Бүгін — Исраил Сапарбайдың мерейтойы

1744

Бүгін — қазақ ақыны, драматург, аудармашы, сазгер. "Платинды Тарлан" тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Парасат орденінің иегері Исраил Сапарбайдың туған күні. Тұлға 80 жасқа толды.

Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстан Самарқанд облысы Кушрабад ауданында дүниеге келген.

Шымкент педогогикалық институтының филология факултетін бітірген соң бірнеше жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген.

1973—1975 жылдары Алматы Жоғары партия мектебін бітірді.

1976—1983 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарыл, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан.

1984 — 1985 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі

1985 — 1992 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары

1997 — 1998 жылдары Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша Департаментінің I хатшысы

1998 — 1999 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы « Көктем тынысы» ұжымдық жинағын-да жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сығай серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.

Ақынның халыққа танымал шығармалары:

Қазақ қызы

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
«Қыз өссе елдің көркі» деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.

Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,
Арулар аз болды ма атқа қонған.
Көңілде қалған сыз бар өткен күннен
Өмірде қалған із бар «Ақтабаннан»

Жасырмай айтар болсам жан сырымды,
Тағдырым қарауылға қанша ілінді.
Ерліктің қос қанаты деп білемін,
Аяулы Әлиям мен Мәншүгімді.

Пір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тәмам жұртты.
Қыздардың қылығымен өмір қызық,
Қыздардың ғұмырымен арман құтты.

Сүймеген сені азамат – азамат па,
Көңілің тәрізді аппақ таза мақта.
Бәрін айт, бірін айт та – (ы)лайықсың,
Қазақтың қызы деген ғажап атқа.

***

Ғашық болу...

Ғашық болу...
Емес ол тасып-толу.
Қамкөңілдің дауасы—қасықтағы у.
«Көлеңкемді көмген жан өлмесін...» деп
Көз ұшынан көш ұзап қашық қону.

Ғашық болу...
Емес ол өліп-талу,
Өксу,
жану,
өртену,
сөніп қалу...
Маң далада Мәжнүннің шерін шертіп,
Не салса да тағдырың, көніп бағу.

Ғашық болу...
Емес ол талып қалу,
Жаратқанның жарлығы—жанып, тоңу.
Әр күніңнің қабағын көзбен бағып,
Тағдырыңның азабын анық тану.

Ғашық болу...
Емес ол талып түсу,
Жанған отты жалаңаш барып құшу.
Қосағыңмен қоштасар күн туғанда
Қос жанардан қос жұлдыз ағып түсу...

***

Енді маған бүршіктеу жоқ, бүрлеу жоқ

Енді маған бүршіктеу жоқ, бүрлеу жоқ,
Жанған шоқты жан-жағымнан үрлеу көп.
Әлем-жәлем Мәйшатхана тәрізді
Тастөбеме жұлдыздарын ілген көк.

Қалғып тұрған, мүлгіп тұрған Ай да анау
Қарап тұрсам, қара меңді Ләйлам-ау...
Қара меңге көз қандырар күн бар ма?
Әй, қайдам-ау,
Әй, қайдам-ау,
Қайдам-ау...

Қара меңге көз қандырар едім мен,
Бейіш бағы бермен түссе көгімнен.
Қара жерде қаңғып жүрген Қарғашым
Ләйлім жәйлі, қайғым жәйлі не білген?..

Арым менің арылар ма күнәдан?
Талқармауда тапсам етті бір амал?
...Қайғым менің Қарақаншық сияқты
Қара түнді қан қақсатып жылаған...

Бұдан өзге, Аққу арман. А., «Жалын», 1976; Раушан ғұмыр», А., «Жалын», 1978; Бозқараған. А., «Жалын», 1980; Қызыл-жасыл дүние. А., «Жалын», 1984; Жүрегіме ұя салған қарлығаш. Өлеңдер. А., «Жалын», 1986; Қызыл жел. Өлеңдер. А., «Жалын», 1998; Ғашықтың тілі. Өлеңдер, А.; Бармақтай бақ. Өлеңдер. А., «Рауан»; Махаббат пен Ғадауат. Өлеңдер. А., «Атамұра»; Тар төсекте төсіңді. А., «Дала» сынды туындылары, оқырман жүрегінен ойып тұрып орын алғаны хақ.

"Адырна" ұлттық порталы

©wikipedia.org

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар