marriage – разрушать ваш брак

[26] дұшпандық ниеттегі отбасы – hostile-engaged type – враждебно настроенный тип

[27] айқайлау – yell – кричать

[28] басыну – abuse – оскорблять

[29] дұшпандық ниеттегі селқос жұп – hostile-detached – враждебно отстраненный

[30] қиындықтың бәрін іште сақтау – keep all my problems to myself – держать все свои проблемы в себе

[31] нақты реттілік – specific sequence – конкретная последовательность

[32] жаңылыс жол – wrong track – неверный путь

[33] қарым-қатынастың түбіне жететін тәсіл – disastrous ways of interacting – катастрофические способы общения

[34] татулық орнату – peacemaking – миротворчество

[35] айып тағу – blaming – обвинять

[36] тіл тигізу – contempt – оскорбление

[37] күлкіге айналдыру – mockery – насмешка

[38] конфликтті күшейту – escalate a conflict – усиливать конфликт

[39] кінәсіз құрбан – innocent victim – невинная жертва

[40] алауыздық пен келеңсіздік циклі – cycle of discord and negativity – цикл разногласий и негатива

[41] табиғи механизмдер – natural mechanisms – естественные механизмы

[42] сабырға келу үшін үзіліс жасау – calming break – пауза, чтобы успокоиться

[43] әңгіме барысында өзіңді қорғамай сөйлеу – listening and speaking without being defensive – слушать и говорить, не защищаясь

[44] жағымды ойлау салты – positive mindset – позитивное мышление

[45] тәнті болу – admire – восхищаться

[46] өзіңізді жұбайыңыздың орнына қою – putting yourself in your partner’s shoes – поставить себя на место своего партнера

[47] конфликтті басқару дағдысы – conflict-management skills – навыки управления конфликтами

[48] нақты ғылыми негіз – sound scientific foundation – прочная научная основа

[49] ауқымды жұмыс – tremendous job – огромная работа

[50] мінез-құлықтың ортақ заңдылықтары – behavioral patterns – общие модели поведения

[51] негізгі идея – cornerstone – краеугольный камень

[52] отбасын ойран ету – marital breakdown – распад семьи

 

 Кітаптың ағылшын тіліндегі атауы: 

WHY MARRIAGES SUCCEED OR FAIL

And how you can make yours last

John Gottman

 

Автор туралы дерек: 

 

   Джон Готтман – неке мен отбасы мәселелерін зерттеп жүрген танымал сарапшы, психология докторы және бірнеше бестселлердің авторы. Бірнеше жыл бұрын ол отбасылық қарым-қатынасты зерттейтін әлемдегі беделді 10 маманның қатарына еніп, ерлі-зайыптыларға ең қиын мәселелерде көмектесе алатын адам атанған болатын.

 

 

"Мазмұндама" жобасының авторы және рухани жетекшісі -

Шыңғыс МҰҚАН.

"Мазмұндама" жобасы шығарған кітаптарды Kaspi gold мобильдік қосымшасы арқылы сатып алуға болады: 

 

"Мазмұндама" кітаптары енді Kaspi.kz дүкенінде қолжетімді!

Ол үшін сілтемені басыңыз: 

https://kaspi.kz/shop/search/?q=%3AallMerchants%3AMazmyndama&at=2

Қазақстанның кез-келген жерінен тапсырыс беруге болады!

Кітаптарды бөліп те төлей аласыз!

Егерде 5 000 теңгеге тапсырыс берсеңіз, кітапты жеткізу тегін!

#Mazmundama #Qazaqsha100Bestseller #Оқуғатиіс10кітап

Пікірлер